ҚР Туы Антарктиданың ең биік нүктесіне тігіледі

Тәуелсіздік күнінде Қазақстан туы Оңтүстік полюстегі Винсон шыңында желбірейді.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Қазақ географиялық қоғамы» ҚБ төралқасының төрағасы Төлеген Тастанбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. антактида
«Қазақ географиялық қоғамы» ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап Оңтүстік полюске екінші қазақстандық экспедицияны ұйымдастырады. Желтоқсанның басында өтетін бұл экспедициясының құрамына жас ғалымдар мен спортшылар кіріп отыр», – деді ол. Ал Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік полюсі» ғылыми-зерттеу экспедициясының топ жетекшісі Мағжан Сағымбаев экспедицияның қашан басталатындығын айтып берді.
«Басталуы 1 желтоқсанда – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні өтеді. Ал 16 желтоқсанда, яғни, еліміздің Тәуелсіздік күнінде Антарктиданың ең жоғары нүктесі Винсон шыңына Қазақстанның мемлекеттік туы  тігіледі», – деді Сағымбаев. Оның атап өтуінше, Винсон шыңы Оңтүстік полюстен 1200 шақырым жерде орналасқан және «7 summits»  бағдарламасына кіреді. Экспедиция қатысушылары Оңтүстік полюске дейін 200 шақырым жерді шаңғымен жүріп өтетін болады.
Айта кетерлігі, экспедиция құрамына альпинистер Ілияс Ғалымбеков пен Юрий Юшин, ғалымдар Әлия Ерназарова, Арман Баймұхамбедов және Дәулет Шәріпов кіріп отыр. Ғалымдар Оңтүстік полюсте экология, биология және адам физиологиясы салаларында зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