БАҚ ПЕН БАП
Қостанайда тірек-қимыл жүйесі, есту-көру қабілеті зақымданған спортшылар арасында пауэрлифтингтен облыс чемпионаты аяқталды. Жарыста Қостанай, Рудный қалалары мен Қостанай ауданынан 25 спортшы өнер көрсетті. Айта кетейік, «Үміт- Надежда» қоғамдық бірлестігі облыс орталығының әуесқой атлеттерінің қатысуына мұрындық болды.
Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырған бәсеке ерлер мен әйелдер арасында өтті. Нәзік жандылар Әлия Сүлейменова (55 кг), Гүлнара Осипова (67 кг), Нина Маслова (71 кг) жекелей сында жеңіске жетті. Ерлер арасында 54 келіде 68 жастағы рудныйлық Қайыржан Жұмағалиев чемпион атанса, қалған салмақ дәрежелерінде Сергей Исаев, Александр Афинец, Кирилл Остапенко, Руслан Байғаниндер жеңіс тұғырына көтерілді.
– Бүгінде Қазақстанда паралимпиадалық спорт түрлері жанданып келеді. Мемлекет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілуде. Қостанайдағы өткен турнир де осының бір дәлелі. Біздің ендігі мақсатымыз – әлемдік ареналарда Қазақстанның атын шығару. Осы жолда аянбай еңбек етсек, мұнымыз жай ғана арман болып қалмас, – деді қостанайлық спортшы Руслан Байғанин.
Бабы мен бағы келіскен зілтеміршілердің арасынан пен 16 жасар оқушы Тұрсынай Қабылды айрықша атап өту керек. 41 келіде жеңіп шыққан Тұрсынай халықаралық дәрежедегі нормативті орындады. Ол алдымен, 52,5 келіні көтеріп, облыс чемпионын алдын-ала анықтап қойды. Ал 55 келіні оңай бағындырған қаладағы №20 мектепің 10-шы сынып оқушысы паралимпиада көрсеткішінде әлемдік рекордты жаңартты. Енді қаршадай қызға Талдықорғанда өтетін ҚР чемпионатында өз мықтылығын дәлелдесе болғаны.