ҚЫЗДАРҒА ӘСЕМДІК ЖАРАСАДЫ
Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінде дәстүрлі «Көктем аруы 2016» байқауы өтті. Оған ақылына көркі сай, қазақтың ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жетік меңгерген 8 бойжеткен қатысып, 4 кезең бойынша өзара бақтарын сынады.
Алғашқы таныстыру кезеңінен-ақ арулардың сайысқа тыңғылықты дайындалғаны байқалып тұрды. Олар сахналық қойылымдар мен слайд-шоулар арқылы туып-өскен ортасы мен қол жеткізген жетістіктерін көрсетті. Сұрақ-жауап кезеңі бұрымдыларға оңай түскен жоқ. Бұл сыннан кейбірі сүрініп жатса, енді бірі тапқырлық танытып, барлық сұраққа мүдірмей жауап беріп жатты. Жұрт асыға күткен өнер сайысында сегіз бойжеткен де алдына жан салған жоқ. Бірі мың бұралаған биімен елді тамсандырса, бірі бұлбұл үнімен құлақ құрышын қандырды. Монолог оқу, актерлік шеберлік секілді өнердің сан түрімен қыздардың өнері бір-бірінен асып түсіп жатты. Соңғы кезеңде нәзік жандылардың сәнді көйлегі, сырт сымбаты мен жүріс-тұрысы сынға алынды. «Қыздарға әсемдік жарасады, Ай көркі биіктетер аласаны» демекші, осылайша әрбір қатысушы өз бойынан қазақ қызына тән ибалықты, сыпайылық пен парасаттылықты байқатты.
Сайыс қорытындысы бойынша, қазылар алқасының шешімімен «Көктем аруы – 2016» атағы – ББМ-02 тобының оқушысы Диана Кәрімге бұйырды. Екінші орынды Әсем Өтемұратова жеңіп алса, үшінші орынға Әселхан Мақашева жайғасты. Барлық аруларға арнайы номинациялар мен демеушілер ұсынған сыйлықтар табыс етілді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