Әулет абыройын асырған. Мемлекет және қоғам қайраткері Тоқтарбай Қадамбаев туралы әңгіме
1.Жеті арыс
Қостанай ауданының Ақсу ауылында біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешіп жатқан Қадамбай мен Зейнептің шаңырағында туған тұңғышы Ақтас еді. Жастайынан еңбекке араласқан ол бертін келе тың төсінің айтулы азаматтарының бірі болды. Техниканы жетік меңгеріп, трактор тізгінін қолға алды. Басқа да машиналарда істеді. Таран ауданындағы "Красносельский" және Вачасов атындағы кеңшарларда Ақтас Қадамбайұлы Дәнекенов ізі күні бүгінге дейін сайрап жатыр. Ол туралы осы ауылдардың тұрғындары ерекше ілтипатпен әңгімелеп, қимас көңілмен еске алады.
Шаңырақта Ақтастан кейін туған інісі Сәлімжанды әжесі Айғаным бауырына салады да, өзімен бірге Таран ауданына алып кетеді. Бұл Ұлы Отан соғысының аса бір ауыр кезеңі – 1943 жыл еді. Кейін 1956 жылы оң-солын таныған сол Сәлімжан Ақсудағы бауырларын да өзі тұрып жатқан Таран ауданындағы "Ақтөбе" колхозына көшуге көндіреді.
Бұл кезде Ақтас пен Сәлімжанның Баязид, Елубай, Тоқтарбай, Серікбай, Әскербек сынды інілері де оң-солын танып қалған еді. Сол бауырлардың бүгінде, құдайға шүкір, төртеуі бар, бәрі де елдің ықыласына бөленген, текті жерден шыққан тұлғалар. Сәлімжан болса өмір бойы автомобиль көлігі саласында жұмыс істеді, бүгінде Қостанайда тұрады. Баязид пен Елубай ауыл шаруашылығы өндірісінің бел ортасында жүрді, қандай да болмасын жұмыстан бас тартқан кездері жоқ, әттең, олар дүниеден ертерек өтті. Ал Тоқтарбайды облыс жұртшылығы да, бүкіл еліміз де жақсы біледі. Жастайынан пар-тия, кеңес жұмыстарында болып ысылған ол кезінде облыс әкімі болды. Өлара шақта туындаған экономикалық қиыншылықтарды еңсеруде Тоқаң атқарған іс ұшан-теңіз. Сол азамат кейін Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаты болды, ал Серікбай болса нарықтық экономика өмірге дендеп енгенде уақыт талабын дәл басып, іскерлік танытқан кәсіпкер азаматтарымыздың бірі. Таран ауданындағы ол басқаратын "Ақтас" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аймақтағы белгілі ұжымдардың бірі. Оған "Ақтас" деп ағасының есімін берген де осы Серікбай. Ал баланың кенжесі Әскербек болса ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында жемісті еңбек етті. Аудандық ішкі істер бөлімін басқарды, полковник.
Алты бірдей інісіне қамқор болып, олардың қатарларынан кем болмай, өз шаңырақтарын құрып, аяқтарынан қаз тұруға көмектескен де осы Ақтас ағалары екен. Інілері сол ағаларын ауыздарынан тастамай айта жүреді. Әсіресе Тоқтарбайдың ағаға деген көңілі алабөтен.
2. Тоқаңмен болған бір сұхбат
– Тоқтарбай Қадамбайұлы, жақында Астанада, Конгресс-Холлда, елімізге танымал сазгер, әнші, жерлесіміз Қалибек Деріпсалдинның шығармашылық кеші өтті. Кешегі ауылдың қара баласы еліміздің атақты сарайында ән салды. Халық ерекше қошемет көрсетіп, дуылдата қол соқты. Залда өзіңіз де болдыңыз. Қандай әсерге бөлендіңіз?
