Кейкінің кегі (пьеса)

Автор – Абылай Мауданов. 
Рөлдерде:
Кейкі – батыр.
Майлық – көз танысы.
Жалбыртымақ – Кейкінің бұрынғы майдандасы, іштей тілеулесі.
Командир-тұтқын – Кейкіні тұтқындауға бұйрық алған әскери
Тұтқын.
Шұбар – інісі.
Ақжан – әйелі.
Томан – жандайшап
Токарев – революционер.
 
pogudx5ah9b100lcb.a577c54fЖазық даланы елестететін сахна. Бұрыш-бұрышынан тораңғыл, тобылғы, шөптесін өскен. Үлкен-үлкен қойтастар бар. Ар жағы қарауытқан соқпақтың сорабы, ну қамыс, тоғайды елестетеді.  Қоғалы өткелдің бергі басында үлкен мазар тұр. Өткелден Кейкі шығады, арқасында асулы мылтығы.
Кейкі: Ехе-хе-хейй. Тоқсан тараулы, сексен салалы Ұлы Торғайдың даласы!!! Аңнан басқа жан баспайтын жапан түз, медиені. Маған темірдей мықты денсаулық берген, атқаны мүлт кетпейтін мергендікті сыйлаған дархан көңіл анам менің…
Ортаға қарай екі-үш аттайды.
Мазардың сәл ашық тұрған есігі ішке қарай жабыла қалады)
(Екі қолын жайып) Мен сенің перзентіңмін… Шілде болып шеңгелде, аңызағыңмен қақта, қаңтар болып қаһар төк, бәрібір сен бізді қорғайсың. Торғай екеш, торғайдың өзі сенен пана табады. Сен қинайсың, қинай тұрып ширата түсесің… Ең бастысы сен маған еркіндік, кеңдік, дархандық бердің, батырлық сыйладың. Оны ешкім тартып алуға тиіс емес…
(зарыға) Баяғыдан бері ел сағалағанша, саған неге келмедім?!… Бұқпантайламай неге еркін өмір сүрмедім. Қалды артта бәрі енді. (қоғалы өткел жақты нұсқайды). Енді мен – еркінмін, азатпын!!!
Қоңыр үнді музыка. Тың тыңдап қалған Кейкі.
 
(сәл аялдап, тәжім еткендей қимыл жасайды. Жан-жағына көз жүгірте қарайды да, мазарға қарай аяңдайды).
Кейкі: Ееее, белгісіз жанның бейіті. Сен екеумізді жазмыштың тағдырлас қылғанын көрмейсің бе?! Сенің сәулетті кейпің бар, бірақ ешкім жерленбеген. Алайда, ел ақтағандар мен өткен-кеткен дұға оқи жүреді. (Басын шайқап түсініксіз мырс етеді де жақындайды)
 
Кейкі: Қой, әйтседе, мола атың бар, дұға оқып, бүгін түн сенде түнеп шығайын. «Айлас қатын мұңдас», шеменімді саған жібітейін, шерімді саған тарқатайын, басқа естір жан жоқ….
 
Арқасынан мылтығын алып мазарға қарай жақындайды. Алдына келіп,  сәл аялдап, тәжім етіп, тізерлеп отырып әндетіп құран оқи бастайды. Сол сәтте бейіттің ағаш есігі ашылып, ішінен тілін салақтатып, ыржалақтап, қорқытпақ болған бас көрінеді. (көрермендер жақ бетте бүк түскен тыңшы жатады)
 
Кейкі: (Дұғасын қайырған соң, зілді дауыспен): Кімсің-ей! Жынбысың, перімісің!
 
Мазар ішіндегі адам түсініксіз күңгірлейді.
Кейкі: Е, Жасаған! Ендігі көрмегенім осы ғана қалып еді!
 
