Игілігі – екі есе
Қарабалық ауданында осы ай ішінде жиырмаға жуық білім беру және мәдениет нысандары ағымдық жөндеуден өткізіледі. Мұның сыртында, ауданішілік жолдарды қалыпқа келтіру бойынша сегіз жоба іске аспақ. Бұларды "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында Ұлттық қор және облыстық қазына қаржыландырады.
Ауданда аталмыш бағдарлама шеңберінде мұндай жобалар алғашқы жыл жүзеге асқалы отырған жоқ.
Пайда оңды-солдан: әлеуметтік нысандар жөнделеді, әрі бұл жұмыстарға жергілікті жұрт жұмылдырылады. Ірі мемлекеттік бағдарламаның алғашқы бағытының мәнісі де осында – "Инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыспен қамту".
Пайда оңды-солдан: әлеуметтік нысандар жөнделеді, әрі бұл жұмыстарға жергілікті жұрт жұмылдырылады. Ірі мемлекеттік бағдарламаның алғашқы бағытының мәнісі де осында – "Инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыспен қамту".
Биыл Қарабалық ауданына осы жобаларға 181 млн. 933 мың теңге бөлінген. Қаржының көп бөлігі – 71 млн. теңгеден астамы мәдени нысандардың ағымдық жөндеуіне бағытталды. Тармақтай айтқанда, аудандық мәдениет үйінің вентиляциялық жүйесі жаңартылады, Святослав, Белоглин, Смирнов, Станционный, Жеңіс, Приречый мәдениет үйлері мен Надеждин, Сарыкөл елді мекендерінің клубтары ағымдық жөндеу көреді. Әр мәдениет ғимаратына 8 млн. теңгеден астам қаражаттан бөлінеді.
Білім беру саласының мамандары да бағдарлама игілігіне қарық болғалы отыр. Аудан орталығындағы "Жас Талап" оқушылар тұратын орталық ағымдық жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, Боскөлдегі шағын орталық, Научный, Бөрлі, Михайлов, Ново-Троицкі, Приреченский, Славенский, Смирнов пен Примагнайскийдегі мектеп спорт залдары әрленеді. Бөлінген қаржы ең әуелі ахуалы өзекті нысандарға бағытталмақ.
Ал кейбір елді мекендердің тұрғындары үшін кезек күттірмейтін мәселе – жол жағдайы. Жөндеу жұмыстары, әрине, ағымдық қана, дегенмен шұңқырлары бітеліп, жүріске жарардай тегістелсе, соның өзі ауылдықтар үшін пейіл. Научный, Ворошилов, Верен, Приречный, Лесной және Боскөл ауылдарының жұрты бір қуанғалы отыр.
Аудан орталығының көшелеріне ағымдық жөндеу жүргізуге 8 млн. теңге қарастырылды.
Ж.Бораш