Алғашқы мектеп қалай салынды?

Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің қазақ даласындағы алғашқы қазақ мектебін Торғайда ашқаны тарихтан мәлім. Бірақ тұңғыш оқу ошағының қандай қиындықпен салынғанын, мектептің кейінгі тағдырын білеміз бе? Патшалық Ресейге отар ұлтқа мектеп ашуға рұқсат берудің мәнісі неде еді? Турасында, қанаудағы қазақтардың орыс билігіне қызмет етерліктей деңгейде ғана сауат ашуын, жергілікті жұртпен арадағы тіл­маш­тық қызметке икемделуін ғана көздеді. Бұған дейін аш­ылған орыс-қазақ мектептерін бітірген қазақ балалары осындай қызмет ат­қа­рып та жатты. Ыбырай да Орынбордағы осындай мектепті бітіріп, шамалы уақыт тілмаш болып, кейін мұғалімдікке бет бұрды.Қазақ жерінде қазақ тілінде мектеп ашуға рұқсат беріліп, Торғайға мұғалім болуға жіберілгенде Ыбырайдың жасы 20-да еді. Ол нағашысы Шеген бидің елі Торғай да ұстаздық ете жүріп, осы өңірде мектеп ашуға бел буды. Билік өкілдері мұның мүмкін емес екеніне барынша сенген еді. Ыбырайға қарапайым халықты да бұл мақсатына сендіру оңай болмады. Оның себебі де бар. Көбі «Балаларды шоқындырасың, орыстың тәлім-білімін оқытайын деп жатырсың» деген сыңайда күдік-күмәндерін айтты. Үрейленулерінде де негіз бар еді. Орыс үкіметі қазақты оқу-ағарту ісімен отарлай түскісі келді. Оған Ыбырайдай лайықты адам аз-тын. Ол үкіметтің түпкі мақсатын сезсе де ұлтының көзін ашып, санасын оятатын үлкен мүмкіндікті мүлт жібермеуді көздеді. Сөйтіп, олар Ыбырайды, Ыбырай оларды пайдаланғысы келді десе болады.
Қалайда ұлы ағартушы өз дегеніне, көздегеніне жетуді көкседі. Торғайда мектеп салуға жергілікті халықтың, бас көтерер азаматтардың қолдауы қажет еді. Мұның пайдалы іс екеніне жұрттың көзін ақыры жеткізе алды. Солайша, 1861 жылы-ақ құрылыс жұмыстарын бастады. Ең қиыны – Торғай даласынан құрылыс материалдарын емге табу мүмкін емес-тін. Сондықтан Шеген бидің ұрпақтары, яғни нағашылары, ауыл-ауылдағы тұрғындар демеу көрсетіп, ортақ іске қаражат жинады. Нағашыларының көмектесіп жатқанын естіген Балғожа бидің туыстары да «біз де қалыспайық» деп, Торғайға мал айдатып жібереді деген деректер кездеседі. Мектеп салу ісі көпке ұзамай жан-жақты қолдау тапқан.«Мектеп қабырғасы 1 метрлік саман кірпішпен қаланған. Қадалары да 1 метр сайын салыныпты. Жалпы, мектеп салу бастамасы көтерілгенде ел ішінен архитектор ізделеді. Сонда сәулетшілік білі болмаса да, ауылда көптеген үйді салып жүрген Шилі ауылының тұрғыны Талпақ Байтөреұлы деген кісі ғимараттың нобайын сызып, құрылысты өз мойнына алған. Ал Торғайда құрылысқа жарайтын ағаш өспейтін болғандықтан, 500 шақырымдай қашықтықта жатқан Аманқарағай, Арақарағай ормандарынан тасуға тура келген», – дейді ыбырайтанушы, ақын Серікбай Оспанов.
Ол кезде қазіргідей техниканың жоқ екені тағы белгілі. Ыбырайдың өзі өгіз арбамен қыстың аяз-боранына, жаздың аптап-аңызағына, жауын мен дауылға қарамай бірнеше мәрте жаяу қатынайды.
