ҚАЗЫНАСЫ АРТЫП, ҚҰТЫ АСҚАН МЕКЕН

Қостанай облысына – 80 жыл
80-let-oblasti
 
 
 
 
Елді жау алмайтын, малға жұт келмейтін, шөбі шүйгін, суы мол мекен іздеген Асан қайғы Торғай өзенін көргенде: «Ағар суы бал татыған, ақ шабағы май татыған жер екен», – депті. Бұл бүгінгі астықтың астанасы, жері бай, көдесі май – Қостанай облысы. Қостанай – астығымен, кенімен, өндірісімен даңқын алысқа асырған өңір. Республикадағы астықтың төрттен бірін қостанайлық диқандар өсіреді. Экспортқа шығарылатын ұнның тағы сондай көлемі біздегі өңдеу кәсіпорындарына тиесілі. Қостанай – республикадағы машина өндірісінің көшбасшысы. "АгромашХолдинг" және "СарыарқаАвтоПром" зауыттарында “Ssang Yong”, “Toyoto”, “Ivego” секілді әлемді аузына қаратқан брендтер құрастырылады. Тәуелсіздік алған жылдан бері ауылшаруашылық саласы 23 мың техникамен жаңарған. Үстіміздегі жылы 1200 дана техника жаңадан сатып алынды. Осы мақсатқа 15 млрд. теңге жұмсалды. Мал шаруашылығы, шағын және орта бизнес жылдағы қарқынмен дамып келеді.
 
Тағдырлы тарих
 
Тобыл топырағы – небір алмағайып оқиғалардың куәсі. ХХ ғасырдың қазаққа көрсеткен құқайының барлығы да Қостанай өңірінен айналып өткен жоқ.  Тарихқа шегініс жасасақ, бабаларымыз ертеден мал, егін шаруашылығымен айналысты. Бұған андроновтықтар өзен жағалауларына бау-бақша салып, одан үлкен өнім алып отырғаны дәлел. Қазіргі Рудный қаласының маныңдағы Алексеевка өңірінде алғашқы бидай өсіріліпті-міс. Обаған көлінен ежелгі дәуірлерді таныстыратын бірнеше тұрақтар табылды. Лисаков қаласындағы Жоғарғы Тобыл тарихи-өлкетану музейінде қола дәуірінің 400-ден аса жәдігері тұр. Мамандардың айтуынша, бұл Қазақстандағы қола дәуірінің құмыраларын ең көп жинаған музей болса керек. Беріге келсек, «Ақтабан шұбырындының» екінші кезеңі, қала берді, 1916 жылғы халық қозғалысын бастан өткерді. Кейін патша жарлығына сай, «Уақытша ереже» бойынша 4 облыс құрылды: Орал, Торғай, Ақмола және Семей. Торғай облысына бұрынғы «Орынбор қырғыздары облысының» көп бөлігі кірді. Белгілі деректерге сүйенсек, Торғай облысының ұйымдастырылуы 1869 жылдың 11 ақпанында аяқталды. Аймақтың солтүстік бөлігі Николаев уезі болып құрылды, ал оңтүстігінде Торғай уезі орналасты. Айта кетейік, дәл осы жылдың маусымында Ыбырай Алтынсарин уездік басқарманың іс жүргізушілік қызметіне, ауыстырылады. 1879 жылы облыстық оқу инспекторы болып тағайындалады. Ұлт ұстазының Тобыл-Торғай жеріне сепкен білім дәні осылай басталды. Алты жылдан соң  қалада алғашқы дәріхана ашылған екен. 1913 жылы Қостанай мен Оралды байланыстыратын теміржол салынған. Міне, осы уақыттан бастап облыс құрудың алғышарттары жасалына бастады.
Отызыншы жылдардың ортасында бұрын Ақтөбе облысына қараған Қостанай жеке облыс болып бөлініп шықты. Қазақ Автономиялы Республикасының өкілдері Мәскеуге хат жолдады. Ол хатта Қостанай облысын жеке облыс ретінде құруға рұқсат сұрады. Соның нәтижесінде 1936 жылы 29 шілдеде Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Қостанай облысын құру туралы жарлыққа қол қойды.
1410260810
 