Мазар іші «шаж» етіп, соңынан қыңсылағандай үн шығарады:
Кейкі: Ей, Көрқап! Жаныңның барында бері шық. Жер үстінен жасырынар жыртық, кіретін көр таппаған бейбақ жалғыз мен бе десем, менен де өткен бейшара бар ма еді. (мылтығының құлағын қайыра тізерлеп, кекете күліп): Әлде соңымнан тіміскілеген жансызымбысың?  … Кім болсаң да шық енді!
(қатуланып): Мен Кейкімін!
Майлық: Мерген!!! Кейкі аға, көке, ойбай, сізді де көретұғын күн бар екен, Батыр-еке.
Мазар ішінен емпелеңдеп шығып, Кейкінің етегінен тартып, қолына ұмтылады. Кейкі қағып тастайды да орнынан тұрады.KJJIuX62p2Q
Кейкі: Ей, жазған, Майлықпысың.
Майлық: Иә, Көке, батыреке, менмін- Майлығың. Маңқа-Майлығың, баяғы ұры Майлығың.
Кейкі: Көз байланар шамада жын мен пері жолығады деуші еді. Біріміз – кісікиік тағы, біріміз – ел ақтаған ұры, кездескен жерімізді қарашы. Ал, айт, мұнда қайдан жүрсің?
Майлық:   Һых, һых. (мәз бола күліп) Мерген-ай, өзіңіз ғана емес, сөзіңіз де мірдің оғындай ғой. Мен ба, мен түрмеден келемін… ақталып шыққан бетім.
Кейкі: Түрмеден деймісің?..
Майлық: иә, абақтыдан. Түрмеден сол.
Кейкі (бір қырындай бетін бұрып, қызықтаған кейіппен): Сол түрмеңе мен түссем қайтер еді?
Майлық: (орнынан ұшып тұрып) Ағатай, не деп тұрсың? Сіз жоламаңыз ол жерге. Сізді аямайды. Өлтіреді..
Кейкі: «Өзекті жанға бір өлім». Өлімнен қорықпаймын. Аямайтындай, менің не қылмысым  бар екен?
Майлық (сахнаны айнала жүріп): Ол жақта жатып естідік. Үстімізге әкелер деп те жүргенбіз. Баскесер, қарақшы деген атыңыз дүңк-дүңк естіліп жатты. Қазақтар Сізді қорған көреді батыр деп… сосын ел тонады, үкімет құрмақ болды дейді…
Кейкі («пах!» деп күліп): сосын?
Майлық: сосын… айтуға ауызым бармайды… Сардардың өліміне қатысы бар дейді…
Кейкі шап беріп, Майлықты сығымдап алады: Кім? Кім Сардарды өлтірген?
Майлық жыларман болып: Ойбай, аға мен емес, мен емес, сіз, сіз…
Кейкі одан сайын өлтіре жаздап қылғындыра түседі. Не деп тұрсың сен пәтшағар, мен бе, мен бе Сардарды өлтірген?
Майлық шырылдап: жоқ, аға, сіз емес, сіз емес, мен… мен. ух, мен емес айтқан. жібер, ойбай, өлдім, қыһ, қыһ..
Кейкі сонда барып Майлықты жібере салады. Майлық сылқ етіп құлап түседі.
Майлық: Ойбай, Батыр, өлтірдің ғой адамды, тыңдап алсаңызшы. Ол жақта айтады: Сізді бұзақы баскесер, Сардардың да өліміне қатысы бар дейді. Онысы шіп-шикі өсек екенін мен де білем ғой.
Кейкі құмығып: Е, қайран, Сардар. Сен тірі болсаң сарбазың сары даланы сарбауыр етіп, босып жүрер ме еді.
Майлық: Аманкелдінің інісі Бектепбергенді қараңғыда үйден шығарып алып, ата салған адам «Мен Кейкімін» депті-мыс…
Кейкі (дүр сілкініп): Оны да мойныма алайын. Бәрібір оның ажалын басқа қазақтан көреді. Артсын жаласын, жақсын күйесін, бар жауыздық менімен кетсін… «бәрін істеген өзім» деп мойныма аламын…
Майлық етегіне жығылып: Мойныма аламын дейсің, батыр-ау. Осыдан кейін сізді қайтіп аман қояды, мерген-ау. Өлтіргені ештеңе емес, абақтыға қамап қорлап, бұғаулайды ғой. «Мал ұрлады» деп түскен мені көрмейсің бе. (Майлық шекпенін ысырып жалаңаш арқасын көрсетеді. Көк ала қойдай). Ұрғаны аз, қолыңа кісен салып, көзіңе көк шыбын үймелетеді.
Кейкі ысылдап: Мен етімнен ет кесіп алса қыңқ демеспін. Ал, бұғауыңа шыдайтын қазағың мен емес. Өлсем осы даланың төсінде өлем.
сахнаның ортасына қарай келеді.
Майлық: Сізді өкіметтің ішінен өкімет құрды дейді ана жақтағылар… «Бас жеп, бата қайырғаннан өзге ерлігі» жоқ сазан Шошайды Хан сайлатқан да Сіз дейді.
Кейкі: Хандық құрсам – менің арманым қарақшылық емес. Анамнан қан уыстап туғаным жоқ. Тепкі көргенге қорған болдым. Кешегі Кеңес үкіметі келмей тұрып, ақ патшаға қарсы шыққанда, ең бірінші Хандық жариялағанбыз. Шошайдың жөні бөлек мен үшін. Мен жалғыз Құланның сойылын соққан жоқпын. Сосын да тегі бөлек Шошайды ақ киізге көтерттім. Тірі жүрсек басымыз бір төбеде, өлсек бір шұңқырда қалсын деп ант ішістік. Тұлға болар кім қалды елде… Кешегі майдандастар тоз-тозы шықты. Еңбегімді білер Әліби болса қол жетер жерде емес. (пауза) Жә…
Майлық: Кейкі, аға, мен жаңа ғана дәм дайындап жатыр едім. Қомағайланып, қоржынымда жүрген қос уыс бөкпенді түгел салған едім. Сіздің несібеңіз шығар. Кел, ас ішейік.
Кейкі: Сүйт, талқанымыз таусылмаған екен. Алла айдап келген ырыздық болар.
Майлық ағаш аяққа салған бөкпенді мазардың ішінен алып шығады. Жалғыз қасығын алып, әңгімелей жүреді.
Майлық: Баяғыда, екі ұры осылай жолығып қалып… (күліп) тары бөкпен жеп жатса керек. Сонда бірі «әкем өлді келмедің – бір деші, шешем өлді келмедің – екі деші» деп ортасындағы майды өзіне қарай ағызып алыпты… сонда, әлгі, екінші ұры: «мен келмейін дедім бе, заман әлекей-түлекей болып кеткен жоқ па» деп, ботқаны араластырып-араластырып жіберіпті… хық, хық… (күледі) сол сияқты…
Кейкі өзімен өзі сөйлесіп: иә, заман аласапыран… мынау дұрыс, мынау бұрыс деп болмайды. Шынында да «алакей-түлекей»… Бір өткелден аман өткенде алдымыздан тағы бір зобалаң шықты. Ендігі дұрысы бас амандаған… Түртпектеуін қойса тыныш-ақ жатайын. Батырлықтың заманы өткен екен.
Бата жасап бет қайырады.
Кейкі: Е, Алла, іргеңді су алғаннан сақта, тамырың суалғаннан сақта, іштен шыққан жаудан сақта, бітімі жоқ даудан сақта. Дауасыз дерттен сақта, қол салған өрттен сақта. Әумин!
Майлық дауыстап: Әмин!
Кейкі: Майлық!
Майлық: иә, Кейкі аға.
Кейкі:(өтінген үнмен): Сен маған бір жәрдем жаса. Ақжанға тіл жеткіз. Менің тірі екенімді, үйден соңғы рет аттанған екі айдан бері көлденең пәлеге ұрынбағанымды айтарсың. Енді маған ел ішіне бару жоқ. Қоғалы өткелді асып, Жалаулы мен Майдамталға жетермін. Сол жерде күтсін де. Сосын не Қарақұм арқылы Аралға, не Ұлытауға ма, жансауғалаудан өзге амал қалмады маған. Бір майдан ашып кетсем ғой шіркін, соңымнан қалмаған сілімтіктерге. Әзірге ел ішіне бір барлау жасап көрем…
Майлық (соңынан ере түсіп): Мерген… мені де қосарыңа ала кет. Саған атылған оққа қалқан болсам не арман…
Кейкі: жә, сен ақталып шыққан адамсың. Маған еріп басыңа бәле тілеп қайтесің.. Оданда ел ішіне елеусіз барып, Ақжанмен тілдес. Шұбар шамасы келгенше оқ-дәрі жағын молырақ қамдасын… Енді қалған өмірден не салауат, ақырғы оғым қалғанша айқасып өтейін… Менің ақырғы оғым, елді басынған сілімтіктерге арналады. Ел ішін лаңдамай, айдалада айқасайын.
Майлық:  Батыр…
Кейкі: Елге қорған бола алмаған батырдың қарақшыдан айырмасы аз. Менің сертім ерлік ендеше. «Қанға – қан, жанға – жан». Бердеңкем қолда тұрғанда берілмеспін… Берілетін себеп жоқ өйткені… Бұлар менің басымды алғанымен қанағат етпес, қанай түсер…  Қоғалы өткел арқылы Жалаулыға жетермін. Ақжанға соны айт.
(көрермендер жақ бетте апанның ішіндегі адам бір бүлк етеді, Кейкі сол тұсқа күдіктене қарайды да, қайтадан Қоғалы өткелге сіңіп кетеді. Соңынан Майлық, «айтам, Кейкі аға, Жалаулыға жетсін деп айтам Ақжан жеңешеме. Қоғалы өткелді өтіп келеді деймін….айқайлап қалады. Ол да ыдыс-табағын жинап өткелге қарай кіреді. Қылтиып қой тастың тасасынан тыңшының басы көрінеді. Емпелеңдеп олда қамыстың ішіне кіреді.
музыка, үнсіздік.
Соқпақ жақтан еңкеңдеп, бес-алты, тіпті одан да көп әскери киімділер шығады. Арасында бір-екі тымақ кигендер де бар. Баспалап басып, сахна ортасына таяйды.
 