«Айшылық жерге барғанда екі өгіз арбамен айналдырған екі бөренеден ғана тасыған. Ұзын бөренелердің бір басын алдағы өгіздің, екінші басын артқы өгіздің екі бүйіріне өңгереді екен. Бір қатынағаннан құрылысқа қажет материал жиналушы ма еді? Зор бейнетпен екі ортаға, қанша қажет болса сонша рет жаяулап-жалпылап барып келген», – деген дерек қосты Ы.Алтынсариннің облыстық мемориалды музейінің директоры Марғұлан Оспанов.   
Осыншама қажыр-қайрат жұмсалған мектеп 4 жылдан кейін толық салынып бітеді. 1864 жылы 8 қаңтарда қазақ даласындағы алғашқы қазақ мектебінің алғашқы қоңырауы соғылады. Сонда мақсатына қолы жеткен аяулы тұлғаның пікірлес досы Ильминскийге хат жазғаны бар. «8 қаң­тарда көптен күткен арманым іске асып, мек­теп ашылды. Оған қырғыздың (қа­зақ­тың) 14 баласы түсті. Бәрі де жақсы, зе­рек балалар. Мен балаларды оқытуға қызу кірістім», – деді. Білім беру ісіне «аш қасқырдай» бас қойған Ыбырай өз әдістемесімен үш айдың айналасында алғашқы шәкірттеріне қазақша, татарша, орысша жазу-сызу, оқуды үйретіп шығарады. Одан кейін Ыбырай жаққан шырақ қаншама ұрпақтың санасына сәуле түсірді десеңізші!
«Жақында ғана жарық көрген «Ұлтын ұлықтаған Ыбырай» атты кітабымда жазғанымдай, негізі ұлы ағартушының ең алғашқы шәкірттерінің саны 17 болған. 1889 жылы бұл оқу ошағы орыс-қазақ мектебі болып өзгертіледі. Сол кездері Ахмет Байтұрсынұлы осы мектепте оқиды. Бірақ, бір анығы, оған Ыбырай сабақ берген жоқ. Өйткені ол 1883 жылы Қостанайға көшіп кеткен. Бірақ Ыбырайдың ізін басқан шәкірттері мұғалімдікті сабақтап, бұл мектеп қызметін үздіксіз жалғастыра берді», – дейді ғалым Серікбай Оспанов.Қазақ жұртының құтханасына айналып, ғасырдан астам уақыт сыр бермей келген Ыбырай мектебінің ғимараты 1969 жылы қолмен құлатылды. Өкініштісі, оған да халықтың керенау, немқұрайдылығының кінәсі бар.
«Сол тұстағы Компартияның Қостанай облысындағы 1-хатшысы Андрей Бородин Торғайға барғанында назары нақ осы мектепке түсіп: «Мынаны көзге сүйел қылмай, неге құлатып тастамайсыңдар?» – деген көрінеді. Сол-ақ екен, шолақ белсенділер Ыбырай мектебін талқандауға кіріскен. Ақымақтықта шек жоқ қой», – деп күйінеді ыбырайтанушы.
Ел аузындағы әңгімеге сенсек, мектепті бұзу қиынға түскен. Шынжыртабан тракторлар қабырғаларын құлата алмапты. Мұны осы оқу ошағының 1960 жылғы түлегі, қаламгер Қайдар Байдебекұлы да растады.
 «Саман қабырғалардың қалыңдығы 1 метр болатын. Техниканың әлі жетпегесін қолмен бұзылған. Осы кезге дейін тұрса, еш жерінде кінәрат болмас еді. Есімде, 1973 жылдары 1-хатшы болып Кеңес Әубәкіров деген келді. Сол кісі: «Неге құлатты? Болашақ үшін сақтау керек еді ғой. Бұларыңыз болмаған екен, елдікке жатпайды ғой», – деп қиналып, жанашырлық сөзді алғашқы болып айтып еді. Өзім куә болдым», – дейді ол.Бүгінде Ыбырай салған мектептің орнында музей тұр. Оған ұлы ағартушының есімі берілген. ішіне енсеңіз, тұңғыш мектеп тарихы жаңғырып сала беретіндей…
 
Экспресс К

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