Жаңа жоба заңдылықты күшейте ала ма?
Қостанай облысында соңғы 3 жылда әкімшілік істердің аяқсыз қалып, тоқтатылуы көбейген. Істің қаралуы мен орындалу мерзімінің өтіп кетуі және кінәлі тарапынан құқық бұзу құрамының болмауы бұған басты себеп екен. Нақтырақ айтқанда, осындай көрсеткіш тоқтатылған істердің жалпы санының үштен екісін құрайды. Ал әр оныншы әкімшілік іс тоқтатылады.
Енді әкімшілік жаза басқандардың жауаптан құтылуы екіталай болғалы тұр. Облыстық прокуратура мен өңірдің ІІД бірлесіп, «Әкімшілік процестегі заңдылықтың кепілдігі» жобасын әзірлепті:
– Тоқтатылған істердегі үш жағдайдың екеуінде құқық бұзушы жауапкершіліктен оңтайлы құтылып кетеді немесе іс жалпы заңсыз қозғалады. Екі жағдайдағы оқиға да әкімшілік құқықтағы жазаның бұлтартпаушылығы мен азаматтардың құқықтарын бұзуға жол бермеу қағидаларына қайшы келіп отыр. Бұл жоба жоғарыда аталған келеңсіздіктерді түзетуге бағытталмақ, – деді облыс прокурорының көмекшісі Дамир Әйішев арнайы баспасөз жиынында.
Әкімшілік құқық күнделікті өмірдің барлық жағын қамтиды. Сол себепті жаңа жоба тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуын, әйелдер мен балалар құқықтарының бұзылуын, қоғамдық тәртіп пен мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуін қамтымақ. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылықтың заңсыз қозғалу фактілерін болдырмау және соттың дәлелсіз себептермен оны тоқтатуының алдын алу мақсатында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады дейді жоба авторлары.
Айта кетейік, Қостанай облысының прокуратурасы мен өңірдің ІІД бірлескен «Әкімшілік процестегі заңдылықтың кепілдігі» жобасы республика көлемінде алғаш қолға алынған науқан. Жоба осы аптада басталды және оны келер жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