Шаруа сырын ұққан
Таң арайлап енді атып келеді. Айналаны тұмшалаған қара бұлттың бүгін де сейілетін түрі көрінбейді. Ұйытқыта соққан ызғарлы жел өңменіңнен өткендей. Жылы төсектен тұрып, далаға беттеген адамның тынышы қашар мезгіл. Бірақ, күйбең тірлік күтіп тұра ма? Кәнігі механизатор Сергей Саитов әдеттегінше бозала таңнан тұрып, серіктестік гаражына қарай аяңдады. Кешелі бері жауған жаңбыр сап тиылған. Алайда, жер әлі дегди қоймапты. Ауыл арасы болмаса, жазық дала тез кебеді. Оны ұзақ жылдар бойғы тәжірбиесінен біледі. Олай болса уақытты ұттырмау керек. Санасын меңдеген сан оймен арпалысқан ол техника паркіне лезде қалай жеткенін аңдамай да қалды. Сағат таңғы жетіге таяған. Мұнда көп бөгелген жоқ. Өзіне бекітілген алып дала кемесін гүр еткізіп от алдырып, егінжайға қарай тура тартты. Соңынан бірнеше комбайн шұбап барады…
-Күндегі әдетіміз осы. Таңғы жетіден қас қарайғанға дейін дала қосында жүреміз. Бұл суық әзірге ештеңе емес, қара суықтың көкесі әлі алда. Мына бітік егінді жауын-шашынға ұрындырмай, тезірек жинап алсақ, сол олжа,-деп күлімсірейді жылы кабинаға жайғасқан озат комбайншы.
Серіктестік биыл сатып алған су жаңа «Акростың» рөлін Саитовқа сеніп тапсыруы тегін емес. Отыз үш жылдан бері комбайн кабинасында шыңдалған механизаторды өзге әріптестері, әсіресе, жастар жағы өздеріне үнемі үлгі етеді. Мұнда Сергей сияқты өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын механизатор жігіттер ондап саналады.
…«Сұлу» ЖШС-і 1998 жылы құрылыпты. Содан бері жыл сайын жиырма мың гектарға егін салады. Соның 7,5 гектарына түрлі майлы дақылдар егеді. Жалпы, бұл шаруашылық бидайдан бөлек күнбағыс, жарма, қыша, зығыр, рапс, арпа, сұлы, жасымық тәрізді 14 түрлі дақыл өсірумен шұғылданады. Шығымы жаман емес. Қатты, жұмсақ сортты бидайдың өзі әр гектарынан орта есеппен алғанда 18-22 центнерден өнім береді. Шаруашылық директоры Александр Пирог әр дақылды балаша мәпелеп күткенде ғана мол өнімге кенелуге болатындығын жасырмайды.
-Біздің шаруашылық он төрт жылдан бері бидайдың қатты, жұмсақ сорттарын егумен айналысады. Бұлар қаржылық жағынан өте тиімді. Кезінде қатты бидайды тұқымдай да саттық. Әлі күнге дейін тауарлы бидайды сыртқа саудалаймыз. Енді майлы дақылдардың да пайдасын көріп отырмыз. Мәселен, жасымық дақылы қызылды-жасылды боп келеді. Мол сұранысқа ие, бірақ, ерекше күтімді қажетсінеді. Сондықтан, оған екінің бірі тәуекел ете бермейді. Зығыр да сол тәрізді. Қоңыр түстісін сұйық май жасауға жұмсаймыз, ал сарысын сатамыз. Ол түрлі парфюмерлік заттарға қоспа ретінде пайдаланылады,-дейді ол.
Науқандық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауға шаруашылықтың әлеуеті толық жетеді. Мұнда кадр мәселесі деген атымен жоқ. Дала қосында шетінен білікті, тәжірбиелі мамандар жұмыс істейді. «Сұлу» ЖШС-нің меншігінде өнімділігі жоғары 21 комбаин бар. Биыл тағы да төрт бірдей «Акрос-550» комбаинын сатып алыпты. Алдағы бес жылдың бедерінде шаруашылық техника паркін жаңалауға ниетті.
