“Тілдарын”
Міне, осындай атпен Достық үйінде облыстық тілдерді дамыту басқармасы және тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен республикалық байқаудың облыстық кезеңі болып өтті. Осы байқауға өңірдегі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін 18 бен 22 жас аралығындағы жастар қатысып, өздерінің білімдерін, талаптарын көрсетті.-Ұйымдастырылып отырылған сайыс, ең алдымен, еліміздегі соның ішінде – облысымыздағы үш тілді жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау, оларға қолдау көрсету, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу болып табылады,- деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Саят Нәзіров.-Қазіргі уақытқа дейін «Тілдарын» байқауын бірнеше мәрте өткіздік. Өткен жылғы байқауда бас жүлде алған жеңімпазымыз республикада екінші орынды жеңіп алған болатын-ды. Осы жолғы байқауға қатысушылар өте білімпаз, үш тілді жақсы меңгерген жастар. Шарт бойынша қатысушылар, біріншіден, берілген тақырыптың мазмұнын толық үш тілде аша білуі қажет, екіншіден, үй тапсырмасы бойыншаүш тілде эссе жазуы керек, ал, енді үшінші тапсырмада мәтінге ілеспе аударма жасайды. Қатысушылар байқаудың әр кезеңінде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қаншалықты білетіндіктерін көрсетулері керек, неге десеңіз, тілсайысының міндетті шарты бойынша үш кезеңнен өткен қатысушы ғана осы қорытынды облыстық байқауға қатыса алады,- деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім жетекшісі Бақыткүл Зарлыққызы.
Қазылар алқасы әрбір қатысушының тапсырмаларды орындағанда тілді қаншалықты меңгергенін,қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің өздеріне тән әріптерінің дыбысталуына, айтылуына, сахна мәдениетіне көңіл бөлді. Жеңімпаздарды анықтау оңайға түскен жоқ. Сондықтан да қазылар алқасы жиырма екі қатысушыны тағы да іріктеді. Нәтижесінде, іріктеуден өткен он қатысушы қайта іріктеуге түсті. Сонымен, республикалық байқауда облыс намысын қамыстылық Жәнібек Жәкенов қорғайтын болады. Ал, екінші мен үшінші орындарды арқалықтық Аида Әмірова, Қостанай ауданынан келген Әлия Күзембаева жеңіп алды. Жеңімпаздар да, қатысушылар да сый-құрметке ие болды.
Гүлназым САҒИТОВА.
Суретті түсірген: Айбек ЖҮЗБАЙ.