Қостанайда – қоныс тойы (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Өткен айда ғана 94 отбасы облыс орталығындағы су жаңа пәтердің кілтіне ие болған еді. Міне, қуанышты оқиға араға ай салып тағы да қайталанып отыр. Өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтың тапсырмасымен, Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында үй кезегінде тұрған 70 жанұя дәл бүгін баспанаға қол жеткізді.
Олар – соғыс ардагерлері мен көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар және әлеумет игілігі үшін еңбек ететін түрлі сала мамандары. Алдымен, қуаныш иелерін Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов құттықтап, көптен күткен баспана кілтін тапсырды.-Біріншіден, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айту керек. Себебі әлемдік дағдарысқа қарамастан, қазақстандықтарға барлық жағдай жасап отыр. Екі айдың ішінде 150-ден астам отбасы баспаналы болды. Бұл тек біздің қаламызда ғана. Бұдан бөлек Қостанай шаһарының өзінде әлі 16 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы жылдың қаңтар айынан бастап, ол үйлерді де өз қожайындарына беретін боламыз. Бүгін Чкалов көшесіндегі үй өз иелеріне тапсырылмақ. Осы сәтті пайдаланып, "Сыл" құрылыс компаниясына алғысымды жеткізгім келеді. Келіссөздер бойынша бұл үйдің құрылысы қараша айында бітуі керек еді, дегенмен, бұл серіктестіктің мердігері мерзімінен бұрын тәмамдады. Баспаналарыңыз құтты болсын! – деді Б.Жақыпов.
Қазіргі таңда облыс бойынша үй кезегінде 15 мыңнан астам адам тұр. Әлі де атқарар жұмыс жетерлік. Бүгіндері баспана проблемасын шешу үшін қыруар қаржы бөлінуде. Сондықтан келешекте пәтер мәселесі қарға адыммен болса да алға жылжитын болады. Қала әкімінің қолынан алғаш болып пәтер кілтін алғандардың бірі – Ұлы Отан Соғысының ардагері Балтабай Қазиұлы. Ақсақал майданда көрсеткен ерлігі үшін екі мәрте "Қызыл Ту" орденімен марапатталып, одан кейін де "Отан соғысы", "Жауынгерлік ерлігі үшін", "Ерлігі үшін" медальдарын төсіне таққан. 1944 жылы сұрапыл майданда ауыр жарақат алып, ұзақ емделген соң елге оралды. Міне, Отанын қорғаған қас батыр лайықты жемісіне қолы жетіп отыр. Балалары мен немерелерінің ортасында, өз баспанасында шаттыққа кенелуде. Ардагер атамыз шаһар басшысын жаңа пәтеріне шақырып, астан дәм татқызып, өзінің алғысын жеткізді. – Отан үшін от кешкен қарт жауынгерлерді елеп-ескергендеріңе рахметімді айтамын. Төккен теріңді өскелең ұрпақ біліп, қастерлеп жатса, осыдан асқан бақыт бар ма?! Әуелі Алла, кейін Елбасымыз бен өздеріңе алғысымды білдігірім келеді. Көрер қызықтарың таусылмасын! – деп ақ батасын берді ақсақал.Толығырақ газеттің алдағы санын оқи аласыздар.
Кенже ҚОНЫСБАЙ.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.