Жаңа мамандықтар – жаңа мүмкіндіктер
Заман талабы – сұранысқа қажетті мамандықтарды игеру. Жақында Арқалық политехникалық колледжінің базасында жұмыссыздарды мамандыққа қайта даярлау үшін үш айлық оқу курсы өз жұмысын бастады.
– 2016 жылы Арқалық қаласына "Жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен 42 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражат бағдарлама бағыттарын қамтуға, соның ішінде әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, кәсіби оқыту және мамандыққа қайта даярлау үшін жұмсалады. Мәселен, мамандыққа қайта даярлау үшін биыл 15 қатысушыға 2 млн. 230 мың теңге қаражат қарастырылып отыр, – дейді "Арқалық қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту бөлімі" КММ басшысы Кенжебай Бейсенбаев.
Мамандыққа қайта даярланып жатқан ағайындардың қуаныштарында шек жоқ. Мемлекеттік бағдарламаның шарапаты мол. Шәкіртақы төленеді. Алыс ауылдардан келгендер жатақханамен қамтылып, тегін тамақ беріледі.
Сағат Айманов, Жалғызтал ауылының тұрғыны: Бұл – үкіметтің халыққа жасап жатқан үлкен қамқорлығы. Бағдарлама бойынша электрик мамандығын алып шықпақшымын. Жасым – 55-те. Балаларым ересек, немерем бар. Мамандық алуға әлі де кеш емес деп ойладым. "Арқалық-Шұбаркөл" теміржолы ауылымыздың іргесінен өтеді. Оқу аяқталғасын жұмыс болады деп үміттенемін.
Нұрдәулет Ибрашев, Жанкелдин ауданының тұрғыны: Мен осы оқу орнына келгеніме өте қуаныштымын. Осындай оқулар көбейе берсін. Қай жерге барсаң да "оқу керек, диплом керек" дейді. Диплом алатын жастар көбейе берсін. Электрмен және газбен дәнекерлеуші мамандығында оқып жатырмын. Бұған дейін оқымағанмын. Мектеп бітіргеніме 5 жыл болады. Құрылыста анда-мұнда жұмыс істедім. Мамандық алып, алға қойған мақсаттарымды орындаймын деген ойдамын. Қай жерде болмасын "дәнекерлеушілерге сұраныс мол" дегенді ақпарат құралдары арқылы естіп жатамыз. Оқу бітіргеннен кейін жұмыс болады деп ойлаймын.
Эльмира Тұрсынбекова, Молодежный ауылының тұрғыны: Жұмыспен қамту арқылы оқып жатырмын. Жеке шаруашылықтарда аспаз болып жұмыс істеп жүрмін. Енді кәсіби түрде маманданып шықсам деймін.
Айтуар Омаров, Арқалық қаласының тұрғыны: Аспаздықты ұнатқаным үшін оқып жатырмын. Бұл мамандық – негізі, жақсы мамандық. Осы мамандықты оқып алғандар жаман болмайды. Бұрын техника жағында жұмыс істегенмін. Аспаздық мамандығына сұраныс мол. Алдағы күзде 60 жасқа толамын. Зейнеткерлікке шықсам да, бұл мамандық маған қажет деп ойлаймын.
Саяна Хасенова, Арқалық политехникалық колледжінің оқытушысы: Колледжде көптен бері жұмыс жасап келемін. Оқу бітірген шәкірттерімді көру бір ғанибет. Алғыстарын айтып жатады. Жұмыс істеп жүргендерін көргенде ерекше сезімге бөленемін.
Мұрат Жүнісұлы