Облыс әкімі суриковтықтармен кездесті
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов іссапармен Қостанай ауданына қарасты бірқатар елді мекендерді аралады. Облыс әкімі мен аудан әкімі Тәуба Исабаев ат басын алдымен Суриков ауылына бұрды. Суриковты су басқалы өңір басшысы жағдайды назарда ұстап отыр. Бұл жолы мәселенің мәнісін көзбен көруді жөн санапты. Себебі, қызыл су қоршауында әлі де 16 үй бар.
Бүгіндері су сәл де болса тартылып, санаулы баспана құрғаған. Қарғын судан құтқарылған тұрғындармен өңір басшылары тілдесіп қайтты.
-Әрең дегенде үйіміз құрғады. Өз қонысымызға оралып, бәрін қалыпқа келтіріп жатырмыз,-дейді ауыл тұрғыны Наталья Пронькина. – Жергілікті биліктің бізге көрсеткен қамқорлығына дән ризамын. Тез арада көмекке келіп, барлық жұмысты жауапты атқарды,-деп өзінің лебізін білдірді.
Қызыл судан зардап шеккендердің бірі – Александр Прищепа. Ол осы ауылдың кірберісінде орналасқан ескі үйіне қайта қоныс аударуда. Себебі, су астында қалған баспанасы енді пайдаға жарамайды.-Меніңше, үйімді қайта жаңарту мүмкін емес. Қабырғалары салмақты көтере алмай жарыла бастады. Төбесі болса ортасына түсті. Қараудың өзі қорқынышты. Мал қорам құлап қалды. Бірақ, қайғыратын дәнене жоқ. Барлығы келіп көмек қолын созып жатыр. Ауылдастарым мен туысқандарым ескі үйімнің ауласын тұрғызуға жұмыла кірісіп кетті. Еденің жөндеп, пеш кіргізуге шақ қалдық,-дейді Александр Прищепа.
Тосыннан су тасығалы тұрғындарға қол ұшын созған жергілікті кәсіпкер Асқар Әбілұлы болатын. Үйсіз қалған суриковтықтарға үш мезгіл тамағын беріп, жомарттық жасаған. Бүгіндері үйлерін қалыпқа келтіру үшін құрылыс материалдарын да әкеп беріп отыр.
А. Мұхамбетов тұрғындармен кездескен соң су сору жұмысының қарқының бақылады. Аудан әкімі Т. Исабаевтың айтуынша, бұл жерде ең мықты деген 10 құрылғы іске қосылған.
Суриковтағы бастауыш мектебінде облыс әкіміен жүздесуге 20-ға жуық адам жиналды. Ескерте кетейік, ілгерілекте мемлекеттік қызметкерлер және ерікті жомарт жандардың демеушілігімен зардап шеккен әр отбасыға 1 млн.теңге көлемінде жәрдемақы берілген. Сондай-ақ, әлеуметтік қорғау жүйесімен 30 АЕК (63 630 теңге) қаржылай көмек көрсетілді. Бастауыш мектептің кіреберісінде қабырғаға бірнеше баспананың суреті ілінген. Бұлар – таңдауға қойылған үйлер. Бәрі де Қостанай ауданына қарасты ауыл аймақтағы бос қоныстар. Шаңырақтары су астында қалған кез келген отбасы осы үйлердің біреуіне қоныс аудара алады.
Барлық баспана құтқарылған соң сарапшы топ қызметкерлері залалдан келген шығынды бағалайды.
Мәселен, сарапшы Валерии Тищекноның сөзіне сүйенсек, бағалауға тек қар суынан зиян тиген мүліктер ғана есептеледі: қабырғалар, еден, үйдің төбесі т.б. Баға нарықтағы құрылыс материалдарының есебімен өлшенеді. Жиһаздар бұл санатқа енбейді. Тек жылжымайтын мүлік қана.
Мәселен, сарапшы Валерии Тищекноның сөзіне сүйенсек, бағалауға тек қар суынан зиян тиген мүліктер ғана есептеледі: қабырғалар, еден, үйдің төбесі т.б. Баға нарықтағы құрылыс материалдарының есебімен өлшенеді. Жиһаздар бұл санатқа енбейді. Тек жылжымайтын мүлік қана.
Бүгіндері суриковтықтарға көмектесем дегендер үшін Заречный ауылындағы қазақ мектебінде қойма ашылған. Бұл жерге жиһаздан бастап, тұрмысқа қажетті керек-жарақ дүниенің бәрін тапсыруға болады. Айтулы қор жиналған соң зәру жандардың игілігіне беріледі.
5 мамыр күнгі көрсеткіш бойынша су деңгейі 60 см төмендеген. Су астында әлі 16 үй бар. Облыс әкім Архимед Мұхамбетов мерекелік демалыс күндері де су сору жұмыстары бір минутқа да тоқтамауы керек екенін айтты.
Кенже ҚОНЫСБАЙ