Жаһанды жанарына сыйдырған ғарышкер

Қазақстанның аспан түстес байрағын жеті қат көкке шығарып, Ұлы даланы ұлықтай білген азамат Айдын Айымбетов –  «Байқоңыр» айлағынан ғарышқа сапар шеккен үшінші қазақ. Естеріңізге сала кетейік, былтырғы жылдың екінші қыркүйегінде ол ресейлік Сергей Волков және Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты, даниялық Андреас Могенсенмен бірге «Союз ТМА-18М» кемесімен ұшқан.
Күні кеше әлемнің 545-ші ғарышкері Айдын Ақанұлы Қостанай өңіріне келді. Мұнда тұрғындармен жүздесіп, жастардың сұрақтарына жауап берді, қаланың көрікті жерлерін аралады, тіпті жас баланың тұсауын кесті. Ғарыш сапары мен алдағы жоспарлары жайында толығырақ мәлімет алу үшін Айдын Айымбетовке бірқатар сұрақ қойған едік.
ушкыш 2– Өлкеге қош келдіңіз! Еңбек жолыңыз тұтастай әуе және ғарыш қызметімен байланысты яки осы саланың сүрлеуіне кездейсоқ тап болмадыңыз. Қалай басталды?
– 1972 жылы Талдықорған облысына қарасты Өтенай атты ауылда өмірге келдім. Әкем Ақан шөп шабатын. Әрбір жаз сайын пішен басында болатынбыз. Бірде жаңа жиылған шөмеленің үстінде демалып жатыр едік. Күн ұясына батып, әдеттегідей жұлдыздар жарқырап тұрды. Кенет бір жұлдыздың ағып түскенін көре салып, әкемнен себебін сұрадым. Ол кісі күн жүйесі мен барша ғарыш әлемі жайында айтып берді. Қызыққаным соншалықты, осы кезден бастап қайтсем де ұшқыш боламын деген мақсат қойдым. Ол кезде ,қателеспесем, алты жаста болдым.
Сөйтіп, Талдықорған қаласындағы  № 20 орта мектепті алтын медальға бітірген соң, Кутахов атындағы Армавир жоғары әскери авиация училищесіне түстім. 1993 жылы «Командалық, тактикалық жою авиациясы» мамандығы бойынша бітіріп, ұшқыш-инженер маманы атандым. Жалпы, біздің кезімізде біреу ғарыш туралы әңгіме өрбітсе, барлық бала қызыға тыңдайтын, өздерінің арман-мұраттарын айта бастайтын. Керек десеңіз, Гагаринді пір тұттық.10004963
1993 жылы өзімді ғарышкерлер қатарына енгізу жөнінде өтініш білдірдім. Оған дейін Талдықорғандағы әуе базасында командир болып қызмет еткем. 470 сағат әуеде ұшып, парашютпен 360 рет секірдім. Өзіме нық сенімді едім. Бұйыртып, 2002 жылдың 9-қарашасында Қазақстан Республикасының ғарышкерлерінің қатарына қосылып, 2003 жылы медициналық тексеруден өтіп, жаттығу жұмыстарына кірістім. Ал, 2009 жылдың 15-желтоқсанында Мемлекеттік Ант қабылдап, «Қазғарыш» басшысының кеңесшісі ретінде қабылдандым. Содан кейінгі жылдары осы агенттікте бөлім басшысы, департамент басшысы сияқты бірқатар лауазымды қызметтерді атқардым. 2014 жылы оған ҚР Әскери-әуе күштерінің полковнигі атағын алдым. Осылай, бала кезгі арманым жүзеге асты дей аламын. Сонымен қатар, біраз жыл күреспен де айналысқан кездерім де болды. Қазір әскери жойғыш ұшақтарды басқаратын маманмын.
– Осы сапарға іріктелген 700 ғарышкердің ішінен таңдау сізге түсті. Іріктеу қалай жүргізілді?
– Жалпақ тілмен айтқанда, ғаламшардан ары асу үшін ғарышкерге қойылатын талап та зор. Сондықтан ол барлық жағынан сай келу керек. Әуелі, физикалық дайындық өте жоғары болу қажет. Спортпен күн сайын шұғылдандым.  Байқау кезінде, алдымен, медициналық тексеруден өтесің. Ең қиыны психологиялық тестілеу болды. Сауалдар күнделікті өмірден, ғылым-білімге қатысты қойылады. Мысалы, «сенде үш алма бар делік, ал оны төрт адамға қалай бөліп бересің» деген сұрақ болды. Психологтар тұрмыстық жағдайларда кездесетін жағдайларды молынан қолданды. Юрий Гагарин атындағы Ғарышкерлерді дайындау орталығында жаттығып, күшімізді сынадық.
– Ғарышқа ұшарда қандай да бір қорқыныш сезімін бастан кештіңіз бе?
