Бас киім мен баспана һәм Бақыт жыры

Шайырыңның білгің келсе рас күйін,
Шаруаға емес едім тастүйін.
Киімімнің ішіндегі қымбаты,
Болған менде арзанқолдау бас киім.
 
Шүберекті демесем де сес көрем,
Шенділердің алдында иіп, шешпеген.
Сол бөркімді сыйладым бір ініме,
Болмай қалып қолда басқа ештеңем.
 
Шекесіне қонжиғасын шапке еппен,
Рахман нұры жауғандай бір нақ көктен.
"Рахметін" қайта-қайта жаудырып,
Ат мінгендей сыйымды інім ап кеткен.
 
"Сыйлығыңыз сіңімді екен, расында,
Бір-екі жыл жүріп еді басымда.
Қытай жақта алдым әттең жоғалтып,
Бөрік жайын айтсам егер, жасырмай".
 
Деді бірде кездесіп қап сол інім,
Айттым оған: өкінбесін бөрігім.
Қытай жақтан келіп еді әуелде,
Тапқан екен қайта құтты орынын.
 
Дедім дағы күлдім, (іштей күрсіндім),
Бөрік емес жылу сыйлап тұрсын күн.
Бас киімім жоғалыпты Қытайда,
Басым қайда тоналарын білсін кім?!
 
Жан емес ем дүние мүлік жинаған,
Түбі қайыр болар деп бір иланам.
Қонған үйде қалып қойып әмияным,
Телефонды таксилерге "сыйлағам".
 
Галстугім, сағат, кітап, күртем де,
Достарымның пәтерінде тұр төрде.
Ілесе алмас мыңды айдаған мырзалар,
Мына менде болса артық мың теңге.
 
Отыз күндік еңбегіме табатын,
Қатарымнан жоғарылау жалақым.
Сол құрғырың тие қалса қолыма,
Екі күнге жетпей кейде қалатын.
 
Мал жұтамас басым аман жүргенде,
Не жетеді сері өмір сүргенге.
Бөрік түгіл, Хафиз бабам шағында,
Қос шаһарды қия салған бір меңге.
 
Жомарттықта Хафиздан жан аспаған,
Жоқ әрине менің ондай қос қалам.
Қала түгіл Қостанайда …біздерге,
Арман боп тұр қос бөлмелі баспанаң.
 
Ұя-жайдан болсам-дағы ұятты,
Кеудем менің шерленбеді, күй атты.
Бақытымды іздеп көрген емеспін,
Керек болса өзі табатұғын сияқты.
 
Мың жаяудан озады екен бір атты,
Қазақпын ғой… ат жүйрігін ұнаттым.
Ақ көңілдің аты арымас, әзірге
Тәтті өмірім… артымда "шаң" шұбаттым.
 
Өкінішім таласа да арадай,
Көңілім бар дариядай, даладай.
… Ертеңімнен үміт күткен күйім бар
Ертегіге сеніп қалған баладай.
 
Жоқтаймын деп қолды болған тымақты,
Бір құдірет осы өлеңді құратты.
…Жүрген шығар мені бақыт таба алмай,
Мекенжайым болмаған соң тұрақты.
 
Абылай Мауданов.
 
 
 
 
 
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