Жұптары жарасқан қос ұлт өкілі
Аманкелді селосының шығыс-солтүстігіндегі "Газ-баллон" мөлтек ауданында қарайлас тұрғандықтан ба, түр-түсі өзге ұлттың өкіліне келетін осы бір жас қызды күнде таңертеңгілік сағат 6-жарым мен 7-жарымның арасында көріп жүргендіктен білемін. Қой кезегіне шыққан кісілер оның атын білмесе де:
– Мына жас қыз Шәмшиден Қозыбақовтың үйінен шығады. Күнде таңертеңгілік жеке меншік ешкілерін кезекке әкеліп, қосып жүреді, – деп айтқандарын талай естіген соң ба, таяуда таңертеңгілік әлгі балаға жолықтым.Басына орамал тартқан ол ибалы қалыппен ұялыңқырап:
– Ағай, менің атым – Виктория. Татар қызымын. Әкемнің аты – Тахир. Мен, негізінен, Жамбыл облысы, Байзақ ауданының тумасымын. Қазір жасым 28-ге қарап тұр. Жолдасым Жәнібек Шәмшиденұлы 1986 жылы туған. 2010 жылы Астанада танысып, көңіліміз жарасып, шаңырақ көтердік. Кәусар, Інжу, Фатима атты үш қыздарымыз бар. Кәусар – 6 жаста, Інжу – 3 жаста, ал Фатима биыл дүниеге келді. Жолдасым Жәнібек – аудандық прокуратурада күзетші болып қызмет етеді. Ата-енем Астана қаласында тұрады. Қазір үйде өзіміз ғанамыз. Жәнібек Астана қаласындағы Тұран Университетінің заң факультетін бітірген. Мамандығы жоғары білімді заңгер. Мен мектепке дейінгі балаларға білім беремін. Бірақ, әзір баламен үйде отырмын, – деді.
Сол күні түс кезінде Жәнібек пен Викторияның үйіне барып, тұрмыс жағдайларымен таныстық. Жас отбасы тату-тәтті тұрады. Жәнібек жоғары білімді заңгер болумен қатар, 2010 жылдан бастап бес уақыт намазын қаза қылмай оқып, дін жолын бірыңғай ұстап жүр. Жұма намазынан қалмайды.
– Менің отбасым үшін 2010 жылдың орны бөлек. Себебі, мен сол жылы намазға жығылдым. Сол жылы Викториямен шаңырақ көтердім. Сол жылдың аяғында тұңғышымыз Кәусар дүниеге келді. Құдай қосқан қосағымды мақтан етемін. Негізі – татар халқы біздей емес, дінді қатты ұстайды ғой. Виктория басынан орамалын бір тастамайды. Балаларға жақсы тәрбие беруде. Алла тіл-көзден сақтасын, тіршілігіміз жаман емес. Мал ұстаймыз. Виктория оны үлгіртіп, балаларға сүт тағамдарын дәмді етіп әзірлеп береді.
Жалпы, мен түрлі кітаптарды көп оқимын. Содан байқағаным татар халқы біздің қазақтарға білім жағынан көп үлгі-өнеге берген екен. Қазақ зиялыларының көбі татар қыздарына үйленіп, бақытты тұрмыс кешкен. Қазақтың тұңғыш кітаптарын, жаңа үлгідегі алғашқы ұстаздарын да татар халқы әзірлепті. Негізі, қазақ пен татар – туысқан ұлттар.
Жиі болмағанмен, қайын-жұртыма барып тұрамыз. Балалар жас болғандықтан ұзап шығу қиын ғой. Ата-енем Викторияға "Отбасыңды, жолдасыңды құрметте" деп үнемі ақылдарын айтып отырады. Олардың бұл үлгі-өнегелері менің жаныма майдай жағады. Викториядай жар сыйлағаны үшін Алла тағалаға шексіз алғыс айтамын! – дейді Жәнібек.
Бір көргенде байқағанымыз балалары да тәрбиелі екен. Кәусар мен Інжу бал тілдерімен үй ішін қызыққа, қуанышқа бөлеп, ата-аналарының көңілдерін мәз етуде. Ал, Фатима болса әлі періштедей сәби. Ештеңеде шаруасы жоқ. Ата-анасына қарап жымиып қояды.
Сүттей ұйыған Жәнібек-Виктория Қозыбақовтардың шаңырағынан өзгеше сезіммен қуанып шықтық. Себебі, қос ұлт өкілінен құралған жас отбасының өз қызығы өзінде. Олар бір-бірін сыйлап, қадірлейді. Отбасында жылылық ұйыған. Шаңырақтарынан шаттық лебі еседі.
Хамитбек Мұсабаев