Ветеринария қызметі қорытындыланды
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен «Облыстық ветеринария қызметінің 2015 жылғы жұмыс қорытындылары және 2016 жылға арналған міндеттері туралы» кеңес өтті.
Бұл кеңеске ҚР АШМ ВБжҚК Республикалық зертханасының Бас директоры Айгүл Ахмеджанова, «Қазагромаркетинг» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Дәуітов, «Қазагромаркетинг» АҚ Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Алтынай Асылбаева басқарма басшылары, аудан әкімдері, село әкімдері қатысып, бүгінгі ветеринария саласындағы кейбір түйткілдердің шешілуі жайында пікірлесті.
Қостанай облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Берікжан Қайыпбай өңірдегі ірі қара малы аурулары көп тіркелген аудандардың хал-ахуалына тоқталып, қаншалықты қаржы берілгендігін талқыға салды.
Ал, Айгүл Ахмеджанова әрбір тіркелген мал ауруларының зертханада қалай зерттелетіні, ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринария комитеті ұсынған кейбір жаңа стратегияларды ауыл ветеринары білмейтіндігін айтты.
Бұл пікірді ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық қадағалау комитетінің Қостанай облыстық аумақтық инспекциясы басшысы Оразбек Батырбеков те құптап, біраз мәселелерді тізбектеп өтті. Әсіресе, Ресей еліне жөнелтілетін ет өнімдеріне құжатты дұрыс рәсімдемейтіндері, әр құжатқа мұқият ден қою керектігі тәрізді жайттарды жеткізді.
Мәжіліс соңы ветеринария мамандарының семинарына ұласты.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.