Құрылысқа қосымша қаржы қажет
Үстіміздегі жылы облыста құрылыс жұмыстары екі есеге дейін қысқарды. Мәселен, өткен жылы 250 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл оның көлемі 162 шаршы метрге тең. Облыс әкімдігінде өткен кеңесте аймақ басшысы А.Мұхамбетов мұның тиімді тұстарын айтты.
-Өткен жылы облыс аудандары мен қалаларын аралағанда мен әр өңірдің шамасын байқадым. Соған сәйкес, биыл біз үй құрылысы жұмыстарын барынша қысқарттық. Яғни, әркім көрпесіне қарай көсілуі тиіс,-деп атап көрсетті Архимед Мұхамбетов.
Дегенмен, ол мемлекет көмегі мен сырттан қосымша қаржы тарту шараларын тиімді пайдалана отырып, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды. Мәселен, Алтынсарин, Қамысты, Меңдіқара аудандары мен Рудный қаласында құрылыс жұмыстары екі есе төмендесе, Қарасу мен Қарабалық аудандарында үш есе, Қостанайда 30%-ке, ал, Аманкелді ауданында бірден төрт есе кеміген.
Жалпы, үстіміздегі жылдың басынан бері 107 млрд.теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылыпты.
Әлібек ЫБЫРАЙ