Командир: Тыңдаңдар! Бүгін бесін ауа осы жерден Кейкі өтеді. Бағыты – Қарақұм, Арал беті. Жыланшық бойын асып, Ұлытауға жылыстауы да мүмкін. Қалай болғанда да қапысын тауып, осы Қоғалы өткел басында басын қағуымыз керек ол контрреволюционердің..
Дүр сілкініп орнынан тұрады. Сен, анау қолтыққа жасырын. Ал, сен, мынау тобылғының түбін тасала. Ал, Се-н, жалбыртымақ киргиз, менің қасымда боласың… мә, мынау шиті мылтықпен Кейкіні бірінші сен атасың… Кейкінің орнына сен батыр боласың енді киргиздарға…
(Қасындағылар қарқылдап күледі)
Жалбыртымақты: нәшіндік, Құдай үшін, құлдығың болайын, тек осы жолы қинамашы. Үйде кәрі шешем, шиеттей жеті балам бар. Өзім арқа еті арша, борбай еті борша кедеймін.
Командир: Сарнама! Киргиздің кедеймін дегеніне сенбе! Қатын-балаңды сенің руластарың, қалай әлгі, Кипчактарың-ақ, асырайды. Бақыттысыңдар сендер, көшпелілер, өзің өлсең де, ешқашан қатын-балаң жетім қалмайды. Бауырмалсыңдар, сүйте тұра алауызсыңдар. Шаптағанға оңай ересіңдер. Өздеріңше «қазақпыз» дейтін болыпсыңдар. Керек десең, өз алдыңа мемлекет құрғыларың келеді. Алашшоррда!!! Бұратана халықтарға теңдік әперген ұлы Ленин саясатын қолдамай, қорқақ-қарақшы Кейкі неге қашады, ә?
Жалбыртымақ: Мерген ешкімнен қорықпайды да, қашпайды да, нәшандік, тек, мынау Томанның атын өлтіріп қойғасын…
Томан: (шаңқ етіп):  Ол менің атыма ғана емес, Советтің мілисасына оқ кезеді. Ол Саветтің жауы, тап жауы, үстем тап өкілі. Қарақшы, баскесер. Түсіндің бе, ей?
Командир (Томанға сөзімді бөлме деген сыңай танытып, қолын көтереді): Оқымаған надан, бұратана халық нені түсінсін. Ұлы Октябрь революциясы барша адамзатқа рухани және әлеуметтік теңдік әкелді. Біз сендерді оқытамыз, жарқын өмірге жетелейміз, жер береміз!!!
Жалбыртымақ: маған бөтеннің жері керек емес, осы ата-бабамның қонысы жарайды, нәшіндік.
Командир: Т-фу, сен түйенің сауатын ашам деп отырған мен ақымақ.
Бір қойтастың үстіне отырып сигарет тартады. Бір кезде орнынан ұшып-тұрып
Командир: ей, жалбыртымак, анау құстарды көрдің бе қосақталып жүрген, (қолымен нұсқайды) атасың соларды.
Томан: Бұл мерген, нағыз құралайды көзге ататын сұрмергеннің өзі, нәшандік. Баяғыда Кейкінің мергендер жасағында болған…
Жалбыртымақ (безіреп): Ата алмаймын командір, қолым сынсын, ол – киелі құс, ол – аққу ғой. Біздің қазақ аққуды атпайды. Ол киелі… Аққу сұңқылдаса Кейкіден хабар бергені…
Командир: Иесі жоқ елге киенің керегі не екен, ә. Сендердің айтуыңша Кейкінің киесі де аққу ғой. Ендеше, бірінші киесін атайын, киесі кетсе, иесі де көп ұзамас.
 
(карабинін алып, көздей бастайды. Жалбыртымақ, «атпа, көкетай» деп жалынады). Командир тыңдамай шүріппені басып қалады. Оқ тимей кетеді. Сұңқылдап ұшқан аққулар дауысы. «Тиген жоқ, тиген жоқ» деп жалбыртымақты қуанады.
 
Командир: Ей, неменеңе жетісіп мәз боласың, қатының ұл тапты ма?
Жалбыртымақ: тапты, нәшандік. Кеше ғана шілдеханасын тойладық..
Томан: Ей, «Құламерген», сенің қатының қасқа сиыр сияқты, жылда бұзаулайды.
(Қарқ-қарқ күлді)
Жалбыртымақ: Иә, Тәңір, бергеніңе тоба. Дәуіттей отыз ұл берсең көпсінбеймін, Сүлеймендей жалғыз берсең азсынбаймын…
Командир: Бос ыржақты тиыңдар. Не дедің сен киргиз?
Жалбыртымақ: Жәй, нәшандік. Сөздің мәтелі…
 
Командир (жан-жағына қарайлап): Мынау мола кімдікі?
Жалбыртымақ: Ешкімдікі емес, нәшәндік.
Тағы да тұншыға шыққан күлді.
Командир: Ей, дұрыстап айт.
Жалбыртымақ: Баяғыда бір бай болыпты. Баласы тұрмай ауырып жүргенде, көзінің тірісінде, өзіне салдырған тамы ғой. «Тас мешіндегі» жұтта Сырға ауып кеткен. Қайтып елге келген емес… есімін ел ұмытқан. Белгісіз бейіт жай. Содан бері бос жатыр бұл мола.
Командир: (кекете): ха, мүрде жоқ, бірақ кесене салып койған, ә?! Ғажап, ғажап.  Еще, соған табынады. Междупрощим, сендердің андағы тымағың сияқты жыртық үйлеріңнен мына мазарларың әлденеше есе сәулетті.
Сол кезде аспаннан қаздардың дауысы естіледі.
Жалбыртымақ: о, қайтқан қаздар. Аспанға сына қағып тізіліп бара жатқаны қарашы. Шіркіннің бал сорпасы-ай.
(әндетеді) әуелеп ұшқан алты қаз, етің шекер сорпаң баз…
Командир аспанды нысанаға алады да, атпайды. Аяғымен жантайып жатқан жалбыртымақты түртеді.
Командир: Ей, снайпер. Кереметіңді көрейін, ат анау қаздарды.
 
Жалбыртымақ шитісін оқтап алады да, атып тұрып басып қалады.
Қасындағылар «тиді, тиді» деп шуласады.
 
Командир: Ах, снайперҒажапсыңдар сендер киргиздар. Мынадай шиті мылтықпен зіркілдеген зеңбірекке қарсы шауып жүрген… Ал, аттың бауырында тығылып барып, зеңбіректің атқышын мылтықпен қағып түсірді дейтін Кейкің шынында снайпер, жүрекжұтқан екен. Кентавррр… Бірақ, қанша жүрек жұтқан болсаң да, тап осы жолы, менен құтыла алмас. Қалай әлгі, сендерше айтқанша «Шашамбайша атып құлатайын»…
(Сахнаның ортасына тақайды)
Таак, бәрің көрсеткен орынға барыңдар.
(Жалбыртымаққа зекіп) Түсіндің бе! Кейкі өткелден өтіп бара жатқанда ең бірінші сен басыңды көтеріп, тұп-тура кеудесінен атасың. Маңдайынан атып, бас сүйегін бүлдіріп жүрме. Ол құнды зат. (жалбыртымақты теуіп қалып) Жүр, анау апанға жасырынайық.
(Қой тастың тасасы, апанға ұқсас жерге барып, көрермендерге арқасын беріп, жасырынады)
 
(сарнаған қамыс, шерлі музыка)
 
Әлгінде жендеттер шыққан жерден қылт етіп ақ орамалмен таңып алған бас көрінеді. Сосын зорайып, Кейкінің тұлғасы шығады. Сақ, қайтадан жоқ болып кетеді.
 
Жендеттердің бірі сыбырлап: келді, командир.
Командир ысылдап: тысссс, бұқ! (сосын жалбыртымақты нұқып): Ал, қайыр құлағын мылтығыңның. (анау қайыра қоймайды).
Командир: Оқта дедім ғой саған! (ол мылтығын оқтайды да, мылтығын апаннан асырып сорайған ұшын бір көрсетіп қалады).
 
Осы кезде Кейкінің де басы бір қылт етеді, көзі мылтық көрінген жақта. Командир сығалап қарайды. Гүрс еткен мылтық үні. Сахна жарқ-жұрқ етеді. Командирдің басындағы фуражкесі ұшып түсіп, «Ах, сайтан» деген үрейлі үні шығады.
 
«Командир!» жан даусы шыққан бір солдат мылтығын Кейкі жаққа кезей ұмтылады. Тағы да гүрс еткен мылтық даусы. Солдат ұзынынан сұлап түседі.
«Иван!» деп қаза тапқан солдатты тартып алмақ болып тағы бір солдат көтеріледі. Гүрс еткен мылтық. Ол да орнында қылжияды. Жым-жырт тыныштық. Бүлк-бүлк еткен командирдің жотасы. Басын бүркеп бүк түсіп жатыр.
 
Кейкі: Ей, қанқұйлылар!!!
 