– Бұл өзі оңды сұрақ болды. Сол Қалибектің өнер жолындағы самғауы – еліміздің самғауының шынайы көрінісі. Әнші, сазгер інімді көптеп білемін. Аманкелді ауданында қызмет етті. Туған жерінің мерейін өсірді, ауылдастарының рухын көтерді.
Ал бірақ сол Қалибек Аманкелді ауданының жабылып қалу қауіпі туғанынан бейхабар еді. Кешегі оңтайландыру кезін-де, еліміздің нарықтық қатынастарға көш-кен, бұрынғы экономикалық байланыстар үзілген, халық тығырыққа тірелген, еңбек-ақы мен зейнетақы бірнеше айлар бойы төленбей жатқан өлара шақта мен Елбасының Жарлығымен облыс әкімі болып тағайындалдым. Аудандық, облыстық дәрежеде лауазымды қызметтер атқарып, тәжірибе жинақтағаным бар. Ең бастысы, облыстың жағдайын, оның адамдарын бір кісідей білемін.
Бірақ бұл кез ел өміріндегі ең бір қиын тұс еді. Ең бастысы, ескі өндірістік қатынастар қирап, жаңасы әлі орнығып болмаған, экономиканың да, әлеуметтік саланың да құлдырап, халықтың тоқырау күй кешкен кезі еді ғой. Оңтайландыру жүріп жатты. Бұл саясат білім, денсаулық, мәдениет салаларымен бірге, аудандарға да келді. Аманкелді мен Амантоғайды, Қарасу мен Октябрьді біріктіру қажет еді. Сонда аудан орталығы қайсысы болады? Мұның сол өңір халқы үшін ерекше маңызы бар екені түсінікті.
Бәз біреулер аудан орталығына Амантоғайды қалады. Өз уәждерін айтты. Тыңдап отырсаң, көңілге де қонатын сияқты. Онда батыр атындағы ауданның тоз-тозы шықпай ма? Аманкелді батырдың рухы алдында қалай ақталамыз? Екі ауданның үлкен-кішісін жинап алып, ақылға салайық. Осы ойымды жиналғандар алдына жайып салдым, сонда да көпшілік дауыс Амантоғайды жақтай берді. Ондай шешім қабылдап жіберсек, тарихқа қиянат болар еді. Әрине, бір ауданды жапсақ, ондағы талай папка ұстаған адамдар жұмыссыз қалады. Тұрғындарға батып отырғаны да осы жайт еді.
– Мұның да шешімін ойласып келдім, – дедім, түбі не болар екен деп маған үмітпен қарап отырған үлкен-кішіге. – Амантоғайлық азаматтар жұмыссыз қалмайды, көпшілігі өздері атқарып келген қызметтерін Аманкелдіде атқаратын болады, ал аманкелділік азматтардың біразын облысқа қызметке аламыз.
Залда отырған бір ақсақал:
– Мына әкім бәрін ойластырып келген екен, солай болсын, – деп тоқтамын айтты. Сол сөзге тұрдық. Мен де берген уәдемді орындадым.
Мұны мен неге айтып отырмын, егер осы Қалибек еңбек етіп жүрген сол Аманкелді ауданын сақтап қалмасақ, кім біледі, Қалибек Елорданың Конгресс-Холында өнер көрсетер ме еді, көрсетпес пе еді.
Сазгер інімнің концерті аяқталған соң сахнаға шығып, оны өнердегі үлкен табысымен құттықтадым, менің ең басты сыйлығым – сол бір өлара шақта туған ауданының түтінін сөндірмей, талантыңды ұштауыңа мүмкіндік жасағаным шығар, дедім.
– Тоқтарбай Қадамбайұлы, Сіздің қаламыңыздан шыққан талай өлеңдеріңізді біздің газет те басты. "Егемен Қазақстан", "Астана ақшамы" және басқа басылымдардан да оқығанымыз бар…
– Мен өзімді ешқашан ақын санаған емеспін. Бірақ көңілдің кейбір сәттерінде ойға келген шумақтарды қағазға түсіріп жүремін. Кейде ақын достарыма көрсетемін. Өлеңді мен өзім үшін, өзімнің жақын-жұрағаттарым үшін жазамын. Өлең кітабым да жарық көрді. Соның бәрі, бәлкім, ауылда туып, қазақ мектебінде оқығанымнан шығар.
