Қостанайда қымызхана ашылды

Қала орталығының демалыс саябағында орналасқан ақ қанат киіз үйді көрген жандар баршылық. Әрине, кейбірі қызығушылық танытып "Бұл не екен? Кім құрған? Не үшін?" деп барып жөн сұрады да. Бұл – Қостанай шаһарында ашылған жалғыз ғана Қымызхана. Жұрт түске таман мұнда ағылып кеп жатады. Оны ашқан – бойында қазақы намыс, ұлттық рухы бар жас жігіттер. Идеяның тууына себепкер болған – Аян Біржанов деген спортшы жігіт.IMG_8146
Аян өзі Әулиекөл ауданының тумасы. Грек-рем күресінен ҚР-ның жеңімпазы. Спорт шебері. Біз арнайы қымызханаға барып, Аянмен аз-кем сұхбаттастық. Қымызхананы не үшін ашқаны жайында сыр тарттық.
– Ағасы, жасым небары жиырмада. "Қазағынан орысы басым Қостанайда ұлттық дәстүрді қалай насихаттауға болады және ол маған қандай пайда береді?" деген ой мазалап, өзім құралпы жастармен бірігіп, саябақтың және қаланың тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілермен келісіп, жалға жер алып, киіз үй құрып, қымызхананы бір ай бұрын аштық. Халық келіп жатыр,- деді Аян бізге бір тостаған қымыз ұсынып.
– Жақсы-ақ. Құтты болсын! Көбінесе кімдер келеді?- дедім сыр суыртпақтап.
– Көбіне өз ұлтымыздың өкілдері келеді. Әрине орыс, корей сынды басқа да ұлт өкілдері келіп, ұлттық сусыннан дәм татып жүр. Біз қымызханада тек сусынға ғана емес, ұлттық тағамдарға да тапсырыс қабылдаймыз,- деп қымызын сапыра түсті.
– Күніне қанша литр қымыз ішіледі?
– Осы ашылған бір айда 20-30 литр қымыз ішіліп жүр. Қымызды көбінесе Торғайдан немесе қалаға жақын маңайда орналасқан Жданов ауылынан алып келеміз,- деді Аян ойлана қарап.
Қостанайдың дәл орталығында ашылған қымызхана әзірге ел игілігіне жарап тұр. Ұлттық сусынның емдік қасиетін білетін қала тұрғындары Аянның қымызханасына әлі де ағылып кеп жатыр.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