– Оның алдында талай ұшу-жаттығуларынан  өтіп, бойдағы қорқынышымты жеңдік қой. Дегенмен, кемеге мініп, барлық люктер жабылып, алып машина от алғанда біраз елеңдегенімді жасырмаймын. Өйткені, салмағы 389 тонна, 200 миллион аттың күші бар алып зымыран дірілдеп, жерден көтерілгенде, оның күш-қуаты кімді болса да қобалжытар еді. Станцияға кірген кезден-ақ адам ағзасы ғарыштық климатқа бойын бірден үйрете алмайды. Негізгі фактор – салмақсыздық және ағзадағы қанның қайта алмасуы. Егер анықтап қарасаңыз, алғашқы телекөпір кезінде біздің басымыз үлкенірек болды. Дауысымыз да өзгеріске ұшырады, көздің қысымы жоғарылады. Бірақ та, оқыс жағдайларға қарамастан тәжірибе жүргізу қажет. Ғарышкерлер арасында «егер ғарышта тосын жайтқа куә болсаң, оны бірден психологқа айтпа» деген әзіл бар. Ғарыш кеңістігінде төтенше бір құбылысты көріп, куә болмадым. Бірақ солтүстік полюстің күн нұрына малынуы маған өте қатты әсер етті. Керемет көріністі тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Тек қана көру керек.IMG_5526
– Біршама ғылыми-тәжірибелік сынақтар жүргіздіңіз. Олардың маңызы қаншалықты? Осы сапарға кеткен шығын да аз емес дегендей.
– Бұл Қазақстан тарихында мәңгі қалатын айтулы оқиғалардың бірі болары сөзсіз. Әрине, жасыратыны жоқ, сапардың құны – 20 миллион доллар. Дегенмен, осынша қаржы кеткен жұмыс жемісін беретініне сенімдімін. Ғарыш кеңістігінде қазақстандық ғалымдардың тапсырысы бойынша физика-техникалық, медико-биологиялық 20-ға жуық ғылыми тәжірибе жүргіздім. Бұлардың бәрі отандық ғылымды дамыту үшін аса қажет жобалар. Соның ішінде мұздықтар мен «Кулон кристалдарын» етене зерттедім. Менің сапарымның негізгі міндеті психофизиологиялық тәжірибе: контент және өзара байланыс деп аталды. Бұл дегеніңіз ғарышкерлердің ұзақ сапардағы жұмыстарының жан-жақты байланысын зерттеу. Тәжірибе барысында кейбір заттардың тартылыс күшінен тыс ғарыш кеңістігінде қандай күйде көрінетінін бақылап, оны бейнетаспаға түсіріп, ғалымдарға жеткізіп бердім. Арал мен Каспийді суретке түсіріп, мониторингін жасау кезінде Қазақстанды алғаш бақыладым.  Иллюминаторда тұрып, объективке керек аудандарды сыйғызу керек еді, ал Халықаралық ғарыш стансасы (ХҒС) секундына 7,8 километрмен ұшты. Арал теңізін бірден бақыладым, мұнайлы өлкені табуда сәл еңбектенуді қажет етті. Арал теңізінен шаң-тозаң толқыны шығып жатыр. Соның әсерінен жақын аудандар залалдарға тап болуы мүмкін. Сондықтан да мониторинг жасау аса керек болды. ХҒС Жер шарын 92 минутта айналады. Керек ауданды түсіре алмай қалсам, тағы да сондай уақыт күтуге тура келеді. Он күнге созылатын сапар барысында басқа да физикалық-ғарыштық тәжірибелер мен экологияға қатысты мониторинг жүргізіп, шаңды дауылды зерттедім.
Таяуда бір ғалым ғарышта жүргізілген тәжірибенің арқасында ғылымда маңызды төрт ғылыми-зерттеу жұмысы қолға алынғанын айтып, қуантты. Сонымен қатар ультракүлгін сәулелерді сақтап алатын арнайы камерамен ғарыш кеңістігіндегі гамма сәулелерін түсіріп алдым. Бұл зерттеудің медико-биологиялық маңызы зор. Біздің ғалымдарымыз алдағы уақытта осы материалдарды пайдаланып, радиация сәулесін кең көлемде зерттейді. Ал тәжірибе жүргізу барысында ешқандай төтенше оқиға болған жоқ.
– Салмақсыздық жағдайындағы ұйықтау мен ас ішуде қиындық туды ма?
– Ғарыштағы алғашқы күндері ұйықтау мүмкін емес-тін. Өйткені ғарышта тартылыс күші болмағандықтан  күні-түні ауада қалықтап тұрасың. Әдетте біздер жастық жастанып, басымызды ыңғайымызша қисайтып, ұйқыға бас қоямыз ғой. Ал ғарышта қалаған жағыңа қисайып, бір бүйірмен ұйықтай алмайсың. Сондықтан ғарышта болған сәтімде жерде жатып мызғығанды қатты аңсадым (күліп). Станциядағы тоғыз адам ас ішуге жиыламыз кейде. Ал борттың еніне бес адам ғана сыяды. Ал қалған төртеуі жоғарыда қалықтап тұрып тамағын жейтін. Басында үйренісе алмадық. Кейіннен орындарымызбен ауысып, ауқаттанып жүрдік. Ал ауыр (салмақты) заттардың ауада қалқып жүретінін алдын-ала білеміз ғой. Бірақ, көзбен көрген мүлде бөлек екен, сол сәтте басқа әлемде жүргендейсің.
 
