Түлік өргізіп, дән баптаған
Ауылшаруашылық қызметкерлері күнін ата кәсіпті қол етіп, алтын астық өсірген арқалықтықтар да лайықты атап өтті. "Жас – Ұлан" жасөспірімдер орталығының мәжіліс залында өткен салтанатты жиында мереке иелерін қала әкімі Амантай Балғарин құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Соңғы жылдары еліміз ауылшаруашылық саласына зор сенім артып келеді. Жыл сайын осы салаға бөлінетін инвестициялардың көлемі де ұлғая түсуде.
– Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев аграрлық саланың әлем нарығына көтерілгенін, сондықтан ауыл шаруашылығының дамуына көңіл бөлу қажеттігін ұдайы айтып отырады. Осы мақсаттарға жету үшін аянбай еңбек етіп келеміз.Өңір дихандары биыл да бітік егін өсірді. 273 278 гектар егіс алқабынан 258 600 тонна өнім алынды, – деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Әбішев жыл қорытындысын саралаған баяндамасында.
Мерейлі шақта ерен еңбекті дәріптейтін марапаттаулар да аз болмады. Ауылшаруашылық саласында ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарған еңбек ардагерлері Балтабай Құрманбаев пен Елтай Әміровке "Қостанай обылысына 80 жыл", "Құрметті ардагер" медальдары тапсырылды.
Облыс әкімінің грамотасына қалалық жер бөлімінің басшысы А. Стюф, ауылшаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Н. Ахметжанов, статистика бөлімінің жетекші маманы Г. Құлмағанбетова, ветеринарлық бөлімнің сектор меңгерушісі Қ. Бейсенов, Аңғар ауылынан "Ел-жұрт" ЖШС директоры Ш. Ибраев, "Олжас" шаруа қожалығының басшысы Ж. Айтбаев, Көктау ауылынан "Тұлпар" жеке шаруа қожалығының басшысы С. Сүлейменов, Целинный ауылынан "Елена" серіктестігінің басшысы Н. Литвяк, Родина ауылынан "Аскет" жеке шаруа қожалығының басшысы С. Рябколар қол жеткізді.
Қала әкімінің грамотасымен де бір топ еңбек озаттары марапатталып, ауылшаруашылық саласының ардагерлері Хамит Досжанов, Жүсіп Өткелбаев, Қабылбек Қанапин, Степан Гачкайлоларға ақшалай сыйлықтар берілді.
Төскейден түлік өргізіп, дән баптаған еңбек майталмандарына арнап, қалалық мәдениет сарайы мерекелік концертін ұсынды.
МұратЖүнісұлы,
Арқалық қаласы.