Ақтылы қой өсірген
Ертеректе ақсақалдар: «кезінде қой баққан шопандарыңның түкірігі жерге түпсейтін», «қойшы болып, құйрық май жегенге не жетер, шіркің?!» деп, өткенді еске түсіріп, аңсап отыратын. «Қой шаруашылығы – екінші тың» деп ұрандатып, мектеп бітірген түлектер қой бағуға шыққан-ды. Өйткені, Республика бойынша қой санын 50 миллионға жеткізу міндеті қойылған. Әр заманның өз ерлері бар. Бүгін сол жылдарға куә болып, көненің көзіне айналған Аманкелді ауданына белгілі шопан Балға Нұрғожин туралы әңгіме өрбітпекпіз. Ол кісі жастайынан мал бағып, аянбай еңбек еткен.Әкесі Нұрғожа Ұлы Отан соғысынан 2-ші топтағы мүгедек боп оралған. Сөйтсе де, жасы ұлғайғанша қоғам малын бағады. Кейін даңқты әке жолын ұлы жалғастырады. Отбасындағы алты баланың үлкені Балға осы кезде әкесінен қалған құрықты он алты жасында қолына алып, Байғабыл ауылында Шопан ата төлін өсіреді. Ширек ғасыр бойы мал өрістеткен азаматтың маңдай тері өтелді. Бәкең екі рет «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталған. 23 жасында Торғай облысының атынан Берлинде өткен бүкілодақтық жастар мен студенттердің XX фестиваліне де қатысады. Сол 1973 жылы Еуропа төсінде өткен думанда жасындай жарқылдаған «Дос-Мұқасан» тобы, елімізге танымал спорт саңлақтары өнерлерін ортаға салған екен. Кейіпкеріміз Балға Нұрғожин ақтылы қой өсіріп, еңбексүйгіштік таңытқаны үшін мәртебелі фестивальді тамашалау құрметіне ие болған.
-Ата-бабамыз ежелден мал бағып, соның ырыздық-несібесіне кенелген емес пе. Бұл шаруашылық ешқашан сұраныстан шықпайтын, құнсызданбайтын, әрдайым өнім беріп тұратын кәсіп. Қазіргі кезде бақташылар мен қойшылардың еңбегі бағаланбайтыны рас, бірақ сол төрт түлікке барлық адамзат тәуелді ғой. Сондықтан беркесі мол мал шаруашылығы ешқашан кенжелеп қалмауы керек, әсіресе біздің Қостанай облысы малшыларға қолдау беріп, мәртебесін өсіруі қажет. Сонда ғана ісіміз алға басады,-дейді еңбек ардагері Б. Нұрғожин.
Содан бері Балға ақсақал еңбегінін жемісін көріп, құрметке бөленіп-ақ жүр. Ең бастысы, үш ұл, үш қыз өсіріп, құтты орындарына қондырған ардақты әке. Әр қайсысы өз алдына отбасын құрып, әр салада қызмет істеп жүрген жайы бар. Байғабыл ауылының іргесіндегі Қатон деп аталатын қыстақтан жер алып, немересі екеуі жылқы өрістетіп отыр. Қазыналы қариямыз неремесіне төрт түліктің сырын үйретіп, ақыл-кеңесін айтып, барымен бөліседі. Ата жолын қуған баласы Балға ақсақалдың өнегелі өміріне қарап, бой түзейді.
Замамынада атақты шопан болған Балға ақсақал бүгіндері сол бір берекелі кездің қайта оралуына себепші болғысы-ақ келеді. Ауыл шаруашылығына ден қойған Аманкелді ауданының қазіргі бет алысына Балға Нұрғожаұлы дән риза. Аудан басшылығының қарияның айтқан ақылына жүгінген кездері жоқ емес. Батпаққара өңірін бес саусағындай білетін ол бұл мекеннің төсінде әлі-ақ төрт түлік өрістеп, бекересі арта түсетініне сенімді.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Асық ойнаған азар,
Доп ойнаған тозар,
Бәрінен де қой бағып,
Қозы өсірген озар.