Сарыкөл аумағында 18 үйді су басты
Бүгінде Сарыкөл ауданы аумағында қардың 60%-ы еріп, соның салдарынан өңірде 18 үй мен 16 шаруашылық құрылыс нысанын су басты.
Орталықта 12 үйге су кірсе, Ананьев елді мекенінде 2 үй мен 1 шаруашылық құрылыс нысаны, Тәгілде 2 үй мен 5 шағын құрылыс нышаны, Севастополда 2 үй және Маяк ауылында 10 ШҚН су астында қалды.
Тұрғындарды әбігерге салған бұл жағдаймен жергілікті билік өкілдері және жедел штаб жаппай күресуде. Мәселен, осы сейсенбіде өңір басшысының тапсырмасы бойынша ауданның мемлекеттік қызметшілері сенбілікке шықты. Олар осы су басу аймағында орналасқан үйлердің су ағатын жыраларын қолымен қазып, құбырларларды тазалады.
Сондай-ақ, аудан әкімі Эльдар Күзенбаевтің өзі күн сайын қауіпті жағдай байқалатын көшелерді аралап, бақылау жүргізіп отыр. Ол жағдайды мұқият қадағалап, тұрғындармен тілдесіп, нұсқау беруде. Өңір басшысымен кездескен Чапаев көшесінің тұрғыны Василий Янков бұндай жағдайдың бұрын-сонды болмағанын айтып және қол ұшын созуды сұрады.
Ал, Набережная көшесі, 64-үйдің тұрғыны Роза Макина былай дейді:
-Үйімді су басқан күні балаларым бір амалын тауып, суды кетіргенімен, қарқынмен аққан су қайта кіріп кетті. Былтыр да белуардан су кешкенбіз. Үйдің іші мен мүліктеріміздің бәрі бүлініп қалды. Жазда балаларым үйді жөндеген еді, еңбектері еш кетті. Келесі күні аудан әкіміне кіріп, мән-жәйді түсіндірдім. Ол кісі трактор жібертіп, суды сейілтті. Сарыкөл ауданы ТЖБ бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ермек Ибраевтің айтуынша, қар суының салдарын жою үшін барлығы 92 адам, 36 техника, соның ішінде ҚР ІІМ ТЖК Батыс-Қазақстан облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ жеке құрамының 3 адамы мен 1 техникасы және Қостанай облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ Қостанай қалалық №2 ӨСҚ жеке құрамының 2 адамы мен 1 техникасы жұмылдырылыпты. Сондай-ақ, өңірдегі "СарыкольДорСтрой" ЖШС, "Ерлан" ЖШС, "Ұлан" МКК, Сарыкөл ТЖБ және №16-ӨСБ адамдары мен техникалары қосымша күш беріп жатыр. Қару суынан қауіп бар аймақтарда күні-түні арықтар тереңдетіліп, су сору жұмыстары әлі де жалғасуда.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.