Сахнаның ортасына Кейкі көтеріледі. Қолында бердеңкесі. Қалт қималдап, жалт бұрылып мылтығын атады. Орнынан көтеріле  берген тағы бір әскери қылжиып қалады. Кейкі өзіне сенімді басып, командир жатқан тұсқа келіп «Таста, қаруыңды. Тұр орныңнан!» деп зекиді. Командир тізесі қалтырап, қолын көтеріп орнынан тұрады. Кейкі айнала беріп оны бір тебеді де, жылдам барып еңкейіп, жалбыртымақтың мылтығын алып қояды бұғып жатқан.
 
Сосын бердеңкесін командирдің желкесіне тіреп, «беріліңдер, жексұрындар» деп жекиді. Келесі беттен қаруын тастаған, әскери киімді бір орыс, бір қазақ шөкелей жығылады.
 
Кейкі: Томан?!
Томан: Мен ғой, Кейкі көке, мен Томан, дін-мұсылман бауырың. Аяғыңды құшайын аман қалдыршы. Шыбындай бір жанымды қия гөр, батыр… (орыс та еңбектеп табанын сүймек болады)
Кейкі (жиіркене): кет, дін мұсылманнан садаға кет, көкбақа. Тәйт, әрі бұралқы төбет. (орысты тебеді). Ей, сорлы, шық бері ініңнен. Тағы кімің бар, сыртымнан қарауылға алған.
Жалбыртымақ орнынан көтеріледі: Менен өзге қауіп төндіретін ешкім жоқ, Мерген.
Кейкі таңырқап: Рүстембай! Маған оқ кеземеген сен ғана қалып едің. (Мылтығын лақтырады).
Жалбыртымақ (мылтықты қағып алады): Екі дүниеде оңбай кетейін саған қол көтерсем, Мерген.
Жалбыртымақ мылтығын ортаға қарай лақтырып жібереді. Ол барып командирдің алдына қарай түседі.
Жалбыртымақ. Ақыретсіз көмілсем де арманым жоқ, өз қолыңнан шаһит кешсем мерген. Атып кет мені, құтқар мына мазақтан. Құтқар, «тірі құдайлардың» тірліктегі тозағынан…
Кейкі: Мен қаныма қарайған адаммын, Рүстембай! Адам өлтіру бүгінде маған торғай өлтіруден оңай, әсіресе мыналарды. (Командирді теуіп қалады, ол тізерлеп түседі). Бірақ, мен жазықсыз жанға қол көтермек түгілі, дауыс көтерген күнім жоқ.  
 
Бердеңкесін түсіріп, көрермендерге қарай жақындайды. Алыстан қобыз сарыны, талып естілген дауыс.
«ай, миығына қара шыбын ұялап, сақалына сары шіркей балалап, жазыда жау іздеген қазақтың, қайда бір басы қалмаған»…
 
Кейкі: иә.. Қазақтың басы қайда қалмаған… бірақ, жазыда жау іздеп өлген қазақ бар ма екен. Аштықтан – бір, алашапқыннан-  екі, өзара дүрдараздықтан – үш, айдалада басы шашылған қазақты көресің. Мені қазір Кеңес өкіметіне өш дейді. Жоооқ. Мен қазақты басынғанның бәріне мылтығымды кезеймін. «Әскерге бала бермеймін» деп патша әскерімен айқастым, қашқан ақтың солдатымен майдандастым, «мал-жаныма ерік бер» деп қызылдармен қандастым. «Аманкелді ақ болса –ақ, қызыл болса – қызылмын» дедім.
 
Кейкі көрермендерге әлде де жақындай түседі.
 
Жалбыртымақты:
Кейкі, Кейкі дейді екен,
Елдің қамын жейді екен.
Ел шетіне жау келсе,
Мен барайын дейді екен.
 
Осы кезде Томан ақырын-ақырын еңбектеп мылтыққа қарай жақындай түседі.)
 
Кейкі мұңайып даусы құмыға: Айта, түс. Кім айтып жүр бұл салауатты?
Жалбыртымақты: Ел айтып жүр мерген.
Кейкі: Қайран, қазағым-ай.
 
Жалбыртымақты: (ол да көрермендерге қарай жақындап).
Атқа салдым терлікті,
Дұшпанға қылдым ерлікті.
Мен кеткесін халқым-ау,
Көрерсің жаудан қорлықты.
 
Томан сырғып барып, мылтықты көтеріп, Кейкіге кезей бергенде, Кейкі артына
жалт бұрылып, шүріппесін басып қалады. Томан өкіре құлап, үні өшеді.
 
Кейкі: Е, сорлы, жандайшап. «Алжыған ит айға қарап үреді» дегендей, өмір бойы қыр соңымнан қалмай арпылдап едің. Ақыры ажалың Кейкіден келді, ол да бір абыройың шығаррр… Ауылымның үстінде ат ойнатқанда, атыңды өлтіргенше, өзіңді бауыздамаған екенмін әуелде. Сонда бәрі тыныш болар еді. Рүстембай!!!
Жалбыртымақ: иә, мерген!
Кейкі: Мыналардың сүйегін суға ағызып жібер. Пәлесі өзімен кетсін. Молаға көмуге лайық емес ол арсыздар. Әлдекімнің моласы деп, әспеттемесін кейінгілер. Ал, мынау әзірейлерді Нәңкүр-Мәңкүрден бұрын тергейін. Қазақша білсе, Құдайы қарады дей бер, менің тілмашым болады. Көрейік, менің қаныма құныққандардың әуселесін.
 
Томанның қасындағы әскери киімдіні етпетінен байлайды. Рүстембай мәйіттерді жасырады. Шылауға ұқсас жабындыларды жабады.
Командирді бос қояды, қайта оны желкесінен ұстап, көрермендерге қаратады.
 
Кейкі: Ал, Рүстембай! Мына шитіңді өзің ал. Бала-шағаңның несібесі ғой. Бектепберген соққан «құлбыр-мамайың» ба?
 
Дауысын күштеп көңілдендіру бар. Зорлана езу тартады.
 
Рүстембай: иә, Мерген, осы құс мылтықтан көрдім бар рахатты.
Кейкі. Кейкіге күйкі тірліктің рахатын жазбаса, «жазмыштан озмыш жоқ». Қайта бер, Рүстембай, бұдан кейін көріспесек, батыр бір оқтық, дұға оқи жүрерсің.
Жалбыртымақ. Олай деме, мерген. Жақсы сөз – жарым ырыс, сенің алты аққу киең бар демеппе еді, баяғыда, Торғайды шабарда Оспан қожа. Талай рет бораған оқтан аман шыққансың…
Кейкі: әй, Рүстембай. Кием мені неге иесіз тастамады екен, ә. Сол шабуылда шейіт кетсем арман бар ма, құрығанда қарақшы емес, батыр қалпымда ел есінде қалар едім ғой.
Жалбыртымақ: Мерген, сені халық ұмытпайды.
Кейкі: Қош бол, Рүстембай. Бақұл бол десем де артықтық етпес.  Сымтастың суына шөл қандырып, Тастының құла беліне ақбоздың тұяғын қоздырар күн енді тумас. Арттағы елге салауат, қатын-баламды алып, қарамды батырармын менде. Әзірге, мыналардан тіл алып көрейін.
Рүстембай көзіне жас ала қимай қоштасады. Қоғалы көлдің соқпағына қарай-қарай сіңіп кетеді. кетіп бара жатып тоқтап: Мерген! қош! 
 
музыка сәл үнсіздік.
 
Кейкі оғын түгел алып, мылтығын әрірек тастай салады. Командирге бұрылып: Сайра, бұлбұлым, сайра! Не үшін тімтуірдей тіміскелеп жүрсің? Жатпайсың ба, жанға тыныш орманыңда, бозаңа бөгіп.
 
