Торғайлық жұрт та Жеңіс тойын тойлады
Н.Ахметбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға аудан тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Нөпір қауым әуелі Отан үшін кеуделерін оққа тосып, шейіт болған батыр ата-бабаларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин еңбек және ауған соғысының ардагерлерін айтулы мерекемен құттықтады. – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев республика ардагерлерінің жоғары форумында: “Үлкенін дәл біздей қастерлейтін, құрмет тұтатын ел некен-саяқ шығар-ау деген болатын. Шындығында, атадан балаға мұра болып келе жатқан ежелгі дәстүріміз – ардагерлердің елге сіңірген ерен еңбектері ешқашан ұрпақ санасынан өшпейді, уақыт өткен сайын ол асқақтай түсері сөзсіз. Ұлы Отан соғысы адамзат тарихында орны толмас қайғы-қасірет әкелген теңдесі жоқ оқиға болды. Қаншама адам сұрапыл соғыста бейбіт өмірді сақтау үшін жанкешті ерлік көрсетті. Тылда тізе бүкпестен аянбай еңбек етті. Қаһармандық пен патриоттық өнегесін көрсетіп, қайсарлық танытты. Халқымыздың басына түскен сол бір ауыр жылдардың салмағы ел есінде. Ұлы ерлікке тағзым – елдік парыз. Отан үшін от кешкендердің өшпес ерлігі мен еңбегі бүгінгі ұрпаққа өнеге, – деді өз сөзінде аудан басшысы.
Аудандық мәдениет үйінің әншілері мен Н.Иванов атындағы орта мектебінің оқушылары соғыс уақытында майдангер аталарымыздың рухын көтеріп, жеңіске жетелеген әуезді әндерді көптеп шырқады. Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен ұлттық ойынымыз "Тоғызқұмалақтан" жарыс өтті. Жеңімпаздар анықталып, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы