Қоғам «қотырына» қарсы күрес
Қазіргі уақытта Қостанай қаласында 283 жағдайы нашар отбасы тіркеуде тұр. Мұндай шаңырақтарда 421 кәмелетке толмаған бала өмір сүруде. Жеткіншектердің болашағы, үй берекесін ішімдікпен ірітіп жүрген ата-аналардың өмір салтын өзгертуге ықпал жасау – облыстық ІІД-нің назарында.
Қостанай полицейлері апта сайын тұрмысы төмен отбасыларға рейд жүргізуді жалғастыруда. Бұл шараға тәртіп сақшыларымен бірге жергілікті тілшілер де тұрақты қатысып жүр. Таяуда тағы бір отбасының тұрмыс-тіршілігін бақылау нысанаға алынған еді.
Маскүнем ана
Тізім басын Меньшовтар отбасы бастады (тегі өзгертілді). Тәртіп сақшылары осымен үш жыл бойы от анасын жөнге салуға тырысып келеді. 9 жасар Лукастың тағдыры алаңдаушылық тудырғалы нешеме уақыт өтті. Бала қаңғыбастыққа салынып, бірнеше рет ұсақ-түйек ұрлық жасағаны үшін ұсталды. Оны, әрине, қылмысқа туғалы бері көріп келе жатқан кедейлік итермелейді. Меньшовтар «Шағала» жағалауы маңындағы «Колесные ряды» ауданында тұрады. Отбасында жеті адам бар. Моншаны пана етуде. Өйткені ескі жер үйдің төбесі құлап түсіп, қоныс қылуға жарамсыз болып қалған. Ал, отбасында бір есеппен ешкім жұмыс істемейді. Кейбірінің құжаттары да жоқ. Бұлар жағдайы төментер тіркеуінде 2013 жылдан бері тұр. Оларды учаскелік инспектор Аязбек Камешов өзі тіркетіпті. Өйткені кішкентай Лукасты түн ортасында қала орталығынан талай мәрте тауып алған. Жеткіншек өткен-кеткендерден тамаққа тиын-тебен сұрап, оны анасының «бас жазарын» алып беріп жүріпті.
Рейдшілер осы жолы барғанда «үй» құлыптаулы тұрды. Тек көзге шалымды маңнан үй иесі Елена Васильевнаның қолхаты табылды. Оның полицейлерге арналғаны белгілі еді.
Ауласының маңы қоқыс-қалдықтан көрінбейді. Тәртіп сақшыларын көршілері қарсы алды. Көкейіндегілерін айтпаққа. Олар бұл маскүнем әйелді аналық құқықтан айыру керек деп байбаламдайды.
-Еленаны қалыпты өмірге қайтару – бар болғаны ғажайыпқа сену ғана. Ол мүмкін емес!-дейді құдайы көрші.- Оның тәрбиесін көрген балалары да оңып тұрған жоқ. Үлкен ұлы жүгенсіз неменің өзі… Ал, кенжесі Лукасты әлі құтқарып қалуға болады.
Мұнымен учаскелік инспектор Аязбек те келісе кетті. Бұл жағдайдан әуелден хабардар-тын. Дей тұрғанмен, аналық құқықтан айыру да оп-оңай шешіле салар шаруа емес. Асыраушылар органы мұндай ата-аналарға өмір салтын өзгертуге біраз уақытқа мүмкіндік береді…
Азғындықтан арашалау
Аталмыш орган осыдан үш жыл бұрын дәл осындай отбасыны бауыр еті балаларынсыз қалдыруға мәжбүр болғаны бар. Әкесі мен анасы қосылып ішіп, өрімдай қыздарын адам айтқысыз жағдайда «тәрбиелеп» келген.
Тағы да жас жарымдағы сәбиді ювеналды полицейлер рейд жүргізу барысында азғын ортадан арашалап қалған еді. Ол тар бөлмеде теңкиіп ұйықтап жатқан өңкей ересек ішкіштердің ортасында ояу отырған. Қолында спирттік ішімдікке толы бөтелке болыпты. Бір аяныштысы, жай-күйін тексерген дәрігерлер бұл баланың денсаулығына қатер төндірген ауру болғанын, жарты жылдасын көз жұмуы ықтимал екендігін айтқан. Қазіргі таңда «Дельфин» балалар үйінде. Дін-аман. Тәрбиешілер де бұл баланы асырап алушылар табылып қалар деген үмітте.
Мұндай рейдтердің әрекеті берекетті болуы үшін алғашқы кезекте көрші-көлемдердің көмегі көп тиеді екен. Қоғам «қотырын» ашып көрсетудің пайдасы болмаса, зияны жоқ.