Қысқы балдағы қайырымдылық
Бүгін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті қысқы балл салтанатты іс-шарасын өткізді. Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған балда 42 жұп өнер көрсетті. Қатысушылардың бәрі студенттер. Сондай-ақ лейкоз дертіне шалдыққан Айша Қабылбековаға көмек ретінде қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.
Қысқы балл шарасы былтыр Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған болатын. Биыл ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қостанай облысының 80 жылдығына орайластырылып отыр. Студенттер бидің үш түрінен (классикалық, заманауи және ретро) өнер көрсетті. – Биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл және Қостанай облысының құрылғанына 80 жыл. Салтанатты шараны ұйымдастырудағы мақсат студенттердің арасында еліміздегі маңызды мерейтойлық даталарды насихаттау. Қысқы балға кастингтен өткен, іріктеліп алынған қатысушылар ғана шақырту алды. Олар екі ай бойы дайындалды,-деді ҚМУ жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Болат Қалиев. Іс-шараның аясында лейкоз дертіне шалдыққан төрт жасар Айша Қабылбековаға көмек ретінде қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Банктік есеп-шоттың номері жазылған жәшік орнатылды. Төрт жасар Айша қазір Астанада емделіп жатыр. Балақайдың денсаулығына қатысты нақты пікір айту қиын. -Айшаның еміне бүгінгі күнге дейін алты миллионға жуық ақша жиналды. Мен үшін жат болып келген адамдар қиналған сәтте қасымнан табылып, жақын досқа айналды. Осының өзі көңілге медеу, үміт сыйлайды. Қайырымды адамдармен кездесу маған да күш береді,-деді Айшаның әкесі Батырбек Қабылбеков.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.