Аналар мейрамы айшықталды
Бүгін көктемнің айшықты мерекелерінің бірі – Халықаралық әйелдер күні Арқалық қаласында жоғары деңгейде аталып өтті.

Осыған орай қала әкімдігінде қала әкімі Әмірхан Асановтың төрағалығымен сан түрлі кәсіп көздеріндегі нәзік жандармен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға қаладағы түрлі кәсіпорындар мен мекемелерде көп жыл еңбек етіп келе жатқан әйелдер қауымының белсенді өкілдері қатысты. Оларға мерекелік дастархан жайылып, құрмет көрсетілді. Қала әкімі жылы лебізін білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Егемен елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Отбасы институтын, көп балалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басымдығы»,- деп атап өткен болатын. Сіздер біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналдыңыздар. Әр отбасының береке-бірлігін қалыптастырып, халқымыздың дәстүрі мен салтын, оның мәдениеті мен тарихын, тілін қадірлеуді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіріп, елеулі еңбектеріңізге алғыс айтамын», – деді қала басшысы.







Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор