Раббың үшін құрбан шал…
Таң намазын жаңа мешітте оқып, "мереке қабыл болсын!" дескен қостанайлық мұсылмандар Алла әмір еткен құрбандық шалу парызын атқарысты.
Облыс орталығы төңірегінде мал союға екі алаң әзірленген. Бірі – Федоров ауданына шығатын жолда, екіншісі – Қостанай ауданында. Бұл туралы ақпарат Аймағамбет Спанұлы мешітінің ашылу рәсімі кезінде берілген болатын. Қос алаңға да нөпір халық жиналған. Мәселен, Затобол кентіндегі нүктеге шамамен 100 бастай қой саудаға қойылуы мүмкін деп күтілген еді, түске таман бұл сан үш есеге артты. "Жәрмеңкеге қатысу тегін, қойлар бағасы 15 мыңнан 30 мың теңгеге дейін болды" дейді ауылшаруашылық бөлімінің мамандары. Шарт бойынша, құрбандыққа шалынған мал етінің үштен бір бөлігі тұрмысы төмен, міскін-мұқтаж жандарға таратылады. Жергілікті дін қызметшілерінің айтуынша, қырықтан астам аудан тұрғыны ет жағынан көмек сұрап, алдын ала тізімге тіркелген екен. Уағда етілгендей, әрқайсысы тиесілі сыбағаларын алды.
Ал Федоров тас жолы бойындағы мал сату және сою үшін ұйымдастырылған алаңға 175 бас қой және бірнеше қаралы ІҚМ әкелінген. "Айта кету қажет, мереке алдындағы бұл мал базары облыста алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мұндай үрдісті жыл сайын Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Астана және Атырау қалаларынан ғана көру мүмкін еді", – дейді "Мал базар Қостанай" ЖШС басшысы Д.Құдасов.