Жерлесіміз – жүлдегер!
Сарыкөл аудандық өнер мектебінің тәрбиелеп жатқан шәкірттері шеттерінен талантты. Солардың бірі – Сарыкөл орта мектебінің 9-сынып оқушысы Камила Мақашева, көркембейнелеу жанры бойынша 3-сынып оқушысы.
Таяуда «Менің сүйікті гүлдерім» атты республикалық байқауда екінші орын иегері атанды. Үздік жұмысы үшін майталман мамандар тарапынан дипломмен марапатталды. Сөйтіп, мектеп мерейін, аудан абыройын асырды.
Талапты Камиланың талантты ұстазы – Мыңжасар Насыров. 6 жылдан бері өнер мектебінде көркембейнелеу сабағынан тәлім беріп, балаларды ой-қиялмен сурет салуға баулып жүр. Өткен оқу жылының аяғында оның 6 оқушысы жақсы оқығандары үшін мектеп директорының мадақтамасын алды.
-Күнтізбелік жоспар бойынша жұмыс істейміз. Сурет, кескіндеме, композиция, мүсін, өнер тарихы бойынша сабақ өтеміз. Менің сыныбымда дарынды балалар баршылық. Соның ішінде жоғары жетістікке жеткені әзірге Камила, – дейді мұғалімі.
«Ұстаздан шәкірт озар» демекші, Камила болашақта ағайы секілді сурет мамандығының жілігін шағып, майын ішкен маман болғысы келеді.
-Республикалық байқауға ел бойынша 400 оқушы қатысты. Солардың ішінен екінші орынды иеленуім – мен үшін үлкен жетістік. Ең бастысы, бұл менің суретке деген құштарлығымды одан сайын арттыра түсті. Болашақта сурет салудың қыр-сырын меңгергім келеді, – дейді жүлдегер қызымыз.
Айта кеткен жөн, Камила білім алып жатқан бөлімдегі сыныптар бойынша оқушылар қатары биылғы оқу жылы 7 баламен толықты. Яғни, олардың жалпы саны 24-ке жетті.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы