Егіс науқанына дайындық басталды
Өңірде биылғы егіс науқанына дайындық қамы наурыз айынан басталып кетті. Былтырғы жылдың диқандар үшін оңай болмағаны анық. Бірақ, соған қарамастан облыс ауыл шаруашылығы тауарын өндіруде бірнеше бағыттар бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді.
Ағымдағы жылы шаруалар жалпы 5,1 млн. га жерге тұқым сеппек. 2015 жылға қарағанда, бұл 68 мың. га-ға ұлғайған. Жаздық егістің аумағы 4,7 млн. га жетіп отыр. Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 4,1 млн. га-ды құрайды. Бұл тұста бидай және жарма егуге арналған жер көлемі едәуір өскенін айта кеткен жөн.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің мәлімдеуінше, егістік алқаптарды минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жылдан жылға кеми түскен. 2009 жылы облыс бойынша 41 мың тоннаға жақын тыңайтқыш пайдаланылса, 2014 жылы 21,5 мың тоннаны құраған. Ал. биыл әзірге 11 мың тоннаға өтініш түскен. Бірақ, бұл алдағы айларда тағы өсуі мүмкін.
Ал, енді көктемгі егіс науқанына техникамыздың дайындығы қалай? Қаншалықты жөндеу жұмысы жүріп жатыр? Осыған аз-мыз тоқтала кетейік. Күнделікті жұмыс жоспарына сәйкес көктемгі егіске 25 мыңнан аса троктор, 25 мыңнан аса сеялка, 792 жоғары сапалы егіс техника кешені тартылмақ. Негізі, шаруалар қазірдің өзінен техникаға жөндеу жұмысын бастап кетті. Кейбірі, аяқталар мерзімі 15 сәуірге дейін деп жорамалдап отыр.
Қаржылық қиындықтарға қарамастан қазір өңір ауылшаруашылығы өз қарқынын бәсеңдетпек емес. Машина-трактор алаңдарын жаңарту да жақсы қолға алына бастады. Өткен екі-үш айдың өзінде шаруалар қолына 20 трактор, 19 комбаин, 48 сеялка түсті. «Каз АгроФинанс» арқылы лизингке жалпы құны 437 млн.теңгеге 21 техника сатып алынды. Әлі де бірнеше техниканың бұйыратын тағы жөні бар екен.
Сәтін салса, ауа райының қолайсыздығы болмаса, шаруалар 15 сәуірге дейін көктемгі егіс науқанына техникаларын жаңартып, жөндеп алмақ.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Коллажды жасаған Айбек Жүзбай.