Қос қабатты киіз үй
Ақтөбелік жас құрылысшы ҚР әділет министрлігінен екі қабатты киіз үйге патент алды, деп жазады "Алау" «Рика ТВ»-ға сілтеме жасап.
Аманбек Сыдықов бұл ұлттық нақыштағы айрықша тұрғын үй нобайын осыдан екі жыл бұрын сызып бітірген еді. Ол ақ үйдің пішіні мен жобасына үш жылын жұмсады. Дизайнға сай, төменгі қабатта жеті бөлме орналастырылады. Жоғарғысында – қонақжай бөлмелер. Жоба бойынша, жарық арнайы қондырылған күн батареясынан бөлініп, үйге шаңырақ арқылы кіреді.
Осы патентке ие болуы үшін ол бір жылдан астам уақытын шығын етті. Сонша уақыт бойы киіз үй Әділет министрлігінің сараптамасынан өтті. Мінекей, нәтижесінде автор бұдан былай шығармашылық жобасын кедергісіз іске асыруына еркіндік алды, жемісін көрмек. Ия, таяу келешекте елдің барлық облысында заманауи ақ үйлер "тігіліп" жатса, таңдануға болмайды.