Қайран, шәкіртақы!..
Қостанайда оқу жылы басталғалы бері шәкіртақы алмаған студенттер бар екен. Сенесіз бе? М.Дулатов атындағы Қостанай техникалық-экономикалық колледжі (ҚИнЭУ) грантта оқитын студенттерін құрғақ уәдемен екі ай бойы сабылтып жүрген көрінеді. Бұл жайтты әлдебір студентпен (атын айтпауды өтінді) кездейсоқ әңгімелесу барысында байқап қалдық. "Банкоматтан ұялатын болдық" деп әзілдеп бастады ол өз сөзін…
Егер зейін салсаңыз, бұл дегеніңіз – ашқұрсақ студенттер үшін мәселенің "көкесі". Олардың бәрінің бірдей ауқатты аға-апасы қасында жүрген жоқ. Шалғай ауылдардан, тіпті өзге облыстардан келгендер бар. Отбасылық тұрмысының төмендігі, басқа да әлеуметтік жағдайы есепке алынғандықтан тегін оқу мүмкіндігін иеленгендер қаншама! Бірі –жатақханада, бірі – пәтер бөлмелерін жалдайды. Пәтерақы, тамақ, киім, жолақы…
"Шәкіртақы бір студенттің кем-кетігін жамауға жарайды, негізі. Бірақ… Көріп, естіп жүрміз ғой – әлдебіреуі уақытылы ақша төлемендіктен пәтерден қуылған, енді бірі жолақының тақыл-тұқылдығына байланысты сабағын жиі қалдырады. Мен де оқу орнына қоғамдық көлікпен қатынауды ұмыта бастадым… Қыс та қыр астында тұр. Құрығанда жаздық аяқ киімімді "демалысқа шығарсам" деп едім, – деп мұңын шақты "бейтаныс" танысым.
Түсінуге болады, студенттердің бәрінің жағдайы бірдей емес. Айлығын шайлыққа әрең жеткізіп отырған ата-ана байғұсқа бата алмайтындар бар ғой. Масыл да болғың келмейді. Сабақты алаңсыз ысырып қойып, қара жұмысқа жегіліп жүрген достары жетеді екен "бейтанысымыздың". Өзі де жиі қапшық арқалап, арба сүйреп тұратынын жасырмайды. Бірақ оқу үлгерімін нашарлатып алмауды артық санайды. Одан бұрын пышақтың қырындай ғана бозбала денсаулығын ойлайды…
– Сонда,- деймін, – шәкіртақының мұншама кешіктірілуінің мәнісін түсіндірмей ме?
– Естіп келе жатқанымыз: "екі-үш күн күтіңіздер". Осы уақытқа дейін қаншама "екі-үш күн" өтті десеңші… – деп тағы қалжыңдап алды.
Бүгін жұмысқа келісімен әлгі колледждің нөмірін тауып алып, жағдайдың мәнісін білуді жөн санадық. Алғашқы қоңырауымызға қабылдау бөлімі тіл қатты. "Шаруамызды" тәптіштей жөнеліп едік… тұтқаның арғы жағындағы әдемі дауыс сөзімізді шорт бөліп, бас есепшінің нөмірін ежеледі. Бас есепшіге "ызбандап" өзімізді таныстырғанымызда, өздеріне аян әлдебір келісім-шарттар енді аяқталып, студенттерді ертеңнен-ақ шәкіртақымен жарылқай бастайтынын жеткізді. Оның өзінде, барлығына бірдей емес, әр мамандыққа кезек-кезегімен беріле бастамақ. Колледжде қанша мамандық бар екен өзі? Шәкіртақы беру қанша күнге созылғалы тұр? Бұған студент байғұстардан басқа алаңдап отырған біреу бар ма екен? Осы сұрақтарды алдымызға салып, қабылдау бөліміне тағы қоңырау шалдық. Мақсат – колледж директоры Серікбай Қадіров мырзаның өзінің даусын есту. Хатшы 10 минуттан соң қайта қоңырау шалуымызды өтінді. Жарайды. Өтінішін жерде қалдырмадық… Уәделі уақыт өтісімен қолымыздағы нөмірді қайта тердік… Қап, әттең, сол екі ортада шаруалары туындап, кабинетінен шығып кете қойыпты. Қайтейік енді?..
…Жә, сәл күтіңдер, студенттер! Көрінген таудың алыстығы жоқ…
Осылайша, бұданда гөрі батыл, ашық, жалтақтамай жазу керек, айту керек! Сонда ғана әділеттік орнығады. Қай қоғамда да қозғаушы күш жастар болған. Осы сайт алаңы өткір пікірталас ,көзқарас,алуан мәселенің көрігі болса ғой!