Ерлікке тағзым
Қостанай қаласында жасақталған 151-ші жеке атқыштар бригадасы тарихта өшпес із қалдырды. Аталған бригаданың негізінде 150-ші атқыштар дивизиясы құрылып, Рейхстаг үшін шайқаста ерлік көрсетті. Бұл құрама фашистік Германияны талқандауға елеулі үлес қосып, Жеңіс туын тікті. Бейбітшілік үшін күрескен 151-ші жеке атқыштар бригадасы осыдан 74 жыл бұрын майдан даласына аттанған болатын. Тарихи датаға орай қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мәдениет бөлімімен бірлесе жаяу жүгіріс және веложарыс ұйымдастырды. Спорттық іс-шара таңертеңгі сағат 10.00-де Жеңіс саябағында басталды. Желаяқтар Кеңес Одағының Батыры И.Я.Сьяновтың зиратына гүл шоқтарын қойды. Қалалық балалар шығармашылығы мектебіне дейін жүгіріп келіп, мәре сызығынан кесіп өтті. Спортшылар мен ардагерлерді оқушылар қошеметпен қарсы алды. Спорттық іс-шара 151-ші жеке атқыштар бирагадысының жауынгерлеріне арналған митингпен жалғасын тапты. Митингтің қалалық балалар шығармашылығы мектебінің алдында өтуі бекер емес. 151-ші жеке атқыштар бригадасы 1942 жылдың 26 сәуірінде аталған ғимарат орналасқан жерден майдан даласына аттанды. Сондықтан қалалық балалар шығармашылығы мектебі тұрған жерді тарихи орын деуге негіз бар. 151-ші жеке атқыштар бригадасы туралы құнды деректерді қаладағы №4 орта мектептегі мұражайдан таба аласыз.
Қостанайлық жауынгерлердің ерліктеріне арналған митинг ҚР Әнұранымен ашылды. Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Подоляков және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин сөз сөйледі.
Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанттары Алдамжар Гүлназ, Тельман Гүлжанат, Ырымбаев Нұрсұлтан соғыс ардагерлеріне алғыс айтты. Іс-шараға Қостанай академиясынан 150 курсант қатысқанын атап өтейік. Жүгіріс пен веложарыстың қатысушылары Алғыс хаттармен марапатталды.-Осыдан тура 74 жыл бұрын мына тұрған алаңнан 151-ші жеке атқыштар бригадасы майдан даласына аттанды. Бригаданың негізгі құрамы қостанайлық жауынгерлерден жасақталды. Ержүрек азаматтар өз сөздерінде тұрып, Отан алдындағы борыштарын өтеді. Олар елімізге жеңіспен оралды. Жау қолынан жараланып, соғыста қаза тапқандар да болды. Біз, ҰОС-ның соңғы нүктесін қойған қостанайлық жауынгерлермен мақтануымыз керек. Сіздер мұны ешқашан ұмытпаңыздар. Бір-бірімізге айтып, ұрпақтан ұрпаққа дәріптеп отыруымыз керек. Себебі, ерлік ұмытылмайды,-деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин.
Қымбат ДОСЖАНОВА.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.