Балалық шаққа оралсам, осы Қостанайдың іргесіндегі Долгий ауылында жетінші сынып бітірдім. Таран ауданы Қоржынкөл ауылында қазақша орта мектеп бар дегенді естіп, сонда жаяулап, жалпылап жеткенім бар. Интернатта жаттым. Институт бітірдім. Қазақтың көрнекті ақыны Серік Тұрғынбекұлын мен "күйеу бала" деп атаймын. Өйткені оның жары да біздің мектептің түлегі еді. Жалпы ақындарға жақын жүретінім бар. Олар маған талай өлеңдер арнады. Соларды мұқият сақтап келген едім. Кітабыма сол туындыларды арнайы бір тарау қылып енгіздім. Өздеріне де ескерткіш болсын дегендік қой.
3. Өмір өткелдері
Бүгінде жетпіс атты желмая жасқа жетіп отырған Тоқтарбай Қадамбайұлы – сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Ең алдымен айтарымыз, ол еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қостанай сияқ-ты құйқалы өңірді басқару бақытына ие болған осы құт мекеннің өз тумасы, екіншіден, ол ғалым – экономика ғылымының кандидаты, Ақпараттандыру ғылым академиясының мүше-корреспонденті, үш бірдей жоғары оқу орнын Қостанай ауыл шаруашылық институтын, Алматы Жоғары партия мектебін, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін бітірген бесаспап азамат.
Ол мектепте, комсомолда, партия, кеңес органдарында басшылық қызмет атқарып, халықпен етене араласқан, үлкен-кішінің құрметіне бөленген жан, елінің мәртебелі марапаттарына ие боған, "Нұр Отан" партиясынан Парламент Мәжілісі-нің депутаты болып сайланған халық қалаулысы.
4."Жыр жазамын жүрегіммен"
Ауылда өскен, жастайынан қиыншылық көріп, еңбекпен шыңдалған Тоқаңның кейде оңаша қалған бір сәттерде қолына қағаз бен қалам алып, жыр төгетіні бар дедік. Сондай өлеңінің бірін мерейтой күні оқырман назарына ұсынғалы отырмыз:
Балалықты еске алу
Өмір шіркін, қатал болды басынан,
Көре алмадым әке үлгісін жасымнан.
Тіл табыспай мұғаліммен жүргенде,
Сәл пенделік көрдім білім – асылдан.
Ұшып үйге бақыт құсы келмеді,
Басшы және берешігін бермеді.
Алған бидай жарты жылға жетпеді,
Соры көп күн басымыздан кетпеді.
Он жасымда асық ойнау білмедім,
Бала болып, ойнап-күліп жүрмедім.
Талай күзде суықтарда бүрсеңдеп,
Масақ теріп, құба жонда түнедім.
Өзім тұрып мал қораға барамын,
Айыр алып малдың шөбін саламын.
Анам марқұм оятпайтын ертемен,
Ұйқысы бір қансыншы деп баланың.
Уақыт қайда, ойынға бас ұратын,
Тырысамын жетпесе де қуатым.
Әлім жетпей құлап қалсам кейде мен,
Сауыншылар күле қарап тұратын.
Жылт-жылт ойнап маңдай тері шашылған,
Ақтас көкем ерінбеді жасынан.
Енді қашан осы еңбегін өтеймін,
Осы ойлар кетпей қойды басымнан.
Өмір шіркін, қатал болды басынан,
Көре алмадым, әке үлгісін жасымнан.
Өмір – ұстаз өз сабағын оқытты,
Үйрендім мен жақсылардан, асылдан.
Сәлім МЕҢДІБАЙ