Командир мұның қарусыз екенін көріп, қонышынан жарқ еткізіп селебесін суырып алады: Өзің неге жатпайсың, жаныңа тыныштық іздесең…
 
Екеуі сахна ортасын бір-бірін аңдып айналып жүреді. Ара-тұра мылтықты көзімен қарап қояды.
Кейкі: Мен атқа мінсем, қара қазан, сары баланың қамы, қарындастың абыройы үшін, ел үшін!!!
Командир шалқалай күледі: Елдің қамы! Қызықсыңдар сендер, киргиздар. Әбдіқапар ол да елдің қамын ойлайды, анау Алашордашылар олар да елдің қамы үшін арамтер болып жүр. Аманкелді – ол да ел үшін кеудесін оққа тосады. Енді келіп, қарақшы, революция жауы сен (селебесімен нұқып) «елдің қамы» дейсің… ха-ха, «қара қазан, сары бала»… Әрқайсың бет-бетіңе би болғанша, бір тудың астына жиналсаңдар, бір ұшпаққа шығар едіңдер ғой, киргиздар…
Кейкі: Біз қазақпыз. Қорлама олай!!!
Командир: Енді сендердің бәрің бірсіңдер, қазағың не, киргизің не, айырмаң жоқ біз үшін. Болшевиктер сендерді адам қылады…
Кейкі: Болшайбектен садаға кет, сілімтік. Мен үшін болшайбек кешегі ақтармен қанмайданға түскен әскерлер ғана. Сен – адам емессің, сенде нәсіл жоқ.
Командир: дұрыс айтасың!!! Менде ұлт жоқ, менде пролетариат деп соққан жүрек бар. Мен барлық кедей атаулының жолдасымын, сен сияқты байдың құйыршығының жауымын.
Кейкі: менің халқыма сен сияқты достың қажеті жоқ. Тілің тәтті, дінің қатты, тілбезер. Ақтың жаналғыштарынан айырмаң аз. Сол үшінде маған «Сары орыстың – бәрі орыс» – ата салам. Қазақтың жөні бөлек, біз қазақтар, өкпеге қисақ та өлімге қимақ емеспіз…
Командир: Қателесің, қарақшым. Қиғанда еще как қиясың. Жаңа ғана анау Томаның саған мылтық кезеді емес пе…
Кейкі: Ол – жандайшап! Онда тек те, намыс та жоқ. Нан үшін жүрген итаршы.
Командир: «Бақытыңа» орай, ондай жандайшаптар жетеді мына далада. Өлімге қимаса, Аманкелдіні кім өлтірді, Әбдіқапарды кім өлтірді? Оны мен өте жақсы білемін. Сені де өз қипчактарыңның қолынан өлтіруім керек еді.
Кейкі: Қазақтар маған қарсы оқ кеземейді. Менен зәбір көрсе, олар баяғыда ұстап берер еді. Үш жыл бойы қазақтың қолтығында жүрмін.
Командир: иә, олардың бәрі Совет үкіметінің жаулары. Бірінші сені өлтіріп, артынан қалған кулактарыңды ешкідей бақыртып бауыздаймын…
Кейкі: Неге мұнша зәлім болып тудың екен, сілімтік. Сені де ата мен анадан жаратылған адам дейді-ау…
Командир: Менің – әкем де, анам да – ол – Совет үкіметі, Ұлы Октябрь таңы. Оның жауларымен мен жанаяспаймын. Сондықтан да, Токарев жолдастың «мәмілеге келіп, ертіп әкеліңдер!» деген бұйрығын бұзбақ болдым. Әлі де бұза салуым ғажап емес. (селебесін жылмаңдатып қояды)
Кейкі: Тоқарев Некалай – менің майдандас, қандыкөйлек досым. Ол менің адал екенімді біледі.
Командир: Бі-іле-еді!!! Сосын да оның орнына өзім сұрандым. Қазақтардың ортасында өскенім сондай жақсы болар ма, тіл білгенім кәдеге жарады. Жолдас Токарев өте қателеседі, сендерді түсініп, танып-біліп керек емес, бай-кедейге бөл де, қырқыстыр. Құндап қажет емес революция жауларын.
 
Алыстан аққу сұңқылдайды.
Кейкі: Селебе тигесін сайрадың ғой, бұлбұлым…
Командир: Біздің Құдайымыз – Қару. Қару болмаса аттап баспас едік. Қару тұрғанда мен саған мәңгі Құдаймын…
Кейкі: Құдай біреу ғана.
Командир: Біреу болса, ол менің – Құдайым.
 
Сұңқылдаған аққу дауысы тіпті үдей түседі де, командир артына қарап қалғанда Кейкі оны шалып түседі. Селебе ұшып кетеді. Кейкі онын белбеуін сыпырып, қолын қайыра байлап тастайды.
 
Кейкі: Ал, Құдай деген күш болса, ол менің бойымда. Құдай деген қару болса ол менің қолымда. Қазір, сол «құдайдың құдіретімен» сені сандуғаштай сайратармын….
 
Орысша-қазақша «аға, көкелеген» тұтқындар. Аққу сұңқылдайды алыстан.
 
Қара фон.
 
 
Алакеуім сәуле түседі.
 
Шұбар: Көке, Кейкі көке.
 
Кейкі орнынан асықпай тұрады. Бердеңкесін қайыра басып, ортаға шығады.
 
Кейкі: Шұбаржан!
Шұбар, құмыға: Көке, бармысың. Аман екенсің ғой, жан көке.
 
Құшақтасады. Мауқын баса алмаған Шұбар. Қайта-қайта «Көке» деп еміренеді. Осы кезде бұларды аңдып елес тұрады.
 
Кейкі: Ауыл қалай, Шұбаржан.
Шұбар: Сұрама, Көке, сұрама. Сен кеткелі төбемізден құрық, малымыздан сырық кетпеді. Екінің бірі өкімет, өкіректеп басынып бітті әбден.
Кейкі: Не дейді сонда олар?
Шұбар: Адам болып тілге келсе не дейсің, Көке, сені Сабеттің жауы дейді. Қалың Құланды тоздырып бітті. Әбдіғаппардың руластары ол – шіл қиындай шашыраған. Ол аздай өзің хан сайлатқан Шошайдың ауылын да шапты. Жігіттерін түгел оққа байлады. Сондағы айтатыны сені тауып бер дейді. «Кейкі мініп жүрген атын лауға берсін» дейді. 
Кейкі қаһарланып: Көкімесін!!! Жорық атымды бергенше, жер басып жүрмегенім жақсы. Мені іздесе – жария қыл, мекенім Майдамтал, Жыланшық бойы. Жазықсыз елді неге шабады, неге келмейді маған? Жүрген жоқпын ба осы далада, қашып кеткенім жоқ.
 
