ТІРЕК АУЫЛ, ТОЛЫМДЫ ТІРЛІК

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Тобыл кентінің реңіне қан жүгірді. Бұған халықтың тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік саласы мен экономикасын өркениет көшіне ілестіруге бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы себеп. Биыл Қостанай облысының 13 ауыл-аймағында жүзеге асырылатын 63 жобаның екеуі Бейімбет Майлин ауданындағы осы стансаға тиесілі.IMG_2044
 
Тобыл қалай пайда болды?
Аймақтың стратегиялық маңызы зор ірі елді мекені саналатын Тобыл кентінің географиялық орналасуы қарапайым математикаға негізделгенін біреу білсе, біреу білмейді. Олай дейтініміз, сонау 1939 жылы Ақмола-Қарталы темір жолының құрылысы жүріп жатқанда паровоздың суы мен көмірі бір жүргенде 120-140 шақырымға ғана жететін. Сондықтан қашықтығы 280 шақырымдық Құсмұрын мен Қарталы стансаларының қақ ортасындағы айдалада батпақты топырақ мен климаттың қаталдығына қарамастан жаңа станса бой көтерді.
Ұлы Отан соғысы жылдары Тобыл тыл мен майданды жалғастырып, қорғаныстық маңызын арттыра түсті. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары мұнда электровоз депосы, электрлік орталықтандыру бекеті, алып элеватор мен көп қабатты үйлердің құрылысы қарқын алды.
Қазіргі таңда Тобыл жолаушылар мен жүк өткізу қабілеті жоғары бірінші класты стансалар қатарында. Мұнда пойыздардың үздіксіз қозғалысын заманауи жабдықтар мен жұмыс орындарының автоматтандырылған компьютерлік жүйесіқадағалайды. Сапалы ауыз сумен және көгілдір отынмен қамтылған кенттің әлеуметтік-экономикалық ахуалы болса, күннен-күнге жақсарып келеді.IMG_2046
 
Жалғыз амбулатория жаңартылуда
Қостанай, Челябі, Нұрсұлтан, Ақтөбе және Жетіқара бағыттарынан келетін темір жолдың түйіскен жеріндегі стансада бүгінде 7 мыңға тарта халық тұрады. Биыл тірек ауылдың бірнеше әлеуметтік нысандары жаңартылмақ. Соның бірі – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына іліккен дәрігерлік амбулатория.
Сонау 1985жылы салынған ғимарат соңғы рет 1996 жылы күрделі жөндеу көрді. Жыл сайын қабырғалары ақталып, терезелері мен шатыры боялағынымен ескінің аты ескі емес пе? Екі қабатты амбулаторияның ағаштары шіріп, құбырлары тесіліп, электр желілері жиі істен шығып, жұртты әбігерге салып келді. Енді оны бастан-аяқ толық жаңартуға 191млн теңге бөлініп отыр.
– Жөндеу жұмыстарын мамырда бастадық және қазан айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Іші-сыртын әрлеп, төрт қабырғасынан басқасының барлығынауыстырамыз. Атап айтсақ, бұл – төбесі, терезелері, жарық, жылу, желдету және құбыр желілері. Барлығы санитарлық нормаларға сәйкес келмек. Бір сөзбен айтқанда, ғимараттың екінші тынысы ашылады, – дейді бас мердігер «ТоргСтройМонтаж» ЖШС директоры Павел Борзенков,
Тобыл дәрігерлік амбулаториясының бас медбикесі Нелла Распопинаның айтуынша, 4 маманнан тұратын мекеменің ұжымы бұл сәтті көптен бері күтті. Өйткені жұмыс орнындағы жайлылық дәрігер жұмысына ғана қоймай, жаңадан жас мамандарды тартуға оң серпін береді.
– Бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, қазіргі жағдайда дәрігерлердің біліктілігіне қойылатын талап жоғары, жауапкершілік жүгі ауыр. Біз халықтың сенімі мен үдесінен шығуға бар күшімізді саламыз,– дейді ол.
Амбулаторияның күрделі жөндеу кезінде қызметтік автокөлік қоятын гараж да назардан тыс қалмайды. Соның арқасында кез келген жағдай мен ауа райына қарамастан пациенттің шақыруына жедел жетуге мүмкіндік болмақ.
Айта кетейік, бір ғана амбулаторияны жөндеуге мердігер компанияның өкілдерінен бөлек Тобыл кентінің он шақты тұрғыны тартылған. Солардың бірі, Еркін Хасенов. Байырғы құрылысшы өз ауылында мамандығы бойынша жұмыс тапқанына риза.
– Пандемияға байланысты  көптеген вахталық жұмыстар тоқтатылған болатын. Дәл осы кезеңде «екі қолға бір күрек» тапқаныма ризамын. Өйткені бөтен жерге сабылып, шығынданудың қажеті жоқ. Отбасымның жанындамын, жалақым 120 мың теңге көлемінде, – дейді ол.
Ғимаратты жаңарту кезінде дәрігерлер тұрғындарға медициналық қызметті ауылдағы өнер мектебінің ғимаратында көрсете беретін болады. Жағдай жергілікті биліктің жіті бақылауында.фото номера
 
