Тимирязев тынысы
Сарыкөл ауданына қарасты Тимирязев ауылының жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Бұл орайда кент әкімі Есқожа Қалиевтің еңбегі ұшаң-теңіз. Ол осы салада жиырма жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Әкімнің айтуынша, бүгінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық саласы тұрақты. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы тұрғындарға оң әсерін тигізуде.
Ауылда ашылған наубайхана
Айталық, жақында бұл ауылда шағын наубайхана ашылды. Оны тимирязевтіктер тағатсыздана тосты. Ал, кәсіпкер Валентина Матвеева болса, сол жерлестерінің өтінішін жылы қабыл алып, өз жоспарын жүзеге асырды.-Бұрын бізде наубайхана жоқ-тын, нанды адамдар дүкендерден немесе ауданнан сатып әкеледі. Бірақ, қыстың күні борандарда жол болмай қалғанда, нан да болмай қалады. Сондықтан, осы мақсатта наубайхана аштық. Бәрі ауылдағы тұрғындар үшін, – дейді жеке кәсіпкер өз сөзінде.Бүгінде оның наубайханасы қажетті жабықтармен қамтамасыз етілген. Онда Динара Тыкыбаева мен Динара Баянова сынды екі нан пісіруші жұмыс істейді. Олар күніне 140 бөлкеге дейін пісіреді. Кей-кездері бұл көрсеткіш 200-ден асады.
-Біздер, тек нан ғана емес, түрлі тәттілер де пісіреміз. Нан бағасы – 65 теңге. Сондай-ақ, бәлішті – 25 теңгеге, ал тәтті тоқашты – 45 теңгеден сатамыз. Жалпы, ауыл тұрғындары дән риза, қалаған уақыттарында сапалы әрі ыстық нанды ала алады, – дейді нан пісіруші Динара Тыкыбаева.
Айта кеткен жөн, Сарыкөл ауданы бойынша осындай наубайханалар Злотауст, Маяк, Крылов, Весело-Подол, Барвин және Комсомол сынды ауылдық округтерде бар. Енді алдағы уақытта өңір басшысының тікелей тапсырмасымен қалған елді-мекендерде де ашылмақ.
Әкімдер тәжірибе алмасты
Таяуда ауылдық округ әкімдері аудан әкімінің тапсырмасымен Тимирязев ауылындағы жаңадан ашылған шағын наубайханада болды. Тәжірибе алмасу барысында олар әлеуметтік нысанның тыныс-тіршілігімен танысты. Әсіресе, наубайхананы көріп, оған деген қызығушылықтары оянды. «Ауылда шағын наубайхананы қалай ашуға болады? Құрал-жабдықтарды қайдан әкелу керек? Қандай құжаттар керек? Қанша шығын кетеді?» – деген көкейтесті сауалдарға жауаптар алды. Бір сөзбен айтқанда, білгенімен бөлісіп, білмегендерін үйренді. Ал, бұл орайда Валентина Ивановна болса, қонақтарға жаңа бизнесінің оң-теріс жақтарын кеңінен айтып берді.
Сондай-ақ, округ әкімі Есқожа Қалиев әріптестерімен ауылға саяхат жасады. Тимирязевтің тамаша тұстары – Омар ата мешіті, «Әлия» саябағы және абаттандырылған көшелерін көрсетті.
-Ауыл халқымен өткен биылғы есеп беру жиынында аудан әкімі Эльдар Күзенбаев біздерге шағын наубайхана ашуды тапсырған болатын. Соған сай кәсіпкермен жұмыла жұмыс істеп, наубайхана ашып жатқан жәйіміз бар, – дейді ауыл әкімі Есқожа Әнуарбекұлы.
Кәсіпкердің көмегі
Тимирязев ауылына осы жерде туып-өскен қалталы азаматтар қол ұшын созып тұрады. Қостанай қаласындағы «АБЗ ПЛЮС» ЖШС-нің бас директоры Меңдібай Омаров туған өлкесіне көмектесуді дәстүрге айналдырған. Ауыл әкімі Есқожа Қалиевтің айтуынша, белгілі кәсіпкер кент тұрғындарынан қандай жағдай болса да көмегін аямайды.
-Меңдібай Омаров деген белгілі кәсіпкер осыдан 4-5 жыл бұрын ауылдың қақ ортасына қасқайтып мешіт салып берді. Бүгінде сол «Омар ата» мешітіне діни мерекелерде, жұма күндері мұсылман жамағаты көп жиналады. Әсіресе, жас жеткіншектер діни орында білім алып, сауаттарын ашуда. Сондай-ақ, Омаровтар әулеті Алла үйінің алдына жазғы палатка тігіп қойды. Ауыл тұрғындары ауызашар, бата беретін болса осы орынды тегін пайдалана алады, – дейді ол.Жалпы, жомарт азамат Меңдібай Ерғалиұлының демеушілігі бұл ғана емес. Жыл сайын ауылдағы мектепке жәрдемдесіп тұрады. Оның сыртында «Әлия» саябағын салып, оның ішін мәдени сахна, субұрқақ және балалар ойнайтын алаңдармен толықтырды. Бұл орында қоғамдық жұмыскерлердің қатысуымен жыл сайын абаттандырылу жұмыстары жүргізіледі. Биылғы жылы да көріктендіру жұмыстары жалғасып, 300 түп гүл отырғызылды. Ең бастысы, бұл жер халық көп жиналып, тынығатын орынға айналды.
-Мемлекеттің және жергілікті кәсіпкерлердің қолдауының арқасында біздің ауыл жыл өткен сайын көркейіп келеді. Бұл, әрине, тимирязевтіктердің осында тұрақтап қалуына зор септігін тигізеді. Осында туып, осында өскендіктен бұл жердің қадірін біз білмеген де кім біледі?! Ең бастысы, туған өлкең осылай көркейе берсе, одан асқан бақыт бар ма?! Осындай ауылдар – еліміздің болашағы! Ол біздің алтын бесігіміз, – дейді тимирязевтік Тілеужан ақсақал.
Міне, Меңдібай Омаров пен Валентина Матвеева сынды кәсіпкерлер кіндік кескен жеріне көмегін көрсете берсе, кент орталығы көріктене берері сөзсіз. Ал, ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі!
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.