Шұбар: Өткенде өзің келіп кеткен соң, ауылда тағы әбігер салды. Сені іздеп бір топ әскер кеткен, Көке. Өзіңнің хабарыңды жеткізген Майлықты қинап, тіл алыпты орыстар. Қоғалы өткел басында қамаймыз деп кеткен. Біз, Ақжан жеңешеммен, сытылып шығып, баспалап келгеніміз осы. Өлі-тіріңді білейін деп,  бірінші менің келгенім.
Кейкі: Ақжан, қайда?
Шұбар. Анау қырдың астында.
Кейкі: Мені іздеп шыққан атрәтті түгел жаусаттым. Тірілері анау жатыр. Тіл алып көрдім. Мені ұстап әкелуге жарлық берген жаңа басшы Бөдене де, отрәт аттандырған баяғы майдандасым Некалайдың өзі екен, Шұбар.
Шұбар таңырқап: Кім, кәдімгі Тоқардың баласы ма?
Кейкі: Таңқалма, Шұбар, таңқалма. Терісіне қанжар піскілеп, түгел қоясын ақтардым, анау орыстардың.
Шұбар тұтқындарды сүйретіп ортаға қарай әкеледі. Үсті басы қан-қан, әбден соққы көрген. Мыналарды ма?
Кейкі: иә…
Шұбар командирді танып қалып: ей, сұмырай… біздің ауылды шапқан мынау албасты ғой. Бейпілқасқа жеңшемді атпен соғып құлатып, Орман шалға қамшы жұмсаған. Ерманның балиғатқа жетіп отырған қызын…  Алла-ай, аузым бармайды… қалай дәті барды екен. Кез келдің бе алдыма пенде боп. Қазір сені өз қолыммен қылқындырып өлтірейін.. (төне түседі.)
Кейкі: жә, Шұбар. Жау кеткесін қылышыңды қиға шаппа. Сонда сен қайда қарап тұрдың. Ол бізге керек адам. Тұтқын да болса адам. Қинама қу жанын.
Шұбар: Бұларда адамды аяу деген жоқ қой, Көке.
Кейкі: Жауызбен жауыз боламыз ба! Мынау орысың қазақшаға ағып тұр. Тақымына қылбұрау салып тұрып тіл алдым.
Шұбар: не дейді бұл жексұрын? Тап осының өзі ғой, өткен жолы әбігер салған ауылға…
Кейкі: Сенерсің, сенбессің, менің көңілім құлады андағыңның айтқанына.  Бірді бірге айдап салып, былықтырған осылар екен.
Шұбар: Не болған бұл қазаққа, не жетпейді, осыдан соң тірі адамға иланып көр.
Кейкі: Иланып қажет емес, Шұбар. Екі дүниеде бір жауап, Тоқаревпен тілдессем ғой. Не Әлібидің жауабын алып, не оны өз қолыммен өлтірсем… Сонымен біз де тыныштық табармыз. Киікке мекен болған Ұлы Торғайдың мың жықпылынан Кейкіге қоныс табылар. Өлсек, бір төбесінде басым қалса, одан өткен арман жоқ менде.
Шұбар: Көке!!!
Кейкі: Сен анау екі тұтқынды алып, кері қайт. Жалаулының бойындағы мазарда жолығармыз. Некалай мына сілімтіктерін іздемей тұрмас. Осы қыс өте, келер көктемде Майдамталда олармен есеп айырысамыз.  Оқ-дәріңді мол қамда, Шұбар.  Мен Ақжанды күтейін.
Шұбар еркелеп: Көке, сүйінші бар сенен алатын.
Кейкі: Сүйінші, о, Құдауәнда, мұндай да болады екен-ау. Менің жақсы хабар естімегеніме қанша жыл.
Шұбар, еркелей: Көке, Ақжан жеңешем ас талғап жүр… тіпті түйір дәм аузына салмайды.
Кейкі Шұбарды ұстай алады: Не дейсің, Шұбар? Ас талғап жүр дейсің бе, сонда оның аяғы ауыр болғаны ма?
Шұбар: Дәл солай, Көке.
Кейкі шаттана: Сүйіншіңе не берейін, Шұбар. Жақсы хабарыңнан жаным садаға. Астымдағы ақбозымды ал.
Шұбар: Жоқ, Көке. Ақбоз саған ғана лайық. Менің сүйіншіме, «өлмеймін» деп уәде бер, Көке.
Кейкі сыбырлап, Шұбарды бауырына қыса: Өлмеймін, Шұбар, өлмеймін. Мен өлмеймін. Тек кегімді аламын. Сосын ешкімге мылтық кезеп майдандаспай, еркін, тыныш өмір сүреміз… Бар, сен Жалаулыға қарай жөнел…
 
Шұбар ысқыра әндете екі тұтқынды сүйреп сахнадан шығады. Алыстан «Балапан қаз» әні естіледі.
 
Кейкі: Ақжан!!!
Ақжан: Мерген?
Ақжан баяу барып, Кейкінің құшағына енеді. Біраз мауқын басып тұрады.
Кейкі: Ақжан-ай… Ақ Жанай…
Ақжан: Батырым, бәтірім… Тірі екенсің ғой. Арысым…
Кейкі: Сен тірі тұрғанда мен өлмеймін, Ақ-Жанай.
Ақжан: Батыр, сенен сұрар сауғам, тасташы мынау тағы тірлігіңді. Орманды балтамен отап тауыса алмайсың. Одан да кетейікші көз көрмес, құлақ естімес жаққа…
Кейкі:  Сені қайтем, Ақ-жанай…
Ақжан: Мен сендікпін, батыр. Жердің түбіне баста. Көзімді жұмып ере берем…
Кейкі: Елді қайтем, Ақ-Жанақ?
Ақжан: Батыр, тізгіні жат қолына өткен ел, енді саған пана бола алмас, өлімге де қимас. 16 жылғы патша әскеріне қарсы көрсеткен ерлігің бар. Батыр атағың бар, киеңнен де сескенеді. Алайда, осы елден кетпегенің, халық үшін үлкен ауыртпалық болып тұр емес пе?! Кәззаптар саған бата алмайды, есесіне өшіңді қаратабан жұрттан алады.
Кейкі: Осынысы ғой мені қинайтын. Әуелде Томан көкбақаның атын өлтіріп, бекер қаштым. Соған бола соңыма қалжуыр байлады. Енді оның өзін өлтірдім, соңымнан қалмаған қанша мілисаны жаусаттым. Аттап басқан сайын ажалыма асығып, күнам ауырлап барады. Ех, Аманкелді тірі болса, осы азаптың бірін көрерме едім. Жазықсыз жазалы атанғаным жаныма батады.
Ақжан: Сардар шейіт болғанмен, қазір дуанда Некалай Тоқарып отырған көрінеді ғой. Талай рет қолымнан ас ішті, сені жамандыққа қимас. Жүзі жылы, қазағуар жан еді.
Кейкі. Ендігі үмітім сол, Неколай, лайым жақсылыққа бастағай. Бір Алладан үміт үзбейік… Жақсы хабардың ұшы шықты ғой, (сыбырлап, күлімдей) мен Шұбардан естідім…
Ақжан (қулана): нені, мерген?
 
Алыстан жер дүңкілдеткен киіктің дүбірі естіледі.
 
Кейкі (орнынан қарғып кетеді):  Киік, киік, Ақжан, ананы қарашы, ақбөкендер. Пах, шіркін, заулатып-ақ барады, тұмсығын желге төсеп…
 
Ақжан (сықылықтап күліп): туу, Мерген, өмірі киік көрмегендей есің шыққаны несі.
 
Кейкі: Киік – даланың киесі. Су мол тасыған, киік көп келген жылдары елде молшылық болады. Құдайдың құдіреті, аштық, жұт жылдары осы маң даладан бірде бір бөкен көрмейсің…
 
Ақжан: Ақбөкендер шынымен сұлу. Бірақ, қасқырлар оларға жау.
 
Кейкі: Табиғаттың өз заңдылығы бар. Жан-жануардың бір-бірінсіз күні жоқ. Рас, бөкен бейкүнә жануар. Біздің қазақ сияқты. Бір елерсе, алды-артына қарамайды. Ал, қасқырлар –айлакер, төзімді. Бірақ, адамнан қатыгез емес қасқырлар…
 
Ақжан: Сені туарда анаң көкжал қасқырдың етіне жерік болыпты ғой.
 
Кейкі кеңкілдеп күліп: Оны кім айтып жүр?
 
Ақжан: Бейпілқасқа абысыным айтты.
 
