Металлургия – нағыз ерлердің ісі

Қазақта «Еңбек етпесең елге өкпелеме, егін екпесең жерге өкпелеме» деген жақсы сөз бар. Бүгінде ерінбей еңбек етсең, кез келген мақсатың орындалары хақ. «ССКӨБ» АҚ Жентек өндіру фабрикасының жас маманы Сауытбек Бейсенбаев болашақта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтай биік белестерді бағындырсам дейді. Сондықтан да о бастан металлургия мамандығын таңдап, Рудный индустриялық институтына оқуға түседі. Өндірістік тәжірибені фабрикада өткен Сауытбек 2012 жылы қолына дипломын алып, ойланбастан кен алыбына агломератшының көмекшісі ретінде жұмысқа тұрады.1 Бүгінде ол аға өндіріс шеберінің міндетін атқарып жүр.
–Сауытбек жұмысқа келісімен өз ісіне ұқыпты, алғыр, болашағы зор маман ретінде көрсетті. Үнемі ізденіп, білімін жетілдіруге құлшынып жүреді. Мен оны 1-2 жылдан кейін одан да биік белестерден көретініме сенімдімін, – дейді күйдіру учаскесінің бастығы Виталий Несмиянов.
Сауытбектің жұмыс күні қол астындағы жұмыскерлерге тапсырма беріп, еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқаулық өткізуден басталады. Одан кейін өндірістік үрдісті дұрыс ұйымдастырып, берілген тапсырмалардың орындалуын қадағалайды. Ең бастысы, жас жігіт басшылық пен өз ұжымы алдында жауапкершілікті сезінеді.
–Өндірістегі еңбек қауіпсіздігі – маңызды міндет. Ұжымдағы әрбір жұмыскердің өміріне жауап беремін. Жалпы металлургияны нағыз ерлердің мамандығы деп санаймын. Себебі ол төзімділікке, табандылыққа, тапқырлыққа үйретеді, – дейді Сауытбек.4 (1)
Кейіпкеріміз фабриканың қоғамдық-мәдени және спорттық іс-шараларына да белсенді араласады. Бассейнде жүзіп, мамандығына байланысты әдебиеттерді оқытуды ұнатады. Өндіріс тірегі – білікті маман екені даусыз. Ұжымында абыройға бөленген жас жігіттің өндіріс дамуына қосар үлесі әлі алда деп сенеміз.
 
Қуаныш Есқабыл

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