– Бос уақыт болды ма? Ғарыштан жерге қарағанда көкіректі бір керемет сезім кернеген шығар?!
– Әлбетте. Біздер атмосфера қабатынан өзге ғаламшарларды мүлде көре алмаймыз. Ғарышта мұндай кедергі болмағандықтан басқа ғаламшарларды анық көруге болады. Марс, Юпитер, Сатурн дәл қасыңда, қол созым жерде тұрғандай. Бос уақыт аз болатын. Ондай сәт туындай қалса, бірден  иллюминаторға тартатынмын. Жерге қарасаң, ешқандай шекара көрінбейді. Алпуыт елдер мен шағын мемлекеттерді ажыратқың да келмейді. Бәрі – біртұтас. Сол кезде «Жер – ортақ үйіміз, барлық ел бірлікте, ынтымақтастықта өмір сүрсе екен» дейсің.   Біздің экипаждағы тоғыз адам – бес елдің өкілі. Әрқилы діл мен діннің адамдары болсақ та, бізді байланыстырып тұрған – ғарыш. Біз – ғарышкерлерміз. Сондықтан да, сырлары ортақ бір отбасының балаларындай болдық. Бәріміз ағылшын тілінде сөйлестік. Мәселен, американдық ғарышкер Скотт Келли орбитадан байтақ Қазақстанның суретін түсіріп алды. Ал оның: "Қайырлы таң, Қазақстан! Ғарыш стансасында сенің төл балаң Айдын Айымбетовпен бірге ұшып келемін. Оның жағдайы жақсы» деп жазған блогын оқып, қатты риза болдым. Сол кезде елімнің маған артқан жауапкершілігін тағы бір мәрте ұқтым. Жалпы, қазақ жерінің табиғатын ғарыштан көру мүлдем басқа сезім. Ғарышта жұлдыздар әдеттегіден 15-20 есе үлкен әрі жарық екен. Осы кезде бала кезімдегі әкем айтқан оқиға есіме түсіп кетті. Мен осы сәтті көптеген жыл күттім. Арманым орындалды.  
– Ғарышта жүріп, жермен байланысты тоқтатпадыңыз. Барлық (сурет, бейне) жазбаларды Твиттер арқылы үш тілде жолдадыңыз. Халықаралық ғарыш стансасында ғарыштағы ғылыми бағдарламаны атқаруға кіріскеніңізді де әлеуметтік желілерден білдік. Сапар барысында жасалған «Дастархан-6» ғылыми тәжірибесіне тоқталыңызшы.
– Әрине, қазір ақпарат ғасырындамыз. Көрген-білгендерімді жерге жедел жіберіп отырғым келді. Бос уақытымда жұбайым Лилиямен, балаларым Әмір және Дианамен сөйлесуге тырыстым. Мен өзіміздің стансада тіршілікті қамтамасыз ету жүйесін зерттедім,  ал даниялық әріптесім Андреас Могенсен суды тазарту тәжірибесін өткізді. Бойға қуат беретін ұлттық тағамдардың адам ағзасына ғарышта қалай әсер ететінін тәжірибе жүзінде тексеріп көруім тиіс болатын. Жоспар бойынша бұл тәжірибе тек ресейлік экипаж мүшелерінің қатысуымен жасалуы керек болған. Алып барған тағамдарымды командирдің кеңесімен ХҒС барлық мүшелерімен бөлістім. Мәселен, таңғы асқа көже мен ірімшік, түсте жаңғақтар мен шай іштік. Құрамдағы американдықтар Скотт Келли, Челл Линдгрен және жапон азаматы Кимия Юи қазақ тағамдарын аса жоғары бағалады. Ұлттық тағамдарды Қазақ тағамтану академиясы жасады. Экипаж мүшелеріне қазақ тағамдары жайында айтып бердім. Мәселен, құрт. Ол біздің ата-бабаларымыздың аса сүйіп жейтін сүттен жасалған тағамы екенін айттым. Кейбіріне құртты тұз қосылған сүзбе деп те түсіндірдім. Ал