Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы ашылды
Бүгін Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының базасында Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы ашылды. Дәл осындай кафедра республика бойынша отызға жуық жоғары оқу орнында бар. Алғашқы кафедра 2013 жылы Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінде құрылған болатын.
Салтанатты іс-шараға Еуразия ұлттық университетінің ҚХА кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков, «Қоғамдық келісім» РММ ғылыми-сарапшылық және әдістемелік қамсыздандыру қызметінің жетекшісі Нұрбек Шаяхметов арнайы келіп қатысты. Кафедраның ашылу рәсімінде астаналық меймандармен қатар Қостанай облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мәжит Шүленов құттықтау сөзін сөледі.
Кафедраның ашылуында шашу шашылып, жібек бау кесілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚМПИ арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойылды. Салтанатты рәсім «ҚХА-ның елдің қоғамдық-саяси процестеріндегі ғылыми-білім беру және тәрбиелік ролі» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» мәжілісіне жалғасты.
Анатолий БАШМАКОВ, Еуразия ұлттық университетінің ҚХА кафедрасының меңгерушісі:
– Әр адамға таңдаусыз берілетін үш құндылық бар. Олар: ана, Отан және туған жер. Бұл қасиетті ұғымдардың қадір-қасиетін түсіну бала кезден басталады. Біз орыс, қазақ, неміс, татар деп бөлінбейміз. Әрқайсымыздың ұлтымыз әртүрлі болса да, кіндік қанымыз тамған жер біреу. Ол – ортақ Отанымыз Қазақстан.
Республикада отызға жуық ҚХА кафедрасы жұмыс істейді. Безендірілуі бойынша Қостанайдағы кафедраны алғашқы үштіктің қатарына жатқызамын.
Мәжит ШҮЛЕНОВ, Қостанай облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:
-Тәуелісіздіктің 25 жылы ішінде елімізде әртүрлі этностың ана тілдері мен төл мәдениеттерін сақтауына барлық жайғдай жасалды. Қазақстан бірліктің бесігіне айналды. Этносарылық татулық пен тұрақтылықтың арқасында экономикалық өсім де артты. Ауызбіршіліктің нақты жемісі осы емес пе. Біздің қол жеткізген табыстарымыз бен жетістіктеріміздің бастауы – бірлікте.
Ольга ЕВДОКИМОВА, ҚМПИ жанындағы ҚХА кафедрасының меңгерушісі:
-Аталған кафедра оқытушылар мен студенттерге идеологиялық және тәрбие беру бағытында қызмет ететін болады. Бәсекеге қабілетті жас маман толеранттылық ұғымын терең түсінуі қажет. Болашақ педагог өзгенің пікірін тыңдап, көзқарасымен келісе білуі керек. Сондықтан ҚХА кафедраның жұмысы бәріміз үшін маңызды.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерде: кафедраның ашылу сәтінде.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.