Рудныйлық кеншілер үздіктер қатарында
Павлодар облысында Еуразиялық Топ кәсіпорындары арасында өткен «Алтын қор» кәсіби шеберлік байқауында рудныйлықтар үздіктер қатарынан көрінді.
Конкурсқа «ССКӨБ» АҚ, «Қазақстан Аллюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «ЕЭК» АҚ, «Қазхром ТҰҚ» АҚ, «Шұбаркөл көмір» АҚ, «ТрансКом» компаниясы мен Павлодарлық машина жасау зауытының 40-қа тарта өз ісінің шебері 7 мамандық бойынша өзара сынға түскен болатын. Осымен 2-ші мәрте ұйымдастырылып отырған ауқымды шараның басты мақсаты – кең таралған жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, талантты жұмыскерлерді анықтап, оларды жан-жақты ынталандыру.
Үш күнге созылған шеберлік байқауының қорытындысы бойынша теориялық және практикалық тапсырмаларда жоғары ұпай жинаған «ССКӨБ» АҚ электр-газбен дәнекерлеуші Абай Меңлібай мен электр жөндеуші Андрей Алиферец бас жүлдені жеңіп алды. Қалған жүлделерді керекулік «Қазақстан Аллюминийі» мен «ЕЭК» АҚ-дары өзара бөлісіп алды. Олар ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттармен және 250 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақымен марапатталды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