Республикалық «Аграрлық несие копорациясы» АҚ «Сұлу» тәрізді ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды үнемі қолдап отырады. Аталған қаржы институты Ұлттық қор қаражаты мен бюджеттен тыс қаржы есебінен агроөнеркәсіп кешені субьектілерін қолдау мақсатында 1000-ға тарта шаруа қожалығы мен серіктестігіне науқандық жұмыстар үшін 40 млрд.теңгеден астам қаржы бөлген. Бұл үстіміздегі жылы диқандардың 2 млн.гектардан аса алқапта көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім жұмыстарын уақыты аяқтауға мүмкіндік берді.
Тарқатып айтсақ, ауылшаруашылық тауар өндірушілері «Аграрлық несие корпорациясынан» алған қаржыға жанар-жағар май, техникаға қажетті қосалқы бөлшектер, минералдық тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алады.
-Бұл шаруалар үшін өте маңызды шара. «Аграрлық несие корпорациясы ұсынып отырған жеңілдіктерді еліміздегі өзге қаржы институттарының бірде-бірі жасай алмай отыр. Біз бұл корпорациямен 10 жылдан бері тығыз байланысып келеміз. Көктемге салым несие аламыз. Оны өтеу мерзімі де өте қолайлы,-дейді Александр Пирог.
2016 жылы аталған ұйымның қаржысына Қостанай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік, Оңтүстік Қазақстан облыстарының ауылшаруашылық тауар өндірушілері уақытылы қол жеткізді. Корпорация несие серіктестіктерін қорландыру аясында жыл басынан бері 300-ден астам агроөнеркәсіп субьектілерінен келіп түскен 4,6 млрд.теңгенің өтінішін қанағаттандырды.
-Біздің негізгі мақсатымыз шаруаларды мемлекет бөлетін қаржымен қамтамасыз ету. Бұл арада екі бағыт ұстанамыз. Бірі – ауылдық жерлерде құрылып жатқан несиелік серіктестіктер арқылы қаржы ұсынсақ, екіншіден, тауарөндірушілерді біз өзіміз тікелей несиелендіре аламыз. Биыл облыстағы 21 шаруа қожалығына несие бердік,-дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры Төлебай Меңдіоразов.- Мәселен, өңір диқандары үстіміздегі жылы 4 миллионнан астам гектарға егін салса, соның 400 мың гектарына иелік етіп отырған ірілі-ұсақты шаруашылықтарға 16 проценттік үстемемен несие үлестірдік. Оның 10%-ін Үкімет өз тарапынан ұсынып отыр. Негізі, мемлекет ауылшаруашылық саласына мықты қолдау көрсетіп келеді. Соның бір айғағы, биыл біздің облысқа мал және егін шаруашылығын дамыту үшін 5 млрд теңге бөлді. Бұл дегеніңіз – үлкен көмек! Мемлекет тарапынан берілген қаржы толық игерілді, енді оны жыл аяғында еш қиындықсыз қайтарамыз.
… Ұзыннан-ұзақ тізбектеліп, дала төсінде сап түзеген комбайндар бірінен соң бірі егінжайға қарай бет алды. Таңертеңгідей емес, күннің көзі шыққалы жағалай сары түске малынған маң дала маужырап тұрғандай. Болмашы ғана күн көзінің шуағына шомылған бидай масақтары баяу ескен желмен қоса тербетіледі. Манадан бері күректей қолын көлегейлеп, алысты көзбен шолып тұрған шаруашылық директоры әнтек қимылдап, жан қалтасынан бүктелген дәптерді суырды.
– Менің ішкі есебімше, алдағы апта тынық болуы тиіс. Сондықтан, тез қимылдап қалғанымыз жөн. Өткендегі жаңбыр болмаса, орақты әлдеқашан түгесер едік. Оқасы жоқ, енді бір жеті, он күннің ішінде бітіреміз, – дейді Александр Сергеевич.
Бұл кезде даланың өлі тыныштығын бұзған алып дала кемелері әудем жерге ұзап кеткен еді…
Әлібек ЫБЫРАЙ,
Таран ауданы
Суреттерді түсірген автор
.