Есірткімен күрес бөлімшесінің бастығы героин өткізуге жәрдемдескен
Бүгін Қостанай қаласы №2 соты Қостанай қаласы ішкі істер басқармасы орталық полиция бөлімінің есірткі бизнесімен күрес бөлімшесінің бұрынғы басшысы Аслан Оразбаевқа қатысты үкімді жариялады. Бұл туралы Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.Сот 2008-2012 жыл аралығында Оразбаев өзінің қызметтік жағдайын пайда табу мақсатында пайдаланып, тұрақты ақша немесе героин түрінде сыйақыға ұйымдасқан қылмыстық топ басшылары мен мүшелеріне ірі көлемде заңсыз негізде бірнеше рет есірткі өткізуге жәрдем көрсеткенін анықтады.
Оразбаев ҚР ҚК 307-бабы бойынша айыпты деп танылды.
Сот үкімімен оған құқық қорғау органдарында 7 жыл жұмыс істеу құқығынан айыра, мүлкі тәркілене отырып, жалпы режімдегі колонияда 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Жазасын өтеуші полиция капитаны атағынан айырылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енбеді.