БЕЙНЕБАЙЛАНЫС. Ішкі істер министрі не туралы айтты?
Ел азаматтарының қауіпсіздігі мен құқығын қорғаудағы ІІМ қызметінен халық хабардар болып отыруы тиіс. Сәйкесінше, қазақстандықтардың да құқықтық құрылымдар туралы пікір-көзқарастарын білудің маңызы зор. Сондықтан ел тұрғындарымен ашық сұхбатқа келу саясаты алға қойылып отыр. Бұл туралы ҚР ІІМ министрі Қалмұхамбет Қасымов халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді.
Кездесу қарсаңында, яғни 4 маусымда азаматтардың көкейтесті сауалдарын қабылдау үшін CALL-орталық құрылған еді. Бұл жайында және сұрақ қою тәртібі туралы БАҚ мен Министрлік сайтында жария етілді. Қазақстандықтардың сауалдары мен талап-тілектері он күн бойы қабылданды. Белгілі болғандай, елдің әр түкпірінен ұзын саны жүз шақты сұрақ келіп түскен. Барлығына қайтарылған жауап Министрлік сайтының арнайы айдарында жарияланды. Бұған қоса, Қ.Қасымовтың қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік мәселелері жөнінде есеп беру кездесуі аясында да қазақстандықтар телекөпір арқылы сауалдарын жолдауға мүмкіндік алды. Әйткенмен, әуелі, барлық облыс бейнебайланыс арқылы министрдің халыққа есеп беру баяндамасына назар салды.
Қасымовтың айтуынша, қоғамдағы құқықбұзушылықпен, қылмыспен күресте тәртіп сақшыларының құрығы ұзара түскені байқалады. Жылдан-жылға техникалық жабдықталым саны артқан. Барлық қалаларда 3900 бақылау камера бар, мұның сыртында «Қауіпсіз аула» шарасы аясында 19 мың бейнебақылау құрылғысы жұмыс істеп тұр. Соңғы жылдары қабылданып жатқан жаңа ұтқыр ережелердің қадамды ширата түскені өз алдына. Күндіз-түні әр аймақта сенім телефоны жұмыс істейді. Алайда, осының бәрі, әрине, мәселенің түбегейлі шешілгенін білдірмейді.
-Жылына, шамамен, 30 мыңға тарта қылмыс ашылады, – деді министр. – Былтыр ел бойынша жалпы саны 940 мың қылмыстық, оқиға тіркелген. Оның 13,5 пайызы кісі өлімі, ал қылмыстың ең көп жасалған түрі – ұрлық, 60 пайыз. Есірткімен ұсталғандар саны 3 мыңға жетті. Тағы бір алаңдататыны – жасөспірімдер тәртіпсіздігі өршіп тұр. 16 мың кәмелетке толмаған жас тіркеуде. Мұның алдын алу үшін мектеп инспекторлары институтын құру қажет. Барлық қалалық, ауылдық білім ошақтарында педагогтар мен ата-аналар инспектормен бірігіп жұмыс істеуі тиіс.
Ал, керісінше, соңғы жылдары жол-көлік оқиғаларының азайғаны байқалады. 5 жылғы есеп бойынша темір тұлпарлар саны 4,5 млн.-ға артқан. Сөйте тұра ЖКО 3,3 пайызға, апаттан көз жұмғандар саны 6,9 пайызға кеміген. Мұны министр ЖЖЕ-не жаңа тәртіптер енгізіліп, айыппұлдардың салмақ қоса түскенінің нәтижесі деп түйеді. Осындай-ақ, Қ.Қасымов жазасын өтеп шыққандардың жұмыспен қамтылуы, пробациялық қызмет жайында да мәліметтер келтірді. Қазіргі уақытта Қазақстанда 1104 теміртордан босап шыққан азамат жұмыс істеуде. Мұның сыртында, 132 адамға колония аумағында жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беріліпті.
Есеп беру барысында мәлімденгендей, министр мекенжайына жолданған сұрақтардың дені таяуда болған Ақтөбедегі терактіге қатысты болыпты. Тиісінше, Қ.Қасымов қанды оқиғаның себебі мен салдарына егжей-тегжейлі тоқталып өтті.
– Ұйымдасқан лаңкестер саны әуелде 45 болған. Барлығы бір пәтерге жиылып, терактілік жоспар құрғанда 19-ы бас тартқан. Дүкенге бас-аяғы 25 адам басып кіріпті. Шабуыл 9 минутқа жалғасқан.
Кезекшіліктегілер оқтаусыз қарумен тұрғандықтан, лайықты қарсылық көрсете алмайды. 4 минуттасын «Күзеттіктер» келгенде оларға 14 адам оқ жаудырған. Қосымша күш келісімен барлығы қаша жөнеліп, бесеуі қолға түседі. Қалғаны автобуспен қару-жарақ қоймасын тонауға аттанған. Жалпы, кейін айқындалғандай, қандықол топтың көздеген мақсаттары колониялар мен мемлекеттік мекемелерді басып алу болыпты. Мақсаттарының орындалуына жол берілмеді. Бірер күн бұрын соңғы үшеуі, қарсыласқандықтан, жарақат салу арқылы ұсталды. Ақтөбедегі қазіргі жағдайды қалыпты деуге болады. Бүгіндері ҰҚК тергеу жургізуде, – деді министр.
Мұнан соң Қ.Қасымов елдің әр өңірінен телекөпір арқылы осы салаға қатысты жолданған сауалдарға жауап берді. Үлгере алмағандар сұрақтарын министрлік порталына жолдап немесе сенім телефоны арқылы кез келген уақытта байланыса алады.
Жандос
ЖҮСІПБЕК