Тасқын – басты назарда
Жақында республикалық «Көктем-2016» командалық-штабтық оқу-жаттығу жиындары басталды. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен көктем мезгіліндегі тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымдық, коммуналдық, энергетикалық, көлік коммуникация нысандарының дайындығы тексерілді.
Жалпы жедел құтқару тобына ҚР ІІМ ТЖК-нің өңірлік жасағы, өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметі, медициналық орталығы бригадасы, сондай-ақ жергілікті күштік құрылымдар, облыстық, қалалық төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны жою комиссиясының өкілдері кіреді. Оқу-жаттығу барысында су тасқыны уақытында гидротехникалық құрылғылардың, көліктік коммуникациялардың, құлақтандыру жүйесінің төтенше жағдайларға әрекет етуі де бақыланады. Жедел құтқару тобының 56 техникасы тексеруден өтті. Олардың арасында жол талғамайтын көліктер (трикол, бронто), қайықтар мен салдар да бар.
– Су тасу кезеңіне дайындық және оқу-жаттығу үшін су басу қаупі бар аумақтардың, су өткізу орындарының, селге қарсы және басқа да инженерлік құрылғы қорғанысының, жүзу құралдарының сапасы анықталады. Жанар-жағар май, азық-түлік, дәрі-дәрмек, палаткалар қоры толықтырылуы керек. Аудандық және облыстық әкімшіліктерде тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылсын. Қардың еруі мен өзеннің ағысын тұрақты бақылаңыздар. Құм салынған қапшықтарда олқылықтар бар. Апат айтып келмейді. Жедел пайдалану үшін басқаша ұйымдастыру қажет. Дұрыстаңыздар! – деп ескерту жасады облыс әкімі.
Қазір күн жылынып сай-саладағы қардың еруіне байланысты өзен-көлдерде судың деңгейі көтерілген. Сондықтан бұл жолғы оқу-жаттығу барысында тасқынның алдын-алу жұмыстарына ерекше назар аударылады.
– Қандай жағдай болса да құтқару жасағы әр уақытта дайын. Сонымен қатар, барлық апаттық-құтқару қызметтері оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жылу жүйелері, газ құбырлары тексеріліп, құтқарушылар оқыс оқиғаларда жылдам әрекет ету үшін дайындықтарын пысықтады. Мұндай жаттығулар әр ауданда өткізіліп келеді және оның маңызы зор. Қар мол түскен Аманкелді, Жанкелдин аудандары біздің айрықша бақылаумызда, – деді Қостанай облыстық ТЖД басшысы Талғат Кәкімов.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.