“Торғай барысы – 2016”
Жангелдин ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі мен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен “Топжарған” спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен “Қазақстан барысы” екінші іріктеу кезеңі өтті. Бұған дейін бірінші іріктеу кезеңі ауылды жерлерде өткен болатын.
Бозкілем бәсекесіне ауыл, ауылдық округтердің палуандары қатысып, бақ сынасты. Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров және “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рауыл Ахметжанов сөз сөйлеп, палуандарға сәттілік тіледі.
Жарыстың алғашқы күні төменгі салмақ дәрежесіндегі палуандар боз кілемде белдесіп, шеберлік танытты. Спорт сүйер жанкүйерлердің тағатсыз күткен “Түйе палуан” күресі қызықты әрі тартысты өтіп, екінші күні өз мәресіне жетті. Бабы келісіп, бағы жанған Бағдат Ертасов “Торғай барысы” атанды. 2-орынды Жандос Қабажаев иеленді. 3-орын Алмат Зейнеловтің еншісіне бұйырды.
Жеңімпаз атанған барлық палуандар алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ал “Торғай барысы” атанған Бағдат Қайсарұлы облыста өтетін “Қазақстан барысына” жолдама алды.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ,
Жанкелдин ауданы.