Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай А.Имановтың мұражайы мен ескерткіші жөнделеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай Амангелді Иманов атындағы музей мен батырдың ескерткіші жөнделеді. Музейді қайта жөндеу үшін облыс бюджетінен 12 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл туралы бүгін Астанада журналистермен кездескен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов мәлім етті.
«2016 жылы ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толады. Бұл маңызды оқиға. Осыған орай арнайы іс-шараларымызды бекіттік. Ең басты мақсат – жүз-жүзден киіз үй тігіп, тойлау емес, оқиғаға мән беру, жастарға рухани тәрбие беру. Елбасының тікелей тапсырмасы бар. Осы бағыттағы жұмыстарды көп қаржы шығармай атқарамыз», – дейді әкім.
А.Мұхамбетов хабарлағандай, Амангелді Иманов атындағы орта мектеп келесі жылы «Жол картасы-2020» бағдарламасына еніп, жөнделеді. Ал Амангелді Иманов атындағы мемориалдық музей 12 млн теңге қаржыға жаңғыртылады. «Амангелді Имановтың ескерткіші де көркейеді»,-деп атап өтті әкім.