Сұрапыл соғыс жылдарында майдан шебіндегі басты көзір болған Сталинградтың № 7 әскери-авиациялық мектебі Қостанайда орналастырылды. Осы оқу орнының 65 түлегі Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Тың және тыңайған жерлерді игеру ел экономикасына елеулі өзгерістер әкелді. 1954 жылдан 1960 жылға дейін Қостанай облысында 4,3 млн гектар жер игерілді. Осы уақыттардан бастап біздің облыстан Социалистік Еңбек Ерлері шыға бастады. Солардың арасында Жансұлтан Демеев, Иван Рудской, Кәмшат Дөненбаева сияқты мақтаныштарымыз бар. Осы жылдар ішінде Қостанай облысы көп нәрсеге қол жеткізді. Жаңадан құрылған кәсіпорындардың көбі жылдық жоспарды орындай алды және тауарды дұрыс орнықтырды. «Ремдортехника» бірлестігі, «Большевичка» фабрикасы, қаладағы балық зауыты елге таныла бастады.
008-copy
 
Өңірдің өзегі – өндіріс
 
Бүгінде облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 90-нан аса өнім түрін өндіреді. Оның арасында темір жентегі, электр энергиясы, алтын құймасы, асбесттен бастап, кондитер бұйымдарына дейін бар. 1993 жылмен салыстырғанда облыстағы жалпы өнім анау айтарлықтай өсіпті.
IMG_6200
Астық даласының абызы атанған ғалым-агроном Валентин Двуреченскийдің есімі бұл күнде облыстан сырт жерлерге де аса танымал. Өйткені, оның «ылғал сақтау» немесе «нөлдік» деп аталатын технологиясы байлыққа бастар кереметтің нақ өзі екенін бәрі біледі. Облыста темірден басқа күміс, алтын, боксит, асбест, құба көмір, тағы басқа кен түрлері өндіріледі. 1965 жылы салынған Жітіқара асбест комбинаты – Қазақстандағы хризотил-асбест өндіруші жалғыз кәсіпорын. Кен алыбы Соколов-Сарыбай комбинаты қашаннан республика индустриясының ту ұстаушысы болып келеді. Қазақстандағы темір кенінің 90 пайызын Қостанай облысы береді. Қазір кен орны жиырма мың адамға жұмыс беріп отыр. Соңғы жылдары мұнда бірнеше инвестициялық жобалар жүзеге асырылды.
DSCN0631
 
Ал, қазір Сайран Бұқанов басқаратын «Қарқын», Борис Князев жетекшілік ететін «Алтынсарин», Олег Даниленконың «Диеві» сияқты көптеген шаруашылықтар бидай және басқа да дәнді дақылдар өндіруде мол тәжірибе жинақтап келеді. Соның нәтижесінде республика сыртқа шығаратын астық пен ұнның 34 пайызын Қостанай облысының бидайы құрайды.
DSC_1720
 
Облыста соңғы жылдары құс шаруашылығы даму үстінде. 2011 жылы Арқалық қаласында «Агроинтер­птица» құс фабрикасы бой көтерді. Ол қазір жылына 300 миллион дана жұмыртқа өндіреді. Сондай-ақ, Рудный қаласындағы «Жас қанат-2006», Қостанай ауданындағы «Жас қанат» бройлер құс фабрикасы, Қарабалық ауданындағы «Комсомол құс фабрикасы» кәсіпорындары жылына 14 мың тонна құс етін, 65 миллион жұмыртқа өндіріп отыр.
 