ауылдағы әжелеріміз жасайтын кәнігі ірімшікке экипаж мүшелерінің барлығы қызықты. «Бірінші ас – қазақша дайындалған еттің құрғатылған түрі. Салмақсыздық жағдайында тамақ жеу үйреншікті іс емес. Ет дәмді, бірақ құрғақтау. Сорпа жетіспейді» деп жаздым желіде. Бие сүтін алып барғанымның да өзіндік себебі бар. Бұл сүтте жасанды синтезделген май болмайды, ал ол рак клеткалары ауруларына таптырмас ем. Менің жасаған тәжірибелерім қазіргі текті Қазақстандық ғалымдар институтының зерттелуінде.  твиттер 1
– Ғарыштан оралғаннан соң дүниетанымыңызда қандай да бір өзгерістер орын алды ма?
– Мен ғарышта өткізген онкүндікте көп нәрсеге көз жеткіздім. Асылы, жерді шеті мен шегі жоқ кең дүние деп елестетеміз ғой. Ал ғарыштан қарағанда жердің тұңғиық кеңістікте қорғансыз әрі нәзік екнідігін байқайсың. Сондықтан да жер шарын аялаудың маңыздылығын түсіндім. Барлық адам тату-тәтті, бірлікте өмір сүрсе дейсің. Осы тұрғыдан алғанда жан дүниемде біраз өзгерістер болды. Ал күнделікті өмірде де шамалы өзгерең дүниелерді байқай бастадым. Біріншісі – танымалдылық. Отағасы болғаннан соң, үй-жайға қажетті заттар іздеп дүкенге шығасың. Сол кезде жұрттың бір-біріне «Айдын Айымбетовты қара!» дегендерін естимін. Екіншіден, Халық қаһарманы – жоғарғы атақ. Мұның жауапкершілігі ауыр. Қызмет бабымнан бөлек, тұрмыстағы тірліктерім, тіпті, киім киісім де үлгі болуға тиіс. Ал қарапайымдылықты барлық жағдайда сақтауға болады.твиттер 2
– Қостанай жұртшылығымен кездестіңіз. Астықты аймақ несімен есте қалады деп ойлайсыз?
– Талантты тұлғалар өмірге келген өлкеге келгеніме қуаныштымын. Қостанай – ғарышкерлерді бірінші болып қарсы алатын облыс. Сондықтан да осы өңірден де ғарышкерлер шығады деп үміттенемін.
А.Байтұрсынов атындағы университетке ат басын тіреп, студенттермен жүздестім. Қазақтың бағына біткен тұлға Ахмет бабамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойдым. Қазіргі жастардың талғамын жоғары бағалаймын. Себебі, олардың қойған сұрақтарының салмағы жеңіл емес. Арасында, ғаламдық мәселелерді айтқан жастар болды. Ой-өрісі кең студенттерге ризамын. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық дәстүрі «Тұсау кесер» рәсіміне қатыстым. Жақында бір жасқа толатын кішкентай Бекнұрдың тұсауын кесіп, ақ жол тіледім оған. Бұл менің өмірімдегі бей-жай қалмайтын оқиғалардың қатарына кіреді деп ойлаймын. 
– Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?
– «Қазғарышта» қызметімді жалғастырамын. Сонымен қатар ғарышқа тағы бір мәрте ұшу ойымда бар. Тағы бір айтарым, қазақ азаматтары ғарышқа ұзақ мерзімге ұшқанын қалаймын. Ғарышты игеру – әлем елдерінің қолжетпес арманы. Мысалы, менімен бірге ұшқан ресейлік Геннадий Падалка бес рет ғарышқа ұшып, сонда 878 тәулік зерттеумен айналысқан. Біздің де қолымыздан күллі кеңістікті зерттеу, ғылыми жаңалықтар ашу келеді. Маңыздысы – бастамасы бар.
 
