Сырқат жандар сайлаудан сырт қалмады
Қазір еліміздегі елеулі оқиға – ҚР Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауы. Мемлекеттік маңызы бар мәселеге ешкім бейжай қарамауы тиіс. Сол себепті де қазақстандықтар бір кісідей сайлауға қатысуы қажет.
Облыс орталығындағы №9 сайлау учаскесі осы қағиданы бек ұстанған. Қостанай қалалық ауруханасындағы сырқат жандар саяси додадан сырт қалмады. Сыртқа шығып дауыс бермегенімен, станционарлық жағдайда өздерінің азаматтық борыштарын орындады.
-Бүгінгі болып жатқан саяси оқиғаға барша ел азаматтары қатысуға құқылы. Осыған орай, аурухана қабырғасындағы дауыс берушілерге де барлық мүмкіндік жасалып отыр. Қазіргі уақытта аурухана аумағында 104 азамат өздерінің көңілдерінен шыққан кандидаттарды қолдайды. Барлығы белгіленген тәртіпке сай дауыстарын берді,-деді №9 сайлау учаскесінің төрағасы Талғат Қайырмағамбетов. Сайлаушыларды саяси науқан кезінде орындалатын талап-шарттармен жауапты мамандар осыдан бір апта бұрын толықтай ақпараттандырған. Дауыс беруге дімкәс жандардың барлығы дерлік келе алмады. Тек өз еркімен жүріп-тұра алатындары ғана бюллетень салатын жәшіктің жанынан табылды. Ал, төсекке таңылғандары дәрігерлердің көмегі арқылы өз кандидаттарын таңдады.
Кенже ҚОНЫСБАЙ