Кейкі (күліп): Ол жеңгемнің білмейтіні жердің астында шығар. Айтпайтыны жоқ, бейпілқасқа десе, бейпілқасқа. Ол бір аңыз де…    
 
Алыстан қаз қуқуы естіледі.
 
Кейкі: Ақжанай, киіктің етін жеймісің, жоқ, қаз етін қалайсың ба… тәбетің шапқан асты айт. Кейкінің мылтық ұсынғанынан тірі қалған мақұлық жоқ бұл далада. (Ақжанның құрсақ тұсын ұстайды)
Ақжан әлсіреп: Мерген, мен ештеңе жемеймін…
Кейкі: Жемегені қалай?
Ақжан: Мен аққудың етін жегім келеді… бірақ оны атуға болмайды. Ол – киелі, сенің киең…
Кейкі орнынан ұшып тұрады. Не дейсің?
Ақжан: Аққу…
Кейкі: Аққу… Аққу… (басын сығамдайды)
Ақжан:  Бірақ, сен атпа оны. Одан да мен…
Кейкі. Ақжан…
Ақжан: Иә, батыр?
Кейкі: Жаумен жағаласып, жан пида деп, қалың от ішіне кіргенде – менің өзегімде бір ғана пенделік өкініш жататын. Әттең, бір шикі өкпе иіскемедім-ау деген. Берді Тәңір тілегімді. Енді ұрпағымнан аянарым жоқ.
Ақжан: Әуелде маған қосыларда да аққу-киең қарсы бопты деуші еді жұрт…
Кейкі: Біздің қазақ сенбеске сенеді. Аққу киелі… киік те киелі. Мақұлық атаулының бәрінің обал-сауабы бар. Бірақ… Жаратылыстағы бар жан-жануар атаулының бәрі адамның игілігі үшін. Адамды адам жемесе болды… Уақ Жұмабай ақынның өлеңі бар-тын.. (ыңылдап) «Аққудың еті болмаса, Қарғаның еті ем болмас» деген. Демек… ұрпағым үшін аянарым жоқ. Осы маңда екі аққу жүретін…
Ақжан: Керек емес, Мерген… бекер айттым-ау… маған қаздың еті де жарайды…
Кейкі: Бала…ұрпақ… «Аққуды атпа» – ата өсиеті… Ақжан-ай, мені неге оттан алып суға салды бұл Тәңір…
Ақжан: Батыр, Жасағанға тіл тигізбеші… жалынам..
Кейкі: Жә, Ақжан. Құдайдың құлағы тас керең біз үшін… Шитісінен аң құтылмаған Кейкіге ұңғысын ұсынар құс жолықпағаны не қысас?
Ақжан: Осыны бергеніне шүкір деші, Батыр…
Кейкі: Тәңір берерін тауыспасын де бірақ… Күз түсіп келеді. Биыл қыс, Жыланшық пен Жалдама, Жалаулының бойын, мынау бос жатқан тамның маңайын қыстап шығармыз. Мынау өткелден, Шұбар екеуміз тірі тұрғанда ешкім аттап аттап баспас. Көктем шыға кетеміз бұл өлкеден.
Ақжан: Солай еткенің жөн, Мерген, енді бұрынғыдай соқа бас емес, біздің бөпеміз болады.
Кейкі (үздіге сыбырлап): Бөпе!!!Бөпе!!!
Ақжан: иә, Бөпе!!!
Кейкі: Ақжан!
Ақжан: Құлағым сенде, Батыр…
Кейкі: Кетеміз, қарамды батырам. Себебі, мен үшін пенделікпен майдандасқаннан гөрі, қып-қызыл от, жауып тұрған оққа жалғыз кірген оңай…  Жолыма тұзақ құратындар көп. Әр тұзаққа бір түсіп, қыл мойындағы қыл арқан, бұлқынған сайын қылғындырып барады.
Ақжан: пешенедегі жазудан асып кете алмақ емес пенде баласы. Лаухыл-мақпузда солай жазылса не шара?
Кейкі: Мен – тағдырдың талқысына, Алланың сынағына түскен пәруана пенде екенмін. Соны ұқтым. Мен ғана емес, бүкіл буын солаймыз. Аманкелді де, Әбдіқапар да, Әліби де, оқымыстылар Ахаң мен Міржақып та тағдыр сынағына тап келген екен.
Көрермендерге жақындап: Таланымызға соғыс тап келді – соғыстық. Ұран көтеріп, зіркілдеген зеңбірекке қарсы шықтық. Ел екенімізді көрсеттік. Батырға да жан керек, сондағы тәуекел еткеніміз ұрпақ қамы, ел үшін еді ғой.
Қайран, Аманкелді, соғыста өлген боздақтар. Алдың жұмақ, артың жарық өліммен көз жұмған сендерде не арман бар екен. Сардар, сен бүгін қасымда жоқсың, менімен жағаласар жау да жоқ. Бәрі іштен шалған сілімтіктер. Оны да қойшы, аңсаған тілегім Тәңірдің құлағына шалынып, бала көтергенде жұбайымның аққу етіне жерік болуын қарамайсың ба?!
Үнсіздік, шерлі музыка.   :   
Кейкі әлден уақытта айғай салып: Не істе дейсің енді маған. Ей, Құдай!!!
Ақжан: Мұқалмашы, Батыр!!!
Кейкі: Мұқалмаймын, Ақжан. Қастасқанды қанға батырдым, ұзында өшім, қысқада кегім кеткен емес. Өйткені, мен даланың ұлымын, дала заңының құлымын. Біздің далада құл жоқ, абақты да жоқ. Менің жаным қорлау мен қамауға көнбейді. Тек «қашып кетті» деген елдің қаңқуы сүйекке таңба. Неде болса шер тарқатар бір майдан керек.
Ақжан: Қантөгістің жақсысы жоқ. Соның бәрі кім үшін…
Кейкі: Ұрпақ үшін, айттым ғой, ұрпағым үшін. Мен әрбір аңның тілін білем. Керек десең киікті қойша өргізе алам, жолбарысты жүгендеп, арыстанды ауыздықтауға болады. Бірақ, көкжал бөрінің бөлтірігін асырауға көндіре алмайсың. Менің жүрегім көкжалдың жүрегі сияқты, Ақжан. Кәдімгі қақпанға түссе қылтасын қиып кете беретін қасқыр сияқтымын. Менің балам да сондай еркін, қайсар болып өседі ертең!!!
 
Ақжан: Иә, ол өйткені сенің балаң!!!
 
Кейкі: Менің балам!!!
Екеуі шаттана билейді де, шаршап қалған Ақжан тізе бүгеді.  
 
Кейкі (Ақжанды қолынан ұстап тұрғызып): Сен Шұбарға бара бер… мен өткел бойын шолып шығармын. Мүмкін, аққу кезігіп қалар…
Ақжан: Батыр, абайлашы. Аққуды атпа, оқ ұсына көрмеші құс төресіне. Құдайым-ай, неге ғана айттым екен…
 
Кейкі: Мох, моҺ…
 
Дүбірлетіп шауып келген ат. Қара фон.
 
Қара-қатқақ. Ерте наурызды елестетін сол баяғы өткел. Моланы қыстап шыққан Кейкінің үйі. Зират қасында есігін артқа берген шошақ лашық. Лашықтың іргесінен әрірек қолы байлаулы тұтқындар. Ақжан іші шыққан, күйбеңдеп мосы іліп жүреді.
 
Есік алдында Кейкі намаз оқып отырады. Ақжан ішін ұстап, толғақ келгенін білдіре бүгежектеп қалады. Кейкі оны лашыққа қарай көтеріп жүреді. Осы кезде өткел жақтан гүрс еткен мылтық даусы естіліп, жанұшыра Шұбар шығады: «Көке, жау…, өлме, Көке, беріспе…!!!». Гүрс еткен мылтық, Шұбар ұшып түседі. Соңынан әскери киімділер қаптап шығады да, бұқпантайлап қоршап алады. Бұл кезде Кейкі мен Ақжан, тұтқындар лашықты таса қылып тұрады.
 
