Ойыннан от шықпасын
Тағы да терек түлеп, түбіттері бұрқырай бастады. Жаздың осы мезгілінде жиі қайталанатын бұл жағдай тұрғындарға ғана берекесіздік сыйлап жатқан жоқ, өрт сөндірушілерді де әбігерге салуда. Мәселен, екі-ақ күннің айналасында облыс аумағында 25 өрт оқиғасы тіркелген. Тез тұтанғыш ұлпалардың кесірінен болатын оқыс жағдайларға жол бермеуге әр тұрғын жауапты екенін айтады өрт сөндірушілер.Өйткені жылу құбырларына, ағаштан салынған нысандарға қауіп төндіретін өртке кейде адамдардың салғырттығы да себеп болуда. Қауіпсіздік ережелерін сақтауға немқұрайды қарамау керек. Балалар мен жасөспірімдердің ермегіне айналмауы қадағалануы тиіс. Кәсіпорындар мен мекемелерде темекі шегу тәртібін бақылау, от жағуды және қоқыстарды өртеуге үзілді-кесілді жол бермеу, дәнекерлеу жұмыстарын өткізуге алдын ала дайындық жасау, қосымша өртке қарсы нұсқау жүргізу аса қажет.
Осы қарапайым ережелерді сақтау ғана өрттің алдын алады. Осыған орай, Қостанай облысының төтенше жағдайлар Департаменті балалардың бейсауат "ойынының" кесірінен туындаған өрттердің материалдық залалдарын заң бойынша ата-аналар өтейтінін ескертеді.