Сарыкөлдегі Жеңіс салтанаты
Биыл дүниежүзін дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысының аяқталғанына – 71 жыл. Бұл ұлы мереке Сарыкөл ауданында айырықша ұлықталды.
Алдымен, орталық алаңда 1941-1945 жылдар аралығын қамтыған қан майдандағы сұрапыл жағдай шағын қойылым ретінде көрсетілді. Сондай-ақ, батырлардың суретін көтергендер алаңды айналып шықты. Оған мектеп оқушылары мен студенттер белсенді атсалысты. Әсіресе, олардың сұм жылдардан сомдаған оқиғалары көпшіліктің көзіне жас үйірілтті.
Бұдан кейін сап түзеген жергілікті билік өкілдері, соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері және сарыкөлдік тұрғындар «Даңқ» ескерткіші маңына жиналып, қан майданда қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
-Бүгін – біздер үшін қасиетті де, қастерлі күн. Яғни, Жеңіс күнін мерекелеудеміз.
Ұлы Отан соғысы кезінде қаншама ата-бабаларымыз Отан үшін кеудесін оққа тосып, ерең ерліктің үлгісін көрсетті. Жалпы, Сарыкөлден 5 мыңнан астам адам майданға аттанса, соның 3179-ы ғана елге оралған. Алайда, олардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Оны бүгінгі ұрпақ мақтан тұтып, үлгі етеді.
Құрметті сарыкөлдіктер! Баршаңызды Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 71 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын, – деді ол.
Эльдар Қонысбайұлының құттықтауынан кейін соғыс ардагерлері – Андрей Евтушенко мен Павел Черепахин сөз сөйледі. Қан майданның қақ ортасында болған олар да сарыкөлдіктерді ерекше мерекемен құттықтап, енді соғыстың болмауын, мәңгі бақи аспанымызда бейбіт күн орнап, әрдайым еліміздің еңсесі биік болуын тіледі.
Дәл осындай жүрекжарды лебіздерден соң ерлер есімі жазылған құрмет тақтасына гүл шоқтарын қойылды. Оны аудан әкімі Эльдар Күзенбаев пен соғыс ардагері Андрей Евтушенко бастап, қарапайым тұрғындар қостады.
Ал, жиын соңы мерекелік концертпен жалғасты. Әсіресе, бұл күні өңір өнерпаздары «Жеңіс», «Ерлік», «Отан» туралы әндерді әуелетіп, сарыкөлдіктерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айтпақшы, «Жеңіс» саябағы ішінде әскери шатыр тігіліп, солдаттық ботқа үлестірілді. Сондай-ақ, «Трио» кафесінде ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне арнайы дастархан жайылды. Бұл жерде де құттықтаулар толастаған жоқ. Айта кеткен жөн, ауданымыздың бас имамы Дәулетбай қажы Әбдіхалық қос соғыс ардагерінің иығына қазақтың дәстүріне сай шапан жапты.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.