Мүгедек әйелді өрттен құтқарды
Рудный қаласының учаскелік инспекторы Айдос Құлымбетов жергілікті тұрғын Татьяна Боярскаяны пәтеріндегі өрттен құтқарып қалды, деп хабарлайды Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметі. Оқиға 13 қараша күні кешке болған. Рудный қалалық ІІБ Жедел басқару орталығының пультіне Марите көшесіндегі көпқабатты үйде шыққан өрт туралы хабарлама келіп түсті. Өрт шыққан үйге бірінші болып учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Айдос Құлымбетов келді.
«Түтін шыққан пәтер есігі жабық болған. Төтенше жағдайда біздің қызметкер есікті бұзу туралы шешім қабылдаған», – деді ІІД баспасөз хатшысы Елена Кашарина. Түтін басқан пәтерге кіріп, бөлмелерді аралап, ешкімді таппаған учаскелік инспектор пәтер иесін жуынатын бөлмеден тапқан. Ес-түссіз жатқан әйелді сыртқа шығарып, өзі ас үйдегі газды өшіру үшін пәтерге қайта кірген. Өрт плитаға қойылған кәстрөлден туындаған. Кейін пәтер иесі, екінші топтағы мүгедек Татьяна Боярскаяның ас дайындап жүріп ванна бөлмесіне кіргені және оқыстан құлап қалғаны анықталды. Ол айқайлап көмекке шақырғанымен, көршілердің ешқайсысы естімеген. Осылайша екі сағат өтіп, плитадағы ас отқа оранған.
ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, учаскелік инспектор Айдос Құлымбетов небәрі бір жарым жыл бұрын полицияға жұмысқа тұрған. Ол құтқарған әйел полиция басшылығына келіп, алғысын білдіріп, Айдос батырды марапаттау туралы хат жазды.