Еңбегі еленгендер
 
Ұлт руханиятының бәйтерегі Ыбырай мен Шоқан десек, одан беріде бұл топырақта әліппенің атасы Ахмет Байтұрсынов өсті. Оның соңынан ерген Алаштың ардалары – Міржақып Дулатов, Елдес Омаров, Әліби Жангелдин, батырлар Амангелді Иманов, Кейкі Көкембайұлы – осы жердің тумасы. Қазақ әдебиетіндегі ірі тұлғалардың бірі Бейімбет Майлин, ақын Мариям Хакімжанова, қазақ театры өнерінің негізін қалаушылар Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, қоғам және мемлекет қайраткері Ілияс Омаров, аса ірі ғалымдар Манаш Қозыбаев, Өмірзақ Сұлтанғазин, ақын-жазушылар Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Спандияр Көбеев, Петр Черныш, композитор Бақытжан Байқадамов болып жалғаса береді…IMG_6968
Қостанай өңірінің спорты туралы әңгіме тіптен бөлек. Сергей Беляев 1996 жылы нысана көздеуден Олимпиаданың екі мәрте күміс жүлдегері болса, грек-рим күресінен Сергей Матвиенко әлем чемпионы атанды. Ал биыл аса ауыр салмақтағы боксшы Иван Дычко Рио-Де Жанейрода қоладан алқа тағып, еліміздің спорт даңқын асыруға үлес қосты. Облыстық шахмат мектебінің тарихы тереңде. Халықаралық гроссмейстерлер жақсы пікір білдірген Анатолий Уфимцев – әлемге әйгілі шахмат теоретиктерінің бірі. Осы клубтың жас шахматшысы Диана Асаубаева жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап облыста 600-ге тарта Қазақстан спорт шеберлері және жүзден аса халықаралық спорт шеберлері дайындалған өңірдің әлі де ел спортының дамуына үлес қосары сөзсіз.
IMG_7324
 
Қазыналы өңірдің қадамдары
 
Тағы бір жетістігіміз, 1951 жылы Қостанайда ғалымдар суыққа да, жұмысқа да төзімді, ұзын аяқты, алысқа шабатын Қостанай жылқысының тұқымын шығарды. Қазір «Қазақ тұлпарының» жылқылары ат спортынан өтетін халықаралық жарыстарда, арнайы көрмелерде талай жүлдені қанжығаға байлап келіп жүр. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нәбидолла Кикебаев бастаған ғалымдар тұяғы қазақ даласын дүбірлеткен қазанатын қайта оралту үшін ғылыми жұмыстар жүргізіп келеді.
IMG_8048
Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті облыстағы білім беру көшбасшысына айналған. Үстіміздегі жылы мұнда әскери кафедра ашылып, оқу орнының беделі одан әрі арта түсті. Облыста бой көтерген биік үйлер, жаңа ауруханалар, мектептер, балабақшалар дамыған экономиканың айнасы іспетті. Ауруханалардың медициналық заманауи құралдармен жабдықталуы соңғы жылдары едәуір көбейді. Сонымен қатар, шалғай аудандар дәрігерлері күрделі операциялар жасаған кезде заманауи бейнежабдықтар арқылы облыстық ауруханадағы әріптестерінен кеңестер алып отырады. Бұл да айтарлықтай жетістік. Науырзым қорығы 2008 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұрасы тізіміне кірді. Қорықтың және жалпы облыс аумағы табиғатының фаунасы да, флорасы да аса бай. Мұнда аңның 44, құстардың 282 түрі мекендейді. Балықтың он шақты түрі бар.
IMG_5341
 
Қазынаға бай Қостанайдың өмірі де берекелі. Мұнда түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық-мәдени орталығы бар. Олар мемлекеттік тілді үйренумен қатар, өз ана тілін, салт-дәстүрін ұмытпау үшін түрлі шаралар өткізеді. Елбасы Н.Назарбаев биыл іс-сапармен Қостанайда болып, ел экономикасын көтеру жолында тер төгіп, молшылық жасап жүрген облыс жұртшылығына алғысын жеткізді.
_MG_4746
5,6 миллион тонна астық алған диқандарға жоғары баға берді. Қостанай бұйығы тірлігімен, ынтымақ-бірлігімен қарқынды дамып, қауқары артып келе жатқан аймақ. Құт дарыған Қостанайда ілгері істер жалғасын таба бермек
 
Материал «Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы» ММ тапсырысымен дайындалды
 
Суреттер газет мұрағатынан алынды

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