Жолдың жыры бітпейді, жөнделмесе
Тобыл жұртшылығын мазалайтын тағы бір мәселе – ішкі жолдардың жағдайы. Былтыр еліміздің солтүстік бөлігін батыспен және Ресеймен жалғастырып жатқан күре жолдың көпірі күрделі жөндеуден өткізілді. Ішкі жолдарға келетін болсақ, бұл жақта та оң өзгерістер орын алмақ.
Соңғы бір-екі жылдықтың өзінде ауылдың Станционная, Элеваторная, Вокзальная, Кооперативный көшелерінің негізгі бөліктеріне асфальт төселді. Жалпы ұзындығы 6 шақырым жол жөнделді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасының арқасында күзге дейін тағы сегіз көшенің жолы жаңа кейіпке енеді.
– Шыны керек, бұрындары жаңбыр жауса резеңке етікпен жол кешетін едік. Қазір сүйікті ауылымыз әрленіп, жолдар көңіл көншітерлік жағдайға келді. Әрине сексен жылдық тарихы бар жолдың жырын бір жылда бітіру мүмкін емес. Бастысы сең қозғалды. Халық риза, – дейді ауыл тұрғыны Ұлмекен Нұрсейітова.
Айта кетелік, амбулатория, ішкі жолдардан тыс Тобыл кентінде биыл мектеп, пен балабақшаны да жөндеу көзделіп отыр. Осының бәріне бір ауылға ғана 400 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылған.Элеватор
 
Көзін тапсаң, кәсіп көп
Бүгінде Тобыл кентінің аумағында 140 шағын және орта бизнес нысаны тіркелген. Оларда500-ге тарта ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Ірі кәсіпорындардың қатарында «Olzha Storage» ЖШС-ның элеваторы да бар.
«АПК «Olzha Holding» компаниясының инвестициялық жобасы болып табылатын Тобылдағы жаңа элеватор кешені 2015 жылдың қыркүйегінде іске қосылған. Элеватор əрқайсысына 5 мың тонна астық кететін 8 мұнара қоймадан, дербес жылыту бекеттерінен, машинамен тасылған астықты құятын жəне теміржолмен жеткізілген астықты құятын қамбалардан, таразыдан, зертханадан тұрады.
–Қазіргі таңда элеваторымызға Таранмен қатар көршілес Денисов, Жітіқара ауданының шаруа қожалықтары өз астықтарын алып келіп жатады. Элеваторда астық кептіргіш екі агрегат бар. Олардың əрқайсысы сағатына 50 тонна астық кептіре алады. Біз ол астықты кептіріп, ылғалдылығы мен құрамын зертханада тексеріп, қорытынды қағазын береміз.Олар тек осы қағазбен ғана астықтарын диірмендерге өткізе алады, – дейді компания директоры Нұрсұлтан Тұрарұлы.
Жаңа кәсіпорын 40 адамды жұмыспен қамтыған. Олардың барлығы Тобылдың тұрғындары. Жабдықтар мен аспаптардың басым бөлігі Түркиядан алынғандықтан, жұмысшылар шығару компанияның арнайы оқытуынан өткен.
–Менің мамандығым агроном. Холдингте он жылдан астам жұмыс істеп келе жатырмын. Негізгі міндетім жыл бойы элеваторға келетін астықты өңдеудің барлық технологиялық үрдісін қадағалаймын. Жұмыскерлер өз істерін жақсы біледі және үлкен жауапкершілікпен атқарады, – дейді элеватордың учаске басшысы Абай Құдабаев.
Серіктестіктің астық өсіретін өз ауыл шаруашылық жері де бар. Кептіріліп, тазартылып, қапталған компанияның астығы темір жол арқылы Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан мен Ресейге жөнелтіліп жатыр.
Бір сөзбен айтқанда, Тобылда көзін тапсаң, кәсіп көп. Ауыл халқының ауыз су, жылу, табиғи газбен қамтылып, тоғыз жолдың торабында орналасуыбұған қолайлы жағдай жасайды.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Б.Майлин аудан

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