Боксшылар сәтті бастады
Төртжылдықтың басты бәсекесінде қазақстандық зілтемірші Фархат Харки қоржынға қола салды, деп хабарлайды 24.kz.
62 келіге дейінгі ауыр атлеттер сайысында отандасымыз лайықты өнер көрсетті. Алғашқы жаттығуда 135 келіні еңсерген Фархат серпе көтеруде 170 келіні бағындырды. Дегенмен күміске де қол созуға мүмкіндік болды. Алайда 177 келілік зілтемірді екі рет көтеруге талпынған қазақстандық спортшы өз мүмкіндігін жіберіп алды.
Айта кетейік, кеше бокстан үш бірдей спортшымыз шаршы алаңға көтеріліп, үшеуі де қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңді.
Олар – 49 келіде Біржан Жақыпов, 75 келіде Жәнібек Әлімханұлы, 91 келіде өнер көрсеткен жерлесіміз Василий Левит. Биыл қазақ боксшылары Олимпиада ойындарына тұңғыш рет толық құрамда қатысып жатыр. Өкінішке қарай Рио Олимпиадасының алғашқы күні Берік Әбдірахманов АҚШ боксшысынан ұтылып қалған болатын.