Токарев: Беріл Кейкі!
Кейкі: Беріл дегенің бас и дегенің ғой. Мен енді қайрыла алмаспын!
Токарев: Қателеспе, Кейкі, берілсең жаныңды аман қалдырамыз. Көрмейсің бе, мен – қарусыз тұрмын.
Кейкі: Келген ізіңмен кері қайт! Мейманым болып келгенге иілермін-ақ, мейманасы тасығандармен ымыраласа алмаспын!
Токарев: Сен тығылар жер жоқ!
Кейкі: Қазақтың әр апаны менің панам деп есепте. Сондықтан, мені илігеді деп ойлама, жастығымды ала кетем.
Токарев: Кейкі, сен – Ержүрек, сен – Батыр, сен – Көкжал. Бірақ, қазақтың әр апаны, әр жықпылы бүгінде сені аңдыған жансыз.
Кейкі: Ей, шелтірейген шегірткенің айғыры, сен кімсің?
Токарев: Мен – Александр Токарев, Николайдың інісімін. Кейкі, осымен атыс тоқтатылсын, сен қоршаудасың. Біз өлтірмейміз. Мен сенімен тілдесуге келдім.  
Кейкі: Ей, Токардың тұқымы, інім Шұбарға неге оқ жұмсадыңдар?
Токарев: Біз білмедік, бірінші ол өзі оқ атты, бір солдатты өлтірді.   
Кейкі: Неколай неге өзі келмеді, мені көргісі келсе?
Токарев: Ол қазір сырқат, бірақ, дуандағы милиция бастығы Веденеевті көндіріп, саған рақымшылық жасаттырды. Сен бізге – дос, сен – нағыз революционер. Сен – керек адам, сен – батыр, сен – мерген.   
Кейкі: Сен Неколайдың інісі болсаң мен сендім. Бірақ, Шұбарға оқ атқан жендетті көзіме көрсет! Бірінші талабым сол.
Токарев, сасқалақтап: Петр, ағадан кешірім сұра, сен білмеді ол Шубар, аға сені өлтірмейді.. .  
 
Орнынан сүлесоқ көтеріле берген солдатты Кейкі аяғынан атады. Ол ақсаңдап, ойбайлай құлайды. Токарев сасып қалады.
Тұтқын: Петр, бауырым…
Солдат: Андрей!!!  Тірімісің!!!
Сахнада шұрқырасқан екі ағайынды.
Кейкі: ал, айт, менен не қалайсың? 
Токарев: Кейкі, біз сені кешіреді. Амнистия жасайды. Сен нағыз большевик. Сен…
Кейкі: Сен кешіргенмен мен сендерді кешіре алмаспын. Мен бөлтірігін алдырған бөрімін. Апанын алдыртқан арланмын. Аманкелдіні ол өлтірттіңдер, ел Хан сайлаған Әбдіқапарға анау істегендерің… енді келіп менің бауырыма ши жүгіртіп, апаныма құрық тығып тұрсыңдар!!! Қитықтан ситық шығарып, көрінген итті абалаттыңдар… туған бауырымды көз алдымда мерт еттіңдер!!!  
Токарев: Мен білмеді ол сенікі іні! Токаревтің қолынан келері енді аман қалдыру ғана.  Сен фронтқа керек адам.
Кейкі: Жоқ! Күні үшін табан жалайтын төбетің мен емес. Ұясын Торғай екеш, Торғайда қорғайды жауынан.
Токарев: Кейкі, өтінеміз, Тұтқындарыңмен тілдестір.
Ақжан: Тілдестірме, Батыр, бұл зәлімнің не ойлағаны бар екенін кім білсін. Ажалың осыдан болмаса неғылсын.
 
Кейкі тұтқындарды желкесінен сүйреп лашыққа жақын әкеледі. Қолдарын шешеді.
 
Екі жақ сөйлесе бастайды. Кейкі оларға сөйлесуге ерік береді. «Тілдестірме, батыр!» деп ыңырсыған Ақжан.
 
Тұтқын: бізді құтқарыңдар, оның қолында үш-ақ оғы қалды.
 
Токарев: Беріл, Кейкі, біз көппіз. Сенің қолыңда үш-ақ оғың қалды.
Кейкі «ей, жансыз, сұмырай» деп тұтқындарды мылтықтың дүмімен ұрады. Сосын «Ақжан-ай, көзімді қан жауып кетті ғой, көзімді қан жауып кетті ғой, қан жауып кетті ғой» деп үш рет айтып, сәл тоқтап қалады.
Токарев: Кейкі, беріл деймін, біз – көппіз. Сенде үш оқ.
 
Кейкі: Ей, қақылдама. Мә, онда үш оқтың бірі саған жалынсын! (Токаревті атып түсіреді. Тағы бір оғымен бір солдатты жаусатады.)
 
Осы кезде Ақжан ыңырсып, толғағы қысып, құлай кетеді, Кейкі оған қарай ұмтылғанда екі тұтқын бір мезетте бірі мылтыққа, бірі Кейкіге шабуылдайды.  Тар жерде командир-тұтқын Кейкіні кеудесімен соғып, нысана болатын жерге шығарып жібереді. Қарсы жақтан оқ атылады. Оқ Кейкінің қолынан тиеді. «Батыр!» деп соңғы күшін жинап ұмтылған Ақжан оның мылтығын алып бермек боп жанталасады. Осы кезде лашық құлап, Ақжанға оқ тиеді. Анталаған жау Кейкінің үстінен басып қалады. Төбелес. Тұншыққан Кейкі. Ыңырсыған Ақжан.
 
әскерилер сүйрелеп ортаға алып шығады. Солдаттардың бірі: Қарсыласуды тоқтат, қарақшы!
Кейкі өшіге: Мен қарақшы емеспін, қан іздеп жүрген қанқұйлы сендерсіңдер. Жақсылық атын жамылып, жамандық жасаған жымысқылар.
Солдат (пышағын білемдеп): Өшір үніңді, басыңды өз қолыммен алам.
 
Кейкі (бұлқынып): Басымды алсаң аларсың, бірақ басына алмассың. Мен осы Даланың ұлымын. Өлсем де арландарша, ақырғы демім қалғанша қарсыласым өлемін.
 
Солдат: һа-һа-аһ, арланым, ендеше мен сенің ініңе су құйдым, енді басыңды басқаларға үлгі болуы үшін, қарсыласпасы үшін елдің алдына іліп қоямын. Қасқырдың терісі сияқты. Өлер алдыңда датыңды айт, ақырғы арманың ішіңде кетпесін.
 
Кейкі (өршіл үнмен): Арманым жоқ, ей, жалған. Ақ патшамен де арпалыстым. Қызылыңмен де қандастым. Басымды имедім, бағынғаным – Арым, табынғаным Халқым. Мен жаудан жеңілген жоқпын, бауырыма ши жүгірткен саясаттан ұтылсам, сатқындықтан жеңілсем, салтымда жоқ еді. О. Құдіретті Жаратқан, аманатымды айттым, Азат қалпымда,  жанымды өзің ал да, рухымды өлтірме!!! Рухымды өлтірме!
 
Гүрс еткен мылтық. Қара түнек. Шар еткен нәресте үнімен сахна жабылады.
 
 

You may also like...

1 Response

  1. Абылай ағаның жанкүйері айтты:

    Абылай аға, қазаққа керек осындай дүниелерді көптеп жазыңызшы! Сіз шын мықтысыз ғой, қарапайымдылығыңыздан таймаңыз!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