Игі істер айы
Жыл сайын көктемнің алғашқы айымен Еуразиялық Топтың құрамына кіретін кәсіпорындар арасында дәстүрге айналған «Наурыз – игі істер айы» акциясы бастау алады. Акцияның аты айтып тұрғандай, еліміздің ірі өнеркәсіп кешендері, зауыттар мен кәсіпорындар тұрғындарға әртүрлі әлеуметтік көмек көрсетеді. Қайырымды шара «ССКӨБ» АҚ еріктілерін де айналып өтпеді. Былтыр акция барысында жетпіске жуық игі іс жасаған кеншілер биылғы көрсеткішті сандық және сапалық жағынан арттырамыз деп отыр.
Қысы қытымыр, аязды, ақтүтек бораны жиі соғатын солтүстік өңірде биыл қар қалың түспесе де, алты ай бойы жинақталған ақ ұлпа жалғызбасты зейнеткерлерді біршама әбігерге салатыны анық. Сол себепті Тау-кен темір жол көлігі басқармасының «тимуршылары» алғашқы қадамдарын жеке тұрғын үйлер секторында тұратын Надежда Волкованың үйінен бастады. Ұлдар жағы амандық-саулықтан кейін қолдарына күрек алып, үйдің аумағын қардан тазартуға кірісті. Ал нәзік жандылар болса үйдің барлық бөлмелерін тып-тинақы етіп жинап, жуып берді.
– Балалар мені тағы бір рет қуантты. Жалғыз тұратындықтан басқарманың жұмыскерлері әр мереке сайын келіп, қолдан келген көмегін жасап тұрады. Үлкенге қамқорлық көрсетіп, өзгеге үлгі болған жастарға айтар алғысым зор, – дейді комбинатқа біраз жылын сарып етіп, бүгінде еңбек демалысында жүрген Надежда Васильевна.
Келесі күні Жол шаруашылығы және құрылыстар басқармасының өкілдері бөбектер үйіне барып, балалардың негізгі ойын және жатын бөлмелерін жөндеуге кірісті. Үш күн демалыста құрылысшылар линолеумді ауыстырып, қабырғаларды тегістеп үлгерді. Енді осы қабырғаларға түрлі-түсті суреттер салу жоспарда бар.
Наурыз айының соңына дейін қала құраушы кәсіпорынның 600-ден астам еріктісібалалар үйінің тәрбиеленушілері мен көмекке мұқтаж еңбек ардагерлеріне бірнеше мәрте барып, жан-жақты іс-шаралар жүргізетін болады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