Ахаңның өсиетін қалай түсініп жүрміз?

Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы, алдымен, қазаққа қызмет етудің хас үлгісін көрсетті. Ұлт алдындағы жауапкершілік жүгін көтерудің үлгісін үйретіп кетті. Бірақ сол үлгіні, сол үйретуді қалай түсініп келеміз? Ахаңның қара басын ұлықтаудың жөн-жобасы бүгінгі заман талабына сай ма?
Біз Ахаңды ардақтап ескерткіштер тұрғыздық, мұражайлар аштық. Өзі, ата-бабасы тұрған үйлерді жөндеп, оның есімін көшелерге, мектептерге, ауылдарға бердік. Жазған еңбектерін том-том кітап қып шығарып жатырмыз. Бәрі дұрыс-ақ. Бірақ бұл, шынтуайтына келгенде, әбден қалыптасқан дәстүрлі тірлік. Қазіргі замандастарымыз мұндай игі істерге селт етпейді. Өйткені, ол солай болуы тиіс деген таптаурын түсінік.
Егер Ахаң қайта тіріліп келіп, біздің бүгінгі таңдағы өзі туралы істеліп жатқан іс-шараларға бас изегенімен, көңілі толмас еді. Ахаң: «Маған ескерткіш қойдыңдар, мұражай аштыңдар, көше атын бердіңдер, рахмет, болды, енді жеткілікті. Мені ұлықтаудың бастысы бұлар емес. Біле-білсеңіздер, мен үшін туған халқымның қамынан қымбат ешнәрсе жоқ. Мен үшін туған халықтың халі, мұң-мұқтажы қай заманда да бірінші тұрды және тұра да бермек. Ендеше ел-жұрттың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауды жан-жақты қарастырыңдар: тұрғын үй, жол, ауыз су, мал жайылымы және басқалары. Тіпті ауылдан тысқары мен тұрған үйден гөрі, соған бөлінетін қаржыға ел ортасындағы мұқтаж отбасыларына баспанаға көмектессе, қандай сауап болар еді! Немесе ауылымның оқуға құштар, бірақ жағдайы жоқ талантты балаларға ЖОО гранты, шәкіртақы етіп берсеңдер, нұр үстіне нұр емес пе?! Себебі, бар арманым қазақ балаларының білімді, өнегелі болуы еді. Абай "Адам баласының мақтаннан аман болуы – қиын іс" деген. Мені мақтамаңдар, мақтанбаңдар да. Құр мақтанның салдары көрдіңдер. Керісінше, еңбектерімді түсініп оқығандарың лазым. Өлеңдерімді лирика ғана емес, ұлтты тәрбиелейтін, оятатын, ой салатын етіп жазуға ұмтылдым. Бірақ одан да сол оқығандарыңды тоқып алсаңдар – ең ғанибеті сол! » – дер еді-ау!
Ел деңгейінде "Ахаңның 150 жылдығы" деуі мұң екен, менің әріптестерім жапа-тармағай дүркіреп, Ахаң жұртына шапқылай жөнелді. Жерден жеті қоян тапқандай, «масқара» жағдайларды көріп, айды аспанға шығаруда. Әлемжеліде, Ахаңша айтсақ, «маңызы жоқ, желдей гулеп, құлаққа дыбысы тиіп, өте шығатын жеңіл сөздерді» қыздырып жатыр. Апыр-ау, әріптестер, айқай-аттаннан бұрын сабыр сақтап, алдымен ойланып алып барып, жөні-қисынымен айтсақ қайтеді? Нақты нәтижесі болатын, ол нәтиже қарапайым адамдардың игілігіне айналатын тың ұсыныстар, жобалар қайда? Белгілі ізді шиырлай бермей, заманауи жаңа жол неге салмасқа? Оның үстіне, отыз жылға дейін, отыз жыл бойы мәселелердің қордаланып жатқанын көріп біле отырып, дер кезінде шешілуіне неге күш салмағанбыз? Ат аяғы жеткен жерге дейін сол кезде неге бармағанбыз? Енді соның бәрін Ахаңның той жылына артып, үйіп-төгіп отырмыз. Меніңше, бір өңірдің шешілмеген бар шаруасын мерейлі мерекесінен іздемей, іске асыруға болатын нақты іс-шараларды қолға алған жөн емес пе? «Адамдық диханшысының» өсиеттерін түсініп, бойымызға сіңіріп алайық та…
 
Жанұзақ Аязбеков,
"Қостанай таңы" газетінің бас редакторы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