Қасқырбай Қойшыманов
 

You may also like...

7 Responses

  1. Махаббат айтты:

    Мақаланы оқып, өзім ғарышқа ұшып келгендей болдым! Бұл ақпаратты жеткізе алған журналисттің шеберлігі деп ойлаймын. Рахмет.  

  2. канат саметов айтты:

    жаксы ак окига жазылыпты. Жер расында да назик кой. Аялайык достар. Баримиз де жердин баласымыз. Ой салады кахарман аганын сози.рахмет.

  3. Дана айтты:

    Біздің ғарышкеріміздің түріне қарап ақылды кісі деп ойлайтынмын.Ал енді сөз саптауына қарап риза болдым: жазушылыққа жаны жақын секілді.Сөйлеу стилі жақсы, ой түйіндеуі ұшқыр,  білімді,ақжарқын, қарапайым, парасатты азамат.Көз алдыңа картинаны елестетіп әкеелтін қарымды қаламгер дерсің.Ол-қазақтың мақтан тұтарлық перзенті. Мақала жақсы жазылған.

  4. Аселя айтты:

    Дана, қаламгер жан жақты болу керек. Оларды сол ушин дайындайды бир жагынан. Оте узак жазылган. Кыскартылса жаксы еді

  5. Дана айтты:

    Аселя, (қазақы қисынға салсақ Әсел шығар,мүмкін)жөн айтасыз. Дегенмен, қысқа қылып жазатын себебі бар. Соңғы кезде "осы ғарышкерлер не бітіреді, капсулада он күн отырып алып қаһарман атанады" деген қызба, керітартпа пікір  әлеуметтік желіде көбейіп кеткен.Еріккенінен ұшпайды ғой. Білгісі келген, ғарыш түгіл ауыл-ауданнан аса алмай жүрген қазақтардың дүние көкжиегі кеңейсін деген болуы керек. Ал, жалпы сайттағы дүниенің газеттегіден ұзағырақ болуы қалыпты.

    • Аселя айтты:

      Дана, курбымсын ба немесе жасыныз улкен-киши шыгар балким. Бирак дурыс айтасыз, ауыл-ауданнан деген жерди. Биздин аркалыктын озинде сол проблема. Дегенмен, Костанай танындагы сонгы жариялангандарга конлим катты толады. олкылыктардын орнын толтырып келет. Басшылыкка айтарым, казирги кезде газет уакытындла келмиди. Жазыламыз, бирак номерлерди издеп журемиз сосын

  6. Шынар Сүткенже айтты:

    Бұ кісі қазақша білмейтін еді-ау, талай теледидардан "анау" тілде сайрады. Әлде сұхбат, ғылыми сұрақтар орыс тілінде қойылды ма?

Дана үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